Еліміздегі партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар қоғам мемлекеттің әлеуметтік әрі экономикалық дамуындағы өзекті мәселелерге ықпал ететін жүйе болып қалыптасқаны даусыз. Оның ішінде ең алдымен «AMANAT» партиясының ел ішіндегі сан түрлі салаларға ықпалы ерекше. Халықтың басым бөлігі жылдар бойы қордаланған шешімін таппай жатқан өткір жайттарды осы партияға келіп жүгінетінінен-ақ партияның өз жұмысын бір жүйеге келтіргенін байқауға болады.
Бұл партияның ең маңызды әрі жауапты бағыты азаматтарға жүргізген қоғамдық қабылдауларынан байқалады. Сонымен қатар партияның сайлауалды бағдарламасының жүзеге асырылуы халықтың көкейіндегі мәселелердің шешімін табуына ықпал етуде. Аталған игі істер партияның Ақмола облыстық филиалында да жүйелі түрде жүргізіліп жатқаны рас. Қазіргі күні партияның Ақмола облысындағы барлық аудандық, қалалық және облыстық филиалдарында қоғамдық қабылдау бөлмелері үздіксіз жұмыс істеп тұр. Қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысы жолға қойылып, ол билік пен бұқара арасында берік байланыстың мызғымас алаңына айналған. Оның тиімділігі биылғы жылдың жеті айы ішінде ғана партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінің атқарған толайым жұмыстарынан-ақ байқалады. Жалпы, Ақмола облысы бойынша жыл басынан бергі жеті ай ішінде 5454 өтініш түсіп, қарау нәтижелері бойынша мәселелердің 67 пайызы оң шешімін тапқан. Қалған 32 пайызы бойынша түсініктемелер берілді. Өңіріміздегі барлық қоғамдық қабылдау алаңдарында 1513 қабылдау өткізіліп, 4661 адам өз өтініштерімен жүгінген. «AМANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Дархан Қанафиннің айтуынша басты міндет өтінішпен келген азаматтардың мәселесін атқарушы билік пен құқық қорғау органдарына жеткізе отырып, азаматтардың мәселесінің шешілуіне көмектесу. – Қоғамдық қабылдауға шырылдап мұңын айтып келген әр азаматтың мәселесі егжей-тегжейлі қарастырылып, зерттелуі тиіс. Сондықтан, әр филиал, әр бастауыш партия ұйымы азаматтардың күнделікті мәселелерін шешу процесіне белсенді түрде атсалысуы керек. Мәселен, қоғамдық қабылдау бөлмелерінде апта сайын «Халыққа көмек» жобасы аясында тақырыптық қабылдаулар өткізіледі. Заңгерлер, нотариустар, адвокаттар мен медиаторлар азаматтарды жеке мәселесімен қабылдайды. Олардың қорытындысы бойынша қаншама азаматтарға ауызша тегін заңгерлік кеңес берілді. Сондай-ақ сот құжаттарын құрастыруға көмек жасалып, соттарда азаматтардың мүдделерін қорғау бойынша аса қажет кеңестер беріледі, – дейді Дархан Канафин. Биылғы жыл тұтас ел үшін аса күрделі болған су тасқыны кезеңінде облыстың бес ауданы мен Көкшетау қаласында төтенше жағдай жариялаған. Дәл осы кезеңде облыстық партия белсенділері де бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып қорғаушылар, заңгерлер және нотариустармен бірлесіп, өңірдің әр түкпірінде 86 көшпелі қабылдаулар өткізіп, оған 319 адам қатысқан. – «Көшпелі қабылдау өткізіп, ауыл аймақтарға арнайы барып, мәселелерді жұртпен бетпе-бет кездесу кезінде шешу – бұл «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесінің негізгі басымдықтарының бірі. Өйткені, ол халықпен белсенді өзара іс-қимыл жасауға және олардың қажеттіліктеріне жедел түрде араласуға мүмкіндік береді. Көшпелі қоғамдық қабылдаулар халықты тікелей тыңдауға, олардың нақты мәселелерін жазып алуға және нақты шешімдерді ұсынуға көмектеседі. Аталған көшпелі қоғамдық қабылдауларда депутаттар, жергілікті атқарушы билік органдары, әкімдік өкілдері бізбен бірге жүреді. Бұл әр мәселенің жедел шешілуіне тікелей ықпал ететіндігін атап өткен жөн. Жұмыстың бұл форматы халық пен билік арасындағы сенімді қарым-қатынасты қалыптастыруға әсер етеді», – деп атап өтті партияның облыстық филиалындағы қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Дархан Канафин. Партияның аумақтық филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелері арқылы партия қатарына жаңа мүшелерді қабылдау тәжірибесі бір жүйеге келтірілген. Мәселелерді шешуге жәрдемдескеннен кейін өтініш берушілер партия қатарына кіруге ниет білдіреді. Мәселен, ағымдағы жылдың 6 айында ғана партияға 162 азамат партия мүшесі болып, қоғамдық қабылдау бөлмесі арқылы қабылданғаны мәлім болды. Халықтың өтініш-тілектерін дер уақытында шешу мақсатында өңірдің әр аймағындағы филиал төрағаларымен 233 азаматтарды қабылдау өткізіліп, оған 808 адам қатысқан. Сол сияқты барлық деңгейдегі әкімдер мен олардың орынбасарларымен облыс бойынша 141 қабылдау өткізіліп, онда 547 адам өз сауалдарын жеткізген. Сондай-ақ, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелерімен де 600 қабылдау өткізіліп, екі мыңға жуық адам өздерін толғандырған сауалдарын қоюға мүмкіндік алған. Партияның тікелей бастамасымен іске қосылған «Құқықтық көмек» жобасы шеңберінде де 156 азаматтарды қабылдау өткізіліп, оған 500 адам қатысқан. Ал қоғамдық қабылдаулар кезінде аса ауыр түйткілді мәселелер «AMANAT» партиясы фракциясының ҚР Парламентінің депутаттары арқылы жоғарыға жеткізіледі. Жыл басынан бері Парламент депутаттарымен 33 қабылдау өткізіліп, оған 199 адам қатысқан. Аталған қоғамдық қабылдаулар халықты толғандырған жылдар бойы қордаланып шешімін таппай жүрген сауалдарға толы болды. Халықты негізінен баспана, ауыз су, жолдардың сапасыздығы, медицинаның қолжетімсіздігі сияқты әлеуметтік мәселелер жиі толғандырады. Сондай-ақ, өңірде жайылым жерлердің жетіспеушілігі, киіктердің егін алқаптарын таптап кетуі, экологиялық аухалдың күрделенуі, ауылдардың тоз-тозы шығып қалалық жерлерге қоныс аударуы, білім ордаларының жабылып жатқаны жайлы мәселелер де көтерілген. Халықтың көкейін тескен сауалдар құзырлы органдар мен жергілікті атқарушы билік өкілдеріне, сондай-ақ өңірге ат ізін салған депутаттар арқылы Парламент қабырғасына да жеткізілген. Бұл орайда партияның халықпен етене араласуының арқасында көптеген мәселелердің қоғамдық қабылдаулардың нәтижесінде лайықты шешімін тауып жатқаны қуантады. Өйткені, қашан да барлық сала өз ісін тиісті түрде жолға қойып, өзекті мәселені шешуде жұдырықтай жұмылып, бірге әрекет етсе, шешілмейтін мәселе, алынбайтын қамал болмайтыны белгілі.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ


