Соңғы кездері қоғамымызда ажырасудың көбеюі күрделі әлеуметтік мәселенің ушығуына ықпал етті. Яғни алимент берешегі барлардың саны артып, алимент төлеуден жалтарып жүргендердің жауапкершілігін жоғарылату үшін түрлі шаралар қабылданып жатыр. Соның ішінде шекарадан шығуға тыйым салу, есепшоттарын бұғаттау секілді тыйымдар қарастырылған.
Осы орайда айта кетсек, алимент дегеніміз – «Неке және отбасы кодексіне» сәйкес, бір адамның басқа оны алуға құқығы бар адамға беруі міндетті ақшалай төлем. Ол көбінесе балаларды асырау үшін беріледі. Алайда кей жағдайда өзін асырай алмайтын ерлі-зайыптының біреуіне немесе ата-анаға төленуі мүмкін.
Қамқорлықта, қорғаншылықта немесе патронаттық тәрбиеде болатын балалар, сондай-ақ асырап алынған балалар да алиментке құқылы. Кодекстің 6-бабына сәйкес, балаға алимент ретінде тиісті сома баланың ата-анасына немесе басқа заңды өкілдеріне түседі және қаражат баланы асырауға, біліміне және тәрбиесіне жұмсалады. Кәмелетке толмаған балалар туралы кодекстің 20-бөліміне сәйкес, ата-аналар алимент төлеу туралы келісім жасауға құқылы. Некені бұзғанда сотта келесі келісім қаралады: кәмелетке толмаған балалардың кіммен тұратыны; балаларды немесе еңбекке жарамсыз зайыбын асырауға алименттерді төлеу тәртібі;
балаларды асырауға төленетін алименттердің мөлшерлері; мүлікті бөлу мәселесі.
Егер осындай келісім ерлі-зайыптылар арасында болмаса немесе ол балалардың, ерлі-зайыптылардың бірінің мүдделеріне қайшы келсе, онда осы мәселелер бойынша шешімді сот шығарады. Ата-ана құқығынан айырылған ата-аналар да алимент төлеуге міндетті.
Алимент төлеудің екі тәсілі бар – ерікті және мәжбүрлі.
Ата-аналар балалардың қажеттілігіне қарай қосымша қаржы төлеп отыруы мүмкін. Мысалы, баланың ауыр ауруға шалдығуы, кәмелетке толмаған балалардың мертігуі, ерекше күтімді қажет етуі немесе кәмелетке толса да, еңбекке жарамсыз болуы. Бізде ең төменгі алимент мөлшері бір балаға – 15 мың теңгені құрайды. Бұл ең төменгі жалақының төрттен бір бөлігі. Яғни, бір балаға – алимент төлеуші тараптың ай сайынғы табысының төрттен бірі, екі балаға – үштен бірі, ал үш немесе одан да көп балаға табысының жартысы берілуі керек. Болашақта қаржылық және отбасылық жағдайға байланысты бұл сома әртүрлі болуы мүмкін.
Сот тәртібімен өндіріп алынатын алиментті төлеу мына жағдайларда тоқтатылады:
- бала кәмелетке толғаннан кейін немесе кәмелетке толмаған балалар кәмелетке толғанға дейін немесе алимент төлеу туралы келісімде көрсетілген жасқа толғанға дейін толық әрекетке қабілетті болған жағдайда;;
- асырап-бағуға алимент өндіріп алынған баланы асырап алған кезде;
- сот алимент алушының еңбекке қабілеттілігін қалпына келтіруді немесе көмекке мұқтаждығын тоқтатуды таныған кезде;
- еңбекке жарамсыз, бұрынғы жұбайының көмегіне мұқтаж алимент алушы жаңа некеге отырғанда (ерлі — зайыпты болғанда);
- алимент алушы адам немесе алимент төлеуге міндетті адам қайтыс болған жағдайда тоқтатылады.
Бакиева Салима Абдурахманова, Алмалы ауданының №2 аудандық сотының судьясы