ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында елімізде АЭС салу бойынша ағымдағы жылдың 6 қазанында жалпыұлттық референдум өткізу туралы шешім қабылдаған болатын. Бұл референдумның Тәуелсіз Қазақстанның болашағы үшін стратегиялық маңызы зор. Сондықтан еліміздегі беделді саяси және қоғамдық ұйымдар АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабқа бірікті. Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың алғашқы отырысын өткізді. Оның құрамына 6 саяси партияның, сондай-ақ шамамен 20 республикалық қоғамдық бірлестіктің 250-ге жуық өкілі кірді. Дәл осындай халықтық штабтар өңірлік деңгейде де құрылған болатын. Еліміздің батысында, Жайық бойын жайлаған өңірде осы мақсатта қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Осы және өзге де сауалдарға жауап беруді өтініп, Батыс Қазақстан облыстық халықтық штабтың төрағасы Мұрат Мұқаевты сөзге тартқан едік.
— Мұрат Рахметұлы, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев кезекті Жолдауында еліміз үшін атқарылуы тиіс маңызды міндеттердің бірі ретінде атом электр станциясын салу мәселесін қойды. Осы орайда Батыс Қазақстан облысында құрылған штаб қандай жүмыстар атқарып жатыр?
– Иә, қазіргі таңда АЭС салу еліміз үшін аса маңызды болып тұр. Штабтың мақсаты – халықты атом электр станциясын салу жөніндегі прогрессивті идеясының айналасында топтастыру. Бұл туралы Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Штабтың алғашқы отырысында мәлімдеді. Мәжіліс Төрағасы: «АЭС құрылысы – бұл Қазақстанның алдағы ұзақ жылдардағы табысты дамуының кепілі болатын серпінді жоба. Еліміздегі және әлемдегі барлық озық ойлы тұлғалар атом энергетикасын пайдаланудың тиімділігін жақсы түсінеді. Бұл – ең алдымен, қауіпсіз, сенімді, экологиялық таза жоба. Біз үлкен таңдау алдында тұрмыз. Сондықтан Халықтық штабтың міндеті – ел арасында кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қоғамды АЭС-ті қолдауға жұмылдыру. 6 қазанда өтетін референдум біздің бірлігімізді көрсетеді», – деген болатын. Осы орайда Батыс Қазақстан облыстық халықтың штабы өз жұмысын ағымдағы жылдың 9 қыркүйегінде бастады. Штаб құрамына 50-ден астам облысқа танымал белсенді тұлғалар енді. Оның ішінде түрлі партия өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың, кәсіподақ орталығының, халықаралық құқық қорғау орталығының, азаматтық альянс өкілдері, ғалымдар, эксперттер, энергетика, газ саласының, экспертиза және сертификация ұлттық орталығының, мамандары, энергетика саласының ардагерлері, азаматтық белсенділер, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары және журналистер бар.
Негізгі мақсатымыз – халықты атом электр станциясын салу жөніндегі прогрессивті идеясының айналасында топтастыру, қоғамға АЭС салудың маңыздылығы мен артықшылықтарын жеткізу, жұрт арасындағы негізсіз үрейлерді сейілту. Бұл бағытта штаб мүшелері өңірлердегі сайлаушылармен жұмысын бастап та кетті. Облыстық халықтық штаб өкілдері Батыс Қазақстан облыстық желілік кестеге сәйкес өткен аптада, яғни 9-14 қыркүйек аралығында 263 іс-шара өткізіп, 11 мыңнан астам адаммен кездесті. Кездесулер түрлі форматта өтіп, әртүрлі салаларды қамтыды. Мәселен, білім, медицина, мәдениет, спорт, энергетика, әлеуметтік, өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының қызметкерлері, сонымен қатар, қызмет көрсету саласының өкілдері, кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметкерлер, студенттер, жұмыссыздар, зейнеткерлер, ауыл тұрғындары, халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдерімен кездесулер өтті. Сондай-ақ, кәсіпорындарда жұмысшылардан құралған бірнеше халықтық штаб құрылды. Мәселен, «ЖайықТазаҚала» ЖШС жанынан сол мекеме қызметкерлері арасында түсіндіру жұмыстарын өткізу мақсатында 40 адамнан тұратын штаб құрылған. Сонымен қатар, «ЖайықЖылуҚуат» мекемесі энергетика саласына тікелей қатысты болғандықтан, 1 мыңнан астам қызметкерлерге АЭС туралы кеңінен түсіндіру мақсатында өндіріс ошағында мекемедегі сарапшылар мен қызметкерлерден құралған халықтық штаб құрылды.
– Ел-жұрттың көкейіндегі сауалдарға жауап беру үшін штаб мүшелерінің өздерінің де осы сала бойынша білімі болуы заңды. Осы орайда қандай шаралар қолға алынуда?
– Ең бірінші кезекте адамдар бізге тағы бір электр станциясы не үшін қажет екенін, ал содан кейін неге нақты атом электр станциясы керектігін түсіну қажет. Сондай-ақ бұл жерде адамдардың жай ғана пікірі емес, техникалық тұрғыда түсінігі бар және технологиялар мен отынның әртүрлі түрлерін қолдану арасындағы айырмашылық туралы ақпарат бере алатын мамандарды, соның ішінде энергетика саласының бұрынғы тәжірибелі қызметкерлері жүргізетін түсінік жұмыстарының маңызы зор. Олар қазіргі уақытта Қазақстан үшін АЭС-тың қаншалықты тиімді екенін жан-жақты түсіндіре алады.
Осы орайда АЭС эксперттерін шақырып, өңірлерде оқыту курстарын өткізуді қолға алып жатырмыз. Облыстық, қалалық, аудандық халықтық штаб мүшелеріне жан-жақты түсінік беру үшін «Ядролық физика институты» РМК Ядролық радиация және экологиялық қауіпсіздік департаментінің директоры Мұрат Шәкенұлы, «Ядролық физика институты» РМК жетекші ғылыми қызметкері Данияр Маралұлы сияқты мамандар арнайы шақырылып, семинар өткізді.
Сондай мамандардың бірі – Орал өңіріндегі энергетика жүйесінде ұзақ жылдар қызмет атқарған Виктор Владимирович Графкин. «АЭС-тан үрейленудің қажеті жоқ. Бүгінде қалдықсыз өндіріс, жабық цикл, уранды көмбей-ақ соңына дейін өндіру сынды жылдам электрондар әдісі қолданылады. Бұл дегеніміз – қалдықтардың сәулелену қаупі жойылады деген сөз. Қазақстанның оңтүстік өңірлері үшін электр энергиясының тапшылығы бойынша жағдай өте күрделі, ал үлкен АЭС құрылысы – осы тығырықтан шығаратын жол. Шағын станциялар Екібастұз сияқты шағын қалалар немесе ЖЭО үшін жақсы, алайда олар тұтыну қажеттілігін өтеуге қабілетсіз», – дейді Виктор Владимирович.
Бүгінгі таңда энергетикалық тәуелсіздік мәселесі күн тәртібінде алғашқы орынға шығып отыр. Әлемнің озық елдерінің тәжірибесі атом энергетикасының тиімділігі мен қауіпсіздігін айқын дәлелдейді. Қазіргі уақытта Қазақстан электр энергиясының тапшылығын сезінуде және оны көрші елдерден импорттауға мәжбүр.
Ұрпағымыздың қуатты және ешкімге мұқтаж болмайтындай тәуелсіз мемлекетте өмір сүргенін қалаймыз. АЭС салу туралы шешімді қабылдай отырып, біз осы асқақ арманымызға қарай қадам жасаймыз. Біз елдің энергетикалық тәуелсіздігін шегелеп бекітеміз. Болашақ ұрпаққа энергетикалық тұрғыдан тәуелсіз, яғни экономикасы тұрақты және өркендеген Қазақстанды мұра етіп қалдырамыз. Бұл тарихи шешім Әділетті Қазақстанды құру жылнамасындағы жаңа парақшаға айналатыны анық.
— Мазмұнды әңгімеңіз үшін рахмет!


