Жолдау – әр салаға қозғау салатын, әр құрылымның жұмысына жан бітіретін, әр адамның болашаққа деген сеніміне қанат бітіретін стратегиялық маңызы бар құнды құжат. Сондықтан да болар, Мемлекет басшысы халыққа арнайтын Жолдауды баршамыз үлкен үмітпен күтеміз.
Жыл сайынғы Президент Жолдауларында құқық қорғау, сот саласының жетістігін дамытып, кемшілігін түзеуге, жұмысын жандандыруға қатысты мәселелер назардан тыс қалған емес. Тіпті биылғы Жолдаудың тақырыбының өзі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп аталып, мемлекеттің ілгерілеуіндегі негізгі басымдық әділдік, заң мен тәртіп өлшемдерімен тамырлас екені көрсетілген. Былтырғы Жолдауда да Мемлекет басшысы сот пен күштік құрылымдарға нақты міндеттер артып, азаматтардың құқығы мен бостандығын мінсіз қорғау мақсатында құзырлы органдарға бірқатар заңдарды жаңғыртып, біраз құқықтық құжаттарды дайындауға тапсырма берген болатын. Президент тапсырмасы нәтижесіз емес. Айталық Парламенттің екінші сессиясында 102 заң қабылданған. Оның ішінде қоғамдық бақылауға, адам саудасына қарсы күреске қатысты заңдар бар. Сондай-ақ ғылым және технология саясатын, жылу энергетикасын, басқа да мәселелерді реттейтін заңдар күшіне енді. Әлеуметтік салаға, әсіресе, әйелдер мен балаларды қорғау ісіне, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тосқауыл қоюға айрықша көңіл бөлінді. Сонымен қатар, Ұлттық қордан балалардың есепшотына қаржы аударуға қатысты заң қабылданды. Балаларды құмар ойынға тартқандар әкімшілік заң бойынша жазаға тартылатыны да нақтыланды. Осының бәрі Әділетті Қазақстанның негізі жасалып, заңдық базасы қалыптасып жатқанынан хабар береді. Биылғы жылы осы бағыттағы іс-шараларды әрі қарай сәтті жалғау керек.
2 қыркүйек күні Парламент палаталарының бірлескен отырысында таныстырылған жаңа Жолдауда заң мен тәртіп мәселесі қамтылған. Құжаттың тоғызыншы тарауының өзі «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажет» деген биік межені белгілеп отыр. Биылғы жылы алаяқтық қылмысын тежеу, мектептерде, жоғары оқу орындарында қаржылық және цифрлық, құқықтық сауаттылық негіздерін үйрету бойынша пәрменді шаралар қолға алынбақ. Бұл азаматтардың әртүрлі алаяқтар құрығына түсіп қалмауы үшін керек. Сондай-ақ, «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заң жобасы әзірленуде. Осы заңның талаптарын орындау үшін қоғам мен мемлекеттік аппарат күш жұмылдыруы кезек күттірмейді.
«Кез келген қоғамның, соның ішінде біздің қоғамның да басты ұғымдарға негізделген сұраныстары – әділдік және қауіпсіздік. Осы негізгі сұраныстардың толығымен өтелуі мемлекеттің тиімді жұмыс істейтінін айқын көрсетеді» деген Мемлекет басшысы ел игілігі үшін баршамыз тізе қосып, бірігіп қызмет етуіміз керектігін қадап айтты. Ел іргесі мықты, ел еңсесі биік болсын десек, Жолдаудағы тапсырмалардың сәтті жүзеге асуына баршамыз атсалысуға тиіспіз.
Гульжан Имансерикова,
Алматы қаласы
Әуезов ауданы №2 сотының судьясы