Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жазаны қатайту мәселесін көпшілік біраз уақыттан бері талқылап келгені белгілі. Содан болар әлсізге әлімжеттік жасау, жақындарының жанын жаралау қоғам ішіндегі ең көп сыналатын тақырыптың біріне айналды. «Халық қаласа, хан түйесін сояды» демекші, жұртшылықтың пікір-тілегіне құлақ асқан Мемлекет басшысы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жұмыстарды күшейтіп, заңнаманы қатайту бойынша құзырлы органдарға тапсырма жүктеген болатын.
Президент тапсырмасына орай дайындалған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң 2024 жылғы 16 маусымнан бастап күшіне енді. Бүгінде республика соттары осы заңды басшылыққа ала отырып, алғашқы істерді қарай бастады.
Қолданысқа енгізілген заңның артықшылығы аз емес. Бұл заң өміршең болып, өзінің мақсатына жетуі үшін құжаттағы негізгі жаңалықтарды көпшілікке жан-жақты таныстыру міндет. Осыны ескере отырып судьялар заңдағы жаңғыртуларды түсіндіру бағытында ауқымды жұмыстарға бастамашылық жасап келеді. Шын мәнінде азаматтар бұған дейін әкімшілік жауаптылық белгіленіп келген заңбұзушылық үшін құқықтық жаза тағайындалатынын білуі керек.
Сөзіміз негізді болуы үшін енді заңды сөйлетсек. Айталық, жаңа өзгеріске орай отбасының тыныштығын бұзып, жақындарына күш көрсеткендер енді бұрынғыдай Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің баптарымен жауаптылыққа тартылмайды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-1, 73-2-баптары Қылмыстық кодекске ауыстырылып, бұл құжат 108-1 және 109-1-баптарымен толықты. Осылайша Қылмыстық кодекске енгізілген 108-1-бап бойынша «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргендер» 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл арқалап не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылып, не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алынатын болды. Бұл әрекет күрделенген, көп адамға қатысты жасалған сайын жаза да қатаңдатыла береді.
Ал жәбірленушіні ұрып-соққандардың жауаптылығы Қылмыстық кодекстің 109-1-бабында дәйектелген. Мұндай қылмыстық теріс қылығы дәлелін тапқандар 80 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл төлеп не сол мөлшерде түзеу жұмысына, не 80 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылуы, не 25 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алынуы мүмкін. Жазаны ауырлататын мән-жайлар болған кезде, қылмыстық жауапкершілік қатаңдай береді.
Заң негізінен ана мен баланың тыныштығын қорғауды, қауіпсіздігін сақтауды басты тірек еткен. Мұндағы жаңашылдықтарда әлімжеттік құрбандарының тілегі барынша ескерілгенін аңғармау мүмкін емес. Айталық бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанына айналғандар зорлықшымен бірге тұрып, бірге өмір сүретіндіктен, арыз жазудан жүрексінетін. Тіпті құзырлы органдарға шағымданғанмен, артынша өзінің болашағын ойлап арызын қайтарып, заң бұзушыға кешірім беріп жататын. Осы жайларды ескере келе, Қылмыстық кодекс 98-3-баппен толықтырылғанын айта кеткеніміз жөн. Осы бапты басшылыққа ала отырып сот қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның жүріс-тұрысына ерекше талап белгілей алады. Мұндай талапты сот өз бастамасымен немесе қылмыстық процесс тараптарының өтінішхаты бойынша белгілейді. Және мұндай талап үш айдан бір жылға дейінгі мерзімді қамтиды. Заңда сонымен бірге әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісі үшін жауапкершілікті күшейтетін, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтуға арналған нормалар енгізілген. Мәселен бұрын зорлық жасаушылардың жауаптылығы көрсетілгенімен, жәбірленушілердің кейінгі өміріне мән берілмейтін. Ал жаңа заңның енгізілуімен ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі байланыс орталығы жұмысының құқықтық негізі жасалды. Бұл орталыққа мемлекеттік органдармен бірігіп отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасаумен бірге, азаматтардың өтініштерін қарау қорытындысы бойынша қабылданған шаралар туралы ақпарат беру, жинақтау міндеті енгізілген. Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін отбасын қолдау орталықтарын құру және олардың жұмыс механизмі заңнамалық түрде бекітілді. Осындай нақты қолдау тетіктерінің қарастырылуы әлеуметтік әлсіз топтардың өз құқығын батыл қорғауына ықпал етері талассыз.
Айдын Иманқұлов,
Жетісу аудандық № 2 аудандық сотының судьясы
Алматы қаласы