12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ әлде күз келгенде аспан қоюлана түседіме даланы лезде қараңғылық басты. Үйдің ішіне сырттан кіргенде дәмді тамақтың иісі бірден сезіледі. Қарындары ашқан балалар бірден дастарханға отыруға асықты.

Алты жасар Естай әкесі келмей ас ішуді бастамайтынын жақсы білетін. Әкесінің үйге келуін анасымен бірге күтіп, алдынан жүгіріп шығатын да Естай.

Кейде өзінің әкесін соншалықты жақсы көретінен өзі ыңғайсызданатын, себебі ағатайы мен әпкесі әкелерін  жақсы көрмейтін секілді.

Ащы судан ішіп келген күндері сүйікті әкесі Естайдан басқасының бәрін аямай ұрып соғатын. Анасын, әпкесін, тіптен Жалғас ағасында. Бірақ ағасының бойы әкесімен теңескен соң бұрынғыдай қатты ұра алмайды.  Естай кішкентай болған соңба, әлде әкесі өзіне деген ерекше мейірімді сезген соңба кенже баласына қол көтермейді. Алайда әкесінің қатыгездігі отбасындағы тыныштықты бұзып, әрбір кештің қорқыныш пен белгісіздікке толы болуына себеп болды. Бала болса да үйіндегі  ауыртпалықты сезініп, отбасындағы зорлық-зомбылықтың әрдайым қайталануынан қорқып өсті.

     Әкесі әдеттегіден ерте қелді. Естай алдынан жүгіре шығып мойнына асылды. Аузынан шығып тұрған ащы иістен бетін тыжырайтып, тезірек қасынан кетуге асықты. Ақырындап таяғымен келіп жайылған дастархан басына жайғасқан әкесінің ішімдікке лық тойып, гәпіргеніне үйренген балалар құйылған асты ішіп, тезірек тұрып кетуге асықты.

    Сара – көз тартарлық сұлулық иесі. Оның бота көздері, найзадай қайырылған ұзын кірпіктерімен, көзіне түскен көзілдіріктің арғы жағынан мұң мен қайғының лебін сездіріп тұрғандай. Бұл көздерден бейнебір жанұшыра көмек сұрап тұрған жанның жанайқайы байқалады. Толқынды, жұмсақ шаштарын жинап, желкесіне түйіп қойса да, шаштарының бірнеше бұйрасы тыңдамай, еркін жайылып тұр. Табиғатынан нәзік, толған айдай әппақ келіншек, осындай маскүнем еркектің қасында қалай тап болды екен деп ойларсың. Сұлулығы мен нәзіктігі оны бөтен, қатал әлемнен құтқаруды сұрап тұрғандай.

    Мақсат бір кездері тепсе темір үзетін өр мінезді, қайратты жігіт болатын. Ішімдік дегенге мүлде жоламайтын, парасатты жан еді. Ал Сара болса жетімдер үйінде өскен, өзіне сенімсіз, өмірдің қатал сынынан өткен қыз. Мақсат оның құтқарушысы, арқасүйер азаматы болатындай көрінді. Беймәлім сезімге ерік беріп, өзінен бірнеше жас үлкен, оның үстіне әйелі қайтыс болған, бір баласы бар еркекке тұрмысқа шықты. Анасыз қалған баласына қамқор болып бар мейірімін сыйлады. Күйеуіне де жақсы әйел болуға тырысты.

    Жас ұлғайған сайын, тұрмыс тауқіметі әйелдердің сұлулығын алатыны белгілі, бірақ Сараның бойындағы сұлулық солмады. Керісінше, оның тартымдылығы уақыт өткен сайын арта түсті. Оның бойындағы табиғи сұлулық пен нәзіктік кез келген адамды өзіне баурап алатын. Тек ер адамдар ғана емес, қарттар да, балалар да, тіпті жануарлар да оның жанында болуды қалап тұратын.

    Сара мен Мақсаттың тұңғыштары дүниеге келгенде, олар өздерін ең бақытты жандар санайтын. Бірақ уақыт өте келе, Мақсаттың Сараға деген сезімдері қызғанышқа айналды. Әйелінің сұлулығын басқалар түгіл, өзінен де қызғанатын күйге жетті. Сараның кірпияз мінезіне тәнті болып, оған мақтау айтқан адамды көрсе, Мақсаттың іші алай-дүлей болып, өздігінен ашуға булығып, жанжал шығаратын . Сараның айналасындағы адамдардың оған деген сүйіспеншілігі мен құрметі Мақсаттың жүрегіндегі қызғаныш отын лаулатып, олардың қарым-қатынасын қиындата бастады.

Мақсат өзін әйелінің алдында әлсіз, бейшара сезінгісі келмеді. Ол неге екенін өзі де түсінбейтін, бірақ әйеліне деген махаббат біртіндеп өшпенділікке айналып бара жатты. Сараның сұлулығы мен мейірімі оны таңғалдырса да, Мақсат оған лайық емес екенін сезініп, ішкі қыжылмен арпалысатын. Әйелінің барлық қорлығына төзіп жүргені оның ашуын одан сайын өршітті. Сара барлығына шыдады, тіпті, Естайдың дүниеге келуі олардың қарым-қатынасына өзгеріс әкелетіндей көрінді. Бірақ бұл үміт ұзаққа созылмады.

Мақсат бірте-бірте ішімдікке құмарлана бастады. Әр ішкен сайын оның әйеліне деген қатыгездігі арта түсті. Сүйікті әйелі енді соққыға жығылатын, ал Сара бұған шыдаған сайын, Мақсаттың озбырлығы күшейе берді.

   Бір күні ол ішімдікке сылқия тойып келіп, ұйықтап жатқан Сараның бетіне үңілді. Ай сәулесі әйелінің жүзін ерекше нұрландырып тұрғандай , бірақ бұл көрініс оның қызғаныш пен өшпенділік сезімін оятты, өзіне тосқауыл бола алмады. Тиісерге сылтау таппай, Мақсат қолына сақал қырғышты алып, әйелінің бетін осып жіберді. Талай рет басынан алған соққының салдарынан Сара Естайды босанар сәтте көзіне зақым келтіріп, көру қабілеті нашарлаған еді.  Бірақ қалың көзілдірік те оның табиғат берген сұлулығын жасыра алмады. Оның сұлулығы мен шыдамдылығы бәрібір де көздің жауын алып, айналасындағы адамдарды өзіне тарта берді. Сараның өмірі қиындыққа толы болғанына қарамастан, оның бойындағы нәзіктік пен қайсарлық бақытты өмірге деген сенімін жоғалтпады.

   Дастархан басындағы ауыр үнсіздік әдеттегідей Мақсаттың ашу-ызасына ұласты. Қасындағы балалар да, Сара да оның кезекті жарылысын күткендей, үреймен қарап отыр. Жалғас пен Сәбира дастарханнан тұруға әрекеттеніп еді, Мақсат қолындағы таяғын жерге гүрс еткізді. Бұл оның «Орындарыңнан қозғалмаңдар» деген бұйрығы еді. Сара әлдене айтпақ болып аузын ашқаны сол, Мақсаттың таяғы оның бетінен салып өтті. Көзілдірігі бір сәтте қанға боялды. Бұрын-соңды анасын мұндай күйде көрмеген Сәбира шыңғыра жылады. Жалғас әкесінің әйеліне қарай төнген қимылына тосқауыл болуға тырысты, бірақ күші басым ересек адам оны итеріп тастап, Сараны одан әрі ұра берді. Болып жатқан сұмдыққа шарасыз қарап қалған Естай өксігін ішіне жұтып, көз жасын әкесіне көрсетуден қорықты. Қаны сорғалап, есінен танып құлаған анасының үстіне әкесі тағы да тепкісін жаудырды. «Неге? Не үшін?» деген сұрақтар балалардың санасында мәңгі қалғандай.

   Сара талықсып, орнынан құлады. Бұл сәтте Жалғас даусын көтеріп, Сәбираға: «Тезірек жәрдем шақыр!» — деп айғайлағаны сол, әкесі талып жатқан әйелін одан сайын тепкіге салды, оның не үшін және не себептен мұндай зұлымдыққа баруы түсініксіз еді. Жалғас, он алты жасар жеткіншек, әкесіне алғаш рет қарсы шықты, өгей анасын арашалау үшін қол көтерді. Көз жасына ерік берген Естайдың есінде қалғаны осы ғана.

                                                           ***

     Қайсенов Абылай Әзімханұлы – 48 жастағы тәжірибелі тергеуші. Ол ауыр қылмыстарды ашудағы жетістіктерімен танымал және өз жұмысын шын жүректен сүйеді. Әрбір істі қолға алғанда нәтижеге қол жеткізбей тоқтамайды. Қайсеновтың мінезі қатал әрі бірбеткей, екіжүзділікті жек көреді. Өз пікірін ашық білдіреді, бұл қасиеттері оның майор шенінен жоғарылауына кедергі болса да, мықты тергеуші ретінде  кәсіби беделіне  кедергі емес.

Жақында ғана келген стажер Берік бастапқыда Абылайдың кабинетіне кіруден қорқып, бір апта бойы әрең жүрген еді. Қатал мінезді тергеушіге жақпай қаламынба деп алаңдаған жас маман үшін Абылай аңыз адамдай көрінетін. 90-жылдары ол дүниеге келмей жатып, адам жегіш Николайдың ізіне түсіп, үш жыл дегенде қолға түсірген. Одан кейін мафия әлемінің азуы терең ағайынды төрттіктің заң алдында жауап беруі де осы Әзімханұлының еңбегі еді.

Есік алдында тұрған жігітті байқап, тергеуші қатқыл дауысымен: — Кір, неғып тұрсың? — деді. — Бұдан былай менің қарамағымдасың, — деп қосты.

Өзіне сенбей сасқан Берік қағаздарын жерге шашып жібермей ұстап үлгерді.

  • Мынау сіз сұратқан қағаздар, барлығын дайындадым, — деді Берік тергеушінің сұсты көздеріне қарап.

Абылай ішінен: «Жас болса да, алысқа баратын жігітке ұқсайды», — деп ойлады да, стажер әкелген қағаздарды асықпай қарап шығуға кірісті.

Кеше қала сыртындағы бөгет жағасынан ер адамның мәйіті табылды. Жас шамасы 45-те. Суға тұншығып өлгенге ұқсайды, алайда басынан қатты затпен жарақат алған. Оң аяғында зақым бар, бірақ ол бұрыннан бар секілді. Қалтасындағы заттары түгел, ұрлық емес. Мәйіттің кім екендігі анықталып, жақындарына хабар берілді. Былай қарасаң, бұл қылмысқа ұқсамайтын жағдай. Ішімдікке сылқия тойған адам суға шомылуға кіріп, батып кеткендей көрінеді. Алайда басынан қатты затпен ұрған, оны тергеуші өз көзімен көрді. Мәйітті бірден экспертизаға жіберген еді, қан құрамынан көп мөлшерде алкоголь анықталды.

   Тергеушінің жиырма жылдық тәжірибесімен іс тым қарапайым көрінгенімен, шын мәнінде бұл жағдай қарапайымнан әлдеқайда күрделі. Абылай барлық деректерді мұқият зерттеп, істің түп-тамырын ашуға кірісті.

  • Отбасын, жұмыс жасаған жерін, достарынан жауап алу қажет.
  • Мен барлығын тексердім, — деді  стажер тергеушінің ойын оқығандай.
  • Ия, содан?
  • Симаков Асхат, 45 жаста. Әйелі, үш баласы бар. Тұрақты жұмысы жоқ, әр жерде жалданып қара жұмыс істейді. Тапқан ақшасының басым бөлігін ішімдікке жұмсайды. Сол күні үйіне қонбаған, бұған дейін де осындай әдеттері болғандықтан, ешкім оны күтпеген. Сағат түнгі 22:00 шамасында жүк түсіріп, ақшасын алып, екі аялдама жердегі «Смак» сыраханасына барып бес бокал сыра ішкен. Жанында ешкім болмаған. Түнгі 23:45 шамасында сыраханадан жалғыз шыққан. Одан кейін оны ешкім көрмеген. Қала сыртына не үшін барғаны белгісіз, мүмкін біреу шақырған болар. Ешкіммен жанжалдаспаған. Көпшілік оны тұйық адам деп сипаттайды. Тағы бір жағдай, екі ай бұрын аяғын  сындырып,  содан берітаяқ ұстайды.
  • Оқиға орнында ешқандай таяқ болмадығой?
  • Болмады. Мүмкін оны сол таяқпен ұрып..
  • Мүмкін. Оқыста ішкен адамды өлтіріп, суға лақтырған секілді.- деді майор.
  • Мен олай ойламаймын.
  • Түсіндір.
  • Көршілерінің айтуынша  бір апта бұрын Симаков әйелін қатты соққыға жығып сабаған. Бірнеше күннен соң есін жиған әйел ауруханадан қашып кеткенге ұқсайды. Ешқайда арызданбаған.
  • Сенің ойыңша Симаковты әйелі өлтіруі мүмкінбе?
  • Әйелінің өзі болмаса да сыбайласы болуы мүмкін.

   Жаңа ғана қызықсыз көрінген маскүнемнің ісі енді жаңа бір көрініс алғандай. Абылай іштей стажердың тапқырлығына тәнті болса да, онысын білдіруге асықпады. Қандай болса да қылмыстың аты қылмыс, тергеуші оның түбіне жетуі қажет. Ілгіште тұрған қалпағын басына киді де, «Не қарап тұрсың, кеттік» -деді. 

    Сара жыламады. Денесі әлі суи қоймаған күйеуін жоқтап, өтірік те болса көзіне жас алмағанына Абылай таңырқай да, сүйсіне де қарады. Болмысы нәзік болса да, мықты әйел деп ойлады ішінен. Маңдайындағы қанталаған тыртық әлі де көрініп тұр. Көзінің астындағы көгерген іздер көзілдіріктің арғы жағынан сығалап тұрғандай. Сұлу бейнені қанша бұзуға тырысса да, бетіне тыртық пен сызат түсірсе де дегеніне жете алмағандай. Гаухар тасты қанша лайласаң да, сындырсаң да ол гаухар боп қала береді. Сараның бейнесін дәл сол гаухарға теңеуге болады. Тек оның тұнық көздері осынша нәзік әйелге тым суық көрінеді. Суық әйнек секілді, әлденені жасыратындай. Ол тергеушілерге осыдан бір апта бұрын оңбай таяқ жегенін, мұның үйреншікті жағдай екенін де айтты. Қылмыс болған күні күйеуін көрмегендігін, сол күні ауруханада болдым деп ақталды.

  • Не үшін арызданбадыңыз? — деп сұрады Берік әйелге аяныш сезіммен.
  • Арызданғанда қайда барамын? — деді Сара. — Көп болса, бірнеше тәулікке түрмеге жабар, кейін шыққан соң бұл жағдай қайталанады. Ал менің балалармен баратын ешкімім жоқ.

    Қанша әйел маскүнем күйеулеріне шыдап келеді. Бірі балалары үшін, бірі абырой үшін, ал енді бірі баратын жері жоқ, толықтай күйеуіне тәуелді болғаны үшін. Белгісіз сезім бойын билеген тергеуші орнынан тұрып, бөлмені айнала қарай бастады. Әрбір бұрыш, әрбір зат әйелдің ішкі әлеміндегі қайғы мен өшпенділіктің куәсі болып көрінді. Күйзеліс пен қиындықтың күрделі араласуында өмір сүрген әйелдің әңгімесі тергеушінің жан дүниесіне әсер еткендей.

  • Үлкен ұлыңыз колледжде оқиды екен, сөйлессем боладыма? — деп сұрады тергеуші.
  • Иә, бірақ бір нәрсені білгеніңіз жөн, ол менің туған ұлым емес. Асхаттың бірінші некедегі баласы. Анасы ертеректе қайтыс болған. Мен оны өз баламдай көремін, — деді Сара.

Тергеушілерді көрген Жалғас қобалжып, әлденені жасырып отырғандай дұрыс жауап бергісі келмеді.

  •  Әкеңізбен жиі сөзге келіп тұратын ба едіңіз?
  • Ол үнемі ішімдік ішіп, бізге қол көтеретін.
  • Ал сізше, оған қол көтердіңіз бе?

Жалғас  қолдау күткендей  Сараға қарады. Ол оның ойын түсінгендей, сұраққа өзі жауап берді:

  • Жалғас ешқашан әкесіне қол көтерген емес. Сол күні мен ес-түссіз жатқан кезде балалар қатты шошыды. Ал әкесі… әкесі мені өлтірмекші болған. Сол кезде Жалғас араша болып, әкесіне алғаш рет қол көтерді. Егер ол сол іске бармағанда, мүмкін мен алдарыңызда отырмас па едім.
  •  17 күні сағат 21.00 мен түнгі 1 аралығында қайда болдыңыз? — деп сұрады тергеуші.
  • Үйде, — деп Сара тағы да баланың орнына жауап берді.

Тергеуші Жарасқа қарады.

  • Үйде, — деді Жарас сенімсіз дауыспен.
  •  Кім растай алады? — деп сұрады тергеуші.

Жалғас үндемеді. Оның орнына тағы да Сара жауап берді:

  • Балалар, ол үйде болғанын балалар ғана растай алады.

     Сәбира мардымды ештеңе айта алмады. Сол күнгі оқиғаны есіне түсіргісі де келмеді. Әкелері өлтірілген күні ағасын біресе үйде болды деп, біресе болған жоқ деп шатастырды. Баланың үлкен стресс алғаны анық. Ол әкесінің жоқ екеніне сенгісі келгенімен, әлі де сене алмайтындай көз жасына ерік берді. Бөлменің бұрышында бүрісіп отырған Естай тергеушілерге де, анасына да, бауырларына да жақ ашпады. Баланың психикасы соққы алғаны  көрініп тұр.

  •  Осы жердегі қырғын төбелестің куәсі болды. Сол оқиғадан кейін мүлдем жақ ашпайды. Әкесін іздейді, — деді анасы күрсініп.

Сұрақ барысында Мақсаттың ешкіммен ренжіспегені, жұмысында артық әрекет көрсетпейтіндігі анықталды.

  •  Түсініксіз жағдай, — деді Абылай қалпағын қолына айналдырып. — Сен не ойлайсың? — деп сұрады стажерден.
  •  Әйелі мен үлкен ұлы әлдене жасыратын секілді. Әлі де ақпарат жинау қажет.
  • Жасыратыны анық, тек жасырғаны үшін біз оларды қылмыскер санай алмаймыз. Сен көршілерге, ал мен әйелі жатқан ауруханаға барамын. Мүмкін жаңа мәліметтер анықтармыз, — деді Абылай.

    Берік қылмысқа қатысты жаңа ақпарат алу үшін көршілердің барлығынан жауап алды, бірақ олардан істің алға басуына ықпал ететіндей нақты мәлімет ала алмады. Марқұмның ішімдікке құмарлығы, әйелінің биязы мінезі мен жақсы адам екендігі туралы айтылды. Көршілердің айтуынша, Сара күйеуінің тепкісіне ұшыраса да, оның жамандығын жасырып, балаларға жақсы ана болуға тырысқан.

   Абылай ауруханадан алған ақпараттың мәнін түсінуге тырысты. Сараның берген жауабы мен дәрігердің мәлімдемелері бір-біріне сәйкес келмейтінін байқады. Әсіресе, басынан қатты соққы алған әйелдің тірі қалуы екіталай болғанымен, бір аптаның ішінде қалай аяққа тұрғаны таңқаларлық еді. Сара ауруханадан толық айықпастан шыққан. Дәрігердің рұқсатынсыз қалай және қайда кеткені белгісіз болып қалды. Кейін, ауруханаға қайта бармайтынын, жақсы болғанын хабарлап, қоңырау шалған.

  • Ол бір апта ес-түссіз жаттыма? — деді тергеуші сенімсіздік білдіріп.
  • Алғашқы екі күн реанимацияда, кейін  палатаға шығарылды. Бірақ бірден аяққа тұрып кетуі мүмкін емес жағдай.- деді дәрігер.
  • Сол аралықта күйеуі келдіме?
  • Жоқ, балалары келді, бірақ күйеуін көрген емеспін. Ұмытып барамын, әпкесімін деп бір әйел адам келді. Зардап шегушіге қатты ұқсайды.
  • Ол ешкімім жоқ деген едіғой, аты-жөнін қалдырдыма?
  •  Біз  келген адамның аты-жөнін тіркемейміз, сол күнгі мейірбикеден сұрап көріңіз,  сол палатаға келген адамдарды көрген.

    Мейірбике науқасқа әйел адамның келгендігін растағанымен, кім екендігін білмейтіндігін айтты. Тергеушінің ойы жан-жаққа жүгірді.

    Ісі алға баспаған стажер тергеушіге үлкен ұлынан күмәнданатынын айтты.

Ұлының әкесін өлтіру мүмкін бе? Әрине, мүмкін. Өйткені, ол әкесінің анасына үнемі қол көтеріп жүргенін көріп өскен. Мұндай жағдайлар бала психологиясына терең әсер етеді, агрессия мен ашу-ыза тудырады. Егер әкесі сыраханадан шыққаннан кейін су маңына ертіп апарып, өзінің таяғымен ұрып өлтіретін болса, бұл сценарийдің орын алу ықтималдығы жоқ емес.

Ал әйелі ше? Ауруханадан енді ғана шыққан әлсіз әйел күйеуін өлтірмек түгілі, оған қарсы келуге де шамасы жетпес. Оның үстіне, оны өлтіруге қандай себеп болуы мүмкін? Мүмкін, шыдамы таусылған шығар, бірақ әйел әлсіз болғандықтан, оны өлтіру үшін басқа әдіс қолдануы керек еді. Сараның тым сабырлы әрі суық бейнесі әлсіз адамға ұқсамайды. Абылайдың ішкі түйсігі бұл әйелден күдіктенсе де, ақылмен қарағанда мұның мүмкін емес екенін айтады.

    Бала үлкендерге қарағанда ештеңе жасыра алмайды, өйткені оның санасы өтірік айтуға қалыптаспаған. Ересектер секілді ішінен бүкпелеп, өтірік құрастыруды білмейді. Абылай Естай баратын балабақшаның алдында ұзақ тұрып қалды. Санасы әлі толық қатаймаған баланы сұрақпен қинағысы келмеді. Оның үстіне, бала болған соң, оқиғадан кейін сөйлемей қалды деген сөздің  қаншалықты рас екенін білу қиын. Әйтеуір, іздеген сұрақтарының жауабын осы баладан алатын секілді көрінгендіктен, тергеуші тәуекел етуге бел байлады. Ата-анасының рұқсатынсыз балаға бөгде адамның жақындауына болмайтынын жақсы білген Абылай алдымен балабақша меңгерушісіне кіріп, Естаймен сөйлескісі келетінін айтты.

Меңгеруші рұқсат бергенімен, баланың тұйықталып, сөйлемей қалғанын ескертті. Бір бұрышта жалғыз отырған Естай тергеушінің жанына жақындағанын көрсе де, басын көтеріп қызығушылық танытпады. Бала өз әлемінде тереңдігіне батып кеткендей, ешкіммен ісі жоқ.

  • Сәлем балақай, мынау саған деп, — қолындағы шоколадты ұсынды.

Бірақ онысымен де баланың қызығушылығын оята алмады, Естай шоколадты жәймен ғана алғанымен, төмен түсірген басын көтермеді.

  • Мені таныған шығарсың, мен тергеушімін, есімім Абылай. Менің де сен сияқты кішкентай немерем бар. Бірақ ол алыста, сен оған қатты ұқсайсың.

Үнсіздік. Бала расымен де тіл қатпады. Ата-анасының арасындағы жанжал, әкесінің анасын аяусыз соққыға жығып, кейін жоғалып кетуі – мұның бәрін бала жүрегі қалай қабылдағаны белгісіз. Егер ол мұның барлығын сезбесе, жүрегіне жақын қабылдамаса осылайша өз әлеміне кіріп, тұйықталып қалмас еді.

  • Естай, сен үлкен жігітсің, маған бар болғаны сенің көмегің қажет. Сен білесіңғой, әкең үйге келмеген күні үйде кім болды, тек соны айтсаң, мен саған тағы да шоколад, балмұздақ алып беремін. – деді Абылай.

Үнсіздік. Абылай баланы сөйлетуге тырысқанымен еш нәтиже шықпады.

  • Жарайды балақан, айтқың келмесе қинамаймын.

Ол баланы мұнша қинаған өз әрекетіне жиіркенді. «Не ойладым мен, ол небары бес жаста»,—деп өзін-өзі сөкті. Орнынан тұрып кетуге бұрылып, теріс айналды. Сол сәтте құлағына әлдене естілгендей болды. Ол тоқтады. Иә, бала бірдеңе айтып жатыр.

  • Ол менің анам емес.. Көздері жасқа толып тұр. Менің анам емес, маған анамды қайтарыңыз, — деді де бала әрмен қарай жүгіре жөнелді.

    Жалғастың тергеушілерге өтірік айтқаны айқындалды. Оқиға болған күні сағат 00.30 шамасында үйіне келген. Оған дейін колледждегі достарымен әкесі отырған сырахананың қарама-қарсы жағындағы пабта отырған. Әкесінің сыраханадан шыққанын күтіп, оның соңынан қала сыртына дейін еріп барып, таяғымен қатты соққы беріп, өлтіргеннен кейін үйіне қайтып келген. Енді тек таяқты табу керек. Себебі онда қылмыскердің ДНҚ-сын анықтау мүмкіндігі бар. Берік жаңалық ашқандай өз ойына өзі риза болды. Абылайдан қолдау күтті, бірақ оның әлденеге алаңдаулы екенін байқады.

  •  Майор мырза, сіздің ойыңызша бұлай болуы мүмкін емеспе?- деді Берік тағатсызданып.
  • Бәрі де мүмкін. Сен Симаковтардың үйін тексеруге рұқсат ал, таяқтың сол жерден табылатынына сенімдімін.
  • Менде сенімдімін, қазір кірісемін, — деді қуанған стажер.
  • Ал мен бір адам туралы толық ақпарат іздеуім қажет..

    Сара Симакова туралы ақпарат жинау оңайға түспеді. Абылай жетімдер үйінен шыққан қыз туралы мәліметтерді жинау үшін бірнеше күн бойы бұл мекемені аралап шықты, ескі архивтерді ақтарды. Сараның бұрынғы тегінің Амангелді екенін, оның оқыған мектебі мен бала кезіндегі өскен жерін анықтау үшін басқа қалаға іссапарға шықты. Жас кезінде тәрбиеленген мекенжайын тапқан соң, оның өмір жолын қайта қарау қажеттілігі туындады. Сараның шындығы туралы мәліметтер анықталған кезде, барлық жұмбақтар біртіндеп шешілетіндей болды. Енді тек барлық фактілерді үйлестіріп, қылмыскердің кім екенін анықтау  қалды.

    Симаковтың қолында болған таяқ табылды. Таяқтың басында қан іздері байқалды, бұл қанның Симаковтың өзінікі екені анықталды. Сонымен қатар, таяқта саусақ іздері де табылды. Экспертиза нәтижелері үлкен ұлы Жалғас Симаковтың саусақ іздерінің айқын белгілерін анықтады. Таяқ үйдің жанындағы ескі сарайда жасырылыпты. Осыған байланысты үлкен ұлы күдікті ретінде тұтқынға алынды.

Берік қылмыскерді анықтау үшін көп еңбектенгені байқалады, бірақ бұл шешім асығыс қабылданғандай. Абылай өз ойының дұрыстығына толық көз жеткізбей ашық әрекетке де  бармады. Сондықтан күдіктімен тағы да бір сөйлесуді жөн көрді. 

     Жалғастың қатты қорыққаны белгілі, бұрын соңды қылмыс түгілі бұзақылыққа қатысы жоқ он алты жасар баланың мойнына әкесін өлтірді деген айып тағылуы мүмкін. Егер тергеуші нағыз қылмыскерді таппаса, бар айғақ өзіне көрсетіп тұр.

  • Мен сенің өлтірмегеніңді білемін, маған тек шындығыңды айт, — деді тергеуші сұрақты турасынан қойып.
  • Мен оны өлтірген жоқпын, босатыңыз мені.
  • Әкең үйге келмеген күні не болды, соны айт .

«Сол күні мен достарыммен жолдың арғы бетіндегі сыраханаға барғанмын. Терезеден әкемнің қисалаңдап шыққанын көріп, сыртқа шықтым. Ол да мені көрді. Жанына барып, үйге қайтаруға тырысқанда, ол мені балағаттап бастады. Мен оған анамды өлтіргенін және енді Сараны да солай өлтірмекші екенін бетіне бастым. Ол мені таяғымен сабай бастады. Арғы көшеден достарым менің күйімді көрсе не болар еді деп, әлі күнге дейін маскүнем әкесінен таяқ жейді демей ме. Мен қолындағы таяғына жабыстым, жұлқылаған сәтте таяқтың сабы маңдайына тиді. Ол жерге құлады, бірақ балағаттауын тоқтатқан жоқ. Менің ашуым ұстап, таяқты алып кеттім. Бірақ бірден үйге қайтқан жоқпын, достарыма қайтып баратын көңіл-күйім де болмады. Біраз көшені аралап жүріп, үйге келдім. Майор мырза, мен оны өлтірген жоқпын. Ол бізді бақытты балалықтан айырды, үнемі ұрып-соқты, бірақ мен әкемді өлтірген жоқпын.»

  • Сен үйге келгенде үйде Сара болдыма?
  • Ол менен соң келгенін білемін, түрі тым суық көрінді.
  • Қайдан келгенін білесіңбе?
  • Мен сұрамадым. Мүмкін әкемді іздеген шығар.
  • Ал таяқты не істедің?
  • Ертесіне әкем өлді дегенді естіген соң, болған жағдайды Сараға айттым. Ол бірден таяқтан құтылмасақ күдік маған түсетінін айтты. Өзім жасырамын деді.
  • Сіздің ойыңызша әкемді өлтірген Сарама?
  • Мүмкін, барлығы мүмкін.

     Кеш қарая үйінен шыққан әйел жан-жағына алаңдай қарап жүрді. Біреу оның соңынан бақылап тұрғандай сезімде болғандықтан, көшенің арғы бетіне асыға өтіп, көзге түспеуге тырысты. Берік не болғанын түсінбей, Абылайға сұраулы көзбен қарады. Нағыз қылмыскер тұтқында отырған кезде, бұл әйелдің соңынан не үшін аңдып жүргенімізді сұрау ниеті бола тұрса да, сұрауға батылы бармады. Тергеуші ешқандай түсіндірместен, әйелді байыппен қадағалауды жалғастыра берді.

Көше қиылысы аяқталған соң, әйел талдардың арасымен, жол жиегімен жүріп кетті. Көліктің әрі қарай жүрмейтінін білген тергеуші, із қалдырмау мақсатында лезде көлігінен түсіп, әйелдің соңынан жаяу жүруге кірісті.

  • Мына әйел қайда барады — деді стажер сабырсызданып.
  • Оны қазір көреміз.-деді Абылай.

    Қараңғыда, шеткері орналасқан үйді тек сол маңайдың тұрғыны болмаса, сырттан келген адам байқамайды. Әйел жан-жағына тағы бір рет мұқият қарап, ешкімнің көріп тұрмағанына көзі жеткен соң, қараңғы үйге еніп кетті. Абылай көп ұзамай оның соңынан үнсіз үйге кірді, ал Берік сыртта күтемін деп, есік алдында қалды.

Үңгірдей қараңғылықта ештеңе көрінбеді. Тергеуші қолындағы фонарьды жағып, жан-жағына сақтықпен көз жүгіртті. Жарықтың әлсіз сәулесімен оған теріс айналып тұрған бір бейне көрінді.

  •  Қатира Амангелді, сіз адам өлтіргеніңіз үшін тұтқынға алынасыз. Қарсылық көрсетпеңіз, — деді Абылай қатқыл дауыспен.

Әйел жарыққа көзін сығырайта қарады да, бірте-бірте екі қолын көтерді.

  Тергеуші артынан тиген соққының қаттылығынан теңселіп кетті. Тепе-теңдікті сақтап қалуға тырысты, бірақ екінші ауыр соққы оны жерге құлатты. Оның құлағына айқай-шудың, әйелдің шыңғырған дауысы жетті. Сол сәттен кейінгісін есіне түсіре алмады.

Көзін баяу ашқанда, алдында тұрған стажерды көрді. Тұруға ыңғайланып еді, бірақ төбесі солқылдап, қайтадан жерге құлады.

  • Жатыңыз, сізге тұруға болмайды, — деді стажер оқыстан.
  • Сараны ұстадыңба, маған не болды?
  • Айтсам сенбейсіз, ол жерде екі Сара болды, яғни Сара және оның егізі..

Тергеуші ақиқаттың анықталғанына қуанып, көзін жұмып терең дем алды. Үш күндік іс-сапар барысында ол Сара Амангелді туралы шындықты анықтап, күдігін сейілту үшін оны мұқият бақылаған еді. Егер стажер сол сәтте сыртта қалмағанда, бұл шындық ешкімге мәлім болмай, қылмыс жабулы күйде қалар ма еді, кім білсін…

Сексенінші жылдардың басында Сараның анасы бірінші курста оқып жүрген кезінде аяғы ауырлап қалады. Жігіті жауапкершіліктен қашып, жас қызды жалғыз тастап кетеді. Ауылына қара бет болып орала алмайды, ал жасанды түсік жасатуға тым кеш болғандықтан, дүниеге егіз қыз әкеледі. Екі бірдей балаға ана бола алмайтынын түсінген  қыз нәрестелерін перзентханада қалдырып, өзі із-түссіз жоғалады. Шарасыз қалған екі сәбиге есімді сол жерде жүрген дәрігерлер қояды: Сара және Қатира. Ал Амангелді деген анасының тегі еді.

Жеті жасқа дейін жетімдер үйінде өскен егіз қыздардың өмір жолдары екіге бөлінеді. Қатира пысық, қатал мінезді болып өседі, ал Сара, керісінше, мейірімді, жұмсақ мінезімен ерекшеленеді. Бірақ оларды біріктіретін бір нәрсе бар еді – табиғаттың сыйы, ерекше сұлулықтары. Көрген адамның бәрі бұл қыздардың айрықша жүздеріне тәнті болатын.

Пысық Қатираны бір отбасы асырап алады, ал Сара сол жетімдер үйінде қалады. Осылайша екі қыздың тағдыры екіге бөлінеді. Арада жиырма жыл өткен соң, Қатира сыңарын іздеп тауып, оның тағдырын біледі. Сіңлісінің күйеуінен таяқ жеп, хал үстінде жатқанын көргенде, Қатира қатты ашуланады. Әлсіз, ешкімі жоқ жетім қызды осындай жағдайға жеткізген адамнан сіңлісі үшін кек алғысы келеді.

Сара есін жиған кезде, өз көзіне сенбейді. Кезінде жоғалтып алған сыңары, жанашыр әпкесі, оның жанында. Сараны аяққа тұрғанша бұл жерден алып кетіп, өзі қамқор болатынын айтады. Бірақ Сара балаларына алаңдап, оларды тастап кете алмайтынын түсінеді. Сол кезде Қатира батыл шешім қабылдайды: Сараның образына еніп, өзіне дене жарақатын жасап, сыңарының орнына өзі келеді. Егіздер бір-біріне қатты ұқсағандықтан, ешкім оның Қатира екенін ажырата алмайды. Тіпті бірнеше жыл отасқан Сараның жұбайы да оның әйелі емес екенін байқамайды.

Тек кішкентай ғана Естай қанша өзіне тартса да анасынан бұрынғы мейірім сезілмейтіндігін, оның мүлдем басқа адам екенін бірден сезеді.

Симаковты оқыстан өлтіру ешқандай жоспарда болмаған еді. Қатира   жоғалтқан егізін бұл озбыр адамнан құтқарғысы келді.  Ішімдікке тойған күйеуі ешқандай жаны ашымайтындығына, өзімен қоса балаларын бір күні болмаса мүгедек ететініне көзі жетеді.

Қылмыс болатын күні ол әдетінше Сараны жасырған үйге қарай бет алады. Күйеуінің әзір келмейтініне көз жеткізу үшін күнде бас сұғатын сыраханасын бір тексеруді жөн көреді. Көшеде әкесі мен баласының дауласып жатқанын көріп арам ой келеді. Жалғас таяқты алып кеткен соң күйеуінің жанына барады.

Түн ішінде әйелін көрген Симаков ашуға мініп, оны балағаттай бастайды. Әйел бөгетке қарай бет алады, өйткені ол жерге жаяу баруға бірнеше минут қана қажет еді. Ақсаңдап жүрген күйеуінен қашқандай болып, әйел сол бағытқа қарай жүгіреді. Симаков ақсаңдай басып, әйелінің соңынан ереді. Судың жағасына жеткенде, ол әйелден көз жазып қалады. Қараңғылықтан ештеңе көрмей, жан-жағына қарайды. «Әй, қатын, қазір сазайыңды беремін!» – деп айғайлайды.

Сол кезде тасадан шыққан Қатира оны маңдайынан таспен екі ұрып, суға итеріп жібереді де, тасты суға лақтырады.

«Әйеліңе, балаларыңа көрсеткен озбырлығың үшін сұмырай, жазаңды ал» -деп тезірек оқиға болған жерден ізін суытады.

Қатира жасаған қылмысын мойындайды. Сыңары үшін мұндай қадамға барғанына еш өкінбейтіндігін де айтады.

    Абылайды алыстан таныған Естай жүгіре келіп оның мойнына асылады. Кіп-кішкентай қолдарымен құшақтап, тергеушіні үйге қарай жетектейді. Бұрынғыдай емес, бала тілімен өзінше әңгіме айтып келеді.

Сара тергеушіні көріп сәл жымиды. Оның жылы жүзі жан жағын жадыратып жібергендей.

  • Сыңарыңыз екеуіңізді ажырату мүмкін емес.
  • Түріміз ұқсағанымен, мінезіміз ұқсамаған. Мен Асхатқа өлім тілеген емеспін, болар іс болды. Сізді артыңыздан оқыста ұрғаным үшін кешірім сұраймын.
  • Сізді егізіңіздің сыбайласы емес екендігіңізді дәлелдеу оңай болмады. Егер сізді түрмеге жапса, мына балаларға не болатын еді..
  • Абылай Әзімханұлы, сізге сол үшін ризамын. Осы күні Естайда папасын көп іздемейтін болды, мүмкін енді келмеске кеткенін түсінген шығар.- деді ойнап жүрген баласына қарап.
  • Сот амнистиясымен Қатираны 1 жылдан соң бостандыққа шығарады, сізге соны жеке айтуға келген едім. Аман болыңыз.

    Зорлық-зомбылықтың куәгері болған адам әлемге, адамдарға деген сенімін жоғалтады. Бірақ Сара бойындағы адамгершілік пен шыдамдылықтың арқасында бақытты өмірге ұмтылды. Жиырма жыл бұрын жоғалған сыңары келіп өзгеріс енгізбегенде, ол шыдамы жетер ме еді, бақытқа қалай жетер еді? Әр әйел дені сау ұрпақ тәрбиелеп, балалардың болашағы жарқын болғанын қалайды, сол үшін күреседі, шыдайды.

Қылмыс пен әділеттілік ұғымдары бір-біріне қарама-қайшы, өйткені қылмыс заңсыз әрекет болып табылса, әділеттілік — заңды және моральдық қағидаларға негізделген. Қандай мақсатпен жасалса да, қылмыстың нәтижесі ешқашан әділеттілікке апармайды. Кейде қылмыскерді түсінуге тырысқанымызбен, оның заң алдында жауап беруге тиісті екенін ұмытпаған жөн.

                                                          

Жалиева Бақыт

Ақтөбе қаласы

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

ҚОРҚАУЛАР

...Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте,...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...