Елімізде балалардың болашағының жарқын болуын қамтамасыз ету бағытында келелі шаруалар атқарылып жатыр. Атап айтқанда осы жылдың басынан басталған «Ұлттық қор – балаларға» жобасының маңызы аса зор. Балалардың кәмелет жасына толғанға дейінгі жинақталатын қордың көмегімен мемлекеттік жоба еліміздің болашақ ұрпағының жоғары білімі мен әлеуметтік жағдайының жақсаруына ықпал етпек. Сондай-ақ балалардың келешекте сапалы жоғары білім алуына мүмкіндік беретін «Келешек» жинақтау жүйесінің де қолданысқа енгізіліп жатқаны болашақтан мол үміт күттіреді.
Жоба бірінші кезекте келешекте ел тұтқасын ұстайтын ұрпақ үшін аса маңызды бастама. Яғни ең басты мақсат оң-солын танып, болашақ өмірге енді ғана қадам басатын балалар мен жасөспірімдердің әл-ауқатын жақсарту және олардың дамуына қажетті жағдайларды жасау. Құзырлы мамандардың мәліметінше, жобаның негізгі артықшылығы мен маңызы аса зор. Біріншіден, балаларға әлеуметтік қорғаныс ретінде көмегін тигізеді. Яғни, аталған жобаға сәйкес еліміздегі әрбір бала қоғамда өзінің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ете алады. Қымбатшылық қос өкпеден қысқан заманда балаларының болашағы қандай боларын ойлап мазасызданған атааналар үшін бұл әрине, аса зор қуаныш болғаны даусыз. Әсіресе, аз қамтылған отбасылардағы балалар үшін мол мүмкіндік әрі кәмелет жасына жеткенде қолдануға мүмкіндік беретін алғашқы капитал деуге де толық негіз бар. Себебі, балалар балиғат жасына жеткен соң өзінің болашағын айқындап, оқуға түсіп білім алуға келгенде мемлекеттен берілетін бұл көмек қаражаты әзір тұрмақ. Сонымен қатар балалардың жоғары білім алу мүмкіндігіне жол ашар кілт те осы бағдарламада жатқаны анық. Балалардың білім алу көкжиегі мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған шаралар, мысалы, гранттар мен шәкіртақылар, оқулықтармен қамтамасыз ету, білім сапасын арттыру да бағдарламада көзделіп отыр. Тағы бір жағынан жобаның негізгі көздеген мақсаттарының бірі яғни балалардың денсаулығын сақтауға да аталған қордың көмегімен барынша назар аударылады. Жоба аясында денсаулық сақтау саласында балаларға арналған арнайы бағдарламалар мен медициналық көмек көрсету арқылы олардың денсаулығын нығайту және профилактикалық шараларды күшейту маңызды аспект. Мемлекеттік «Ұлттық қор – балаларға» жобасы балаларды өздігінен дамуға ынталандыруға бағыттайтын мүмкіндік. Бұл әрине, балалардың өз бетінше болашағын ойлауына әрі нақты өз әрекеттетіне жауап беруіне мүмкіндік береді. Аталған жоба балаларға өздерінің қызығушылықтары мен қабілеттерін дамытуға жасалған мүмкіндік. Бұл олардың әлеуетін толық жүзеге асыруға септігін тигізбек. Қор арқылы жүзеге асырылатын аса маңызды істердің бірі – жобаның арқасында қоғамдық тұрақтылық орнатуға мүмкіндік. Балалардың жақсы өмір сүру жағдайы қоғамның жалпы тұрақтылығына және әлеуметтік бірлігін нығайтуға ықпал етеді. Бұл балалардың алдағы өмірінде кездесетін әлеуметтік мәселелердің алдын алуға тиісінше ықпал етеді. Балалардың әл-ауқаты мен дамуы қоғамның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі. Жоба аясында жүзеге асырылатын шаралар, мысалы, әлеуметтік қолдау, білім беру және денсаулық сақтау бағдарламалары, балалардың толыққанды дамуымен қатар олардың қоғам істеріне де белсенді қатысуына ықпал етеді. Бұл бастама арқылы біз болашақ ұрпаққа сапалы білім, денсаулық және әлеуметтік қолдау ұсынып, олардың өз әлеуетін толық ашуына мүмкіндік береміз. Құзырлы органдардың мәліметінше жоба негізінде қоғамның білімді, дені сау және белсенді азаматтарын тәрбиелеуге септігін тигізеді. Сондай-ақ, бұл жоба елімізде әлеуметтік теңсіздікті азайтуға көмектеседі. Мемлекеттік жобаның өміршеңдігі мен қажеттілігін жергілікті мәслихат депутаттары да жоғары бағалап отыр. Жобада аз қамтылған және әлеуметтік жағдайы осал отбасылардағы балаларға қосымша қолдау көрсету арқылы, біз олардың әлеуметтік сатыда жоғарылауына және қоғамның барлық деңгейінде тең мүмкіндіктерге қол жеткізуіне жағдай жасаймыз. Жалпы, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы – еліміздің әлеуметтік саясатының маңызды бөлігі. Ол тек балалардың әл-ауқатын арттырумен ғана шектелмей, бүкіл қоғамның сапалы әрі тұрақты дамуына жол ашады. Бұл жоба қоғамның әрбір мүшесі үшін маңызды өзгерістерді қамтамасыз етеді және болашақ ұрпақтың жақсаруына бағытталған стратегиялық қадам, – дейді Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Айдын Төребаев. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мәліметінше, еліміз бойынша 2006 жылдың 1 қаңтарынан бастап өткен жылдың 31 қаңтарына дейін туған балалардың есепшотына 7 миллион теңгеге жуық қаражат жиналған. Бағдарлама аясында ақмолалық балалардың да есепшотына қордан қомақты қаражат түскен. Соңғы статистикалық деректер бойынша Ақмола облысында жалпы саны 215 487 баланың әрқайсысына 100 доллар көлемінде қаражат бөлінген. Жыл сайын көбейетін қаражат баланың есепшотына түсіп отырады. Елімізде қолға алынған балаларға арналған тағы бір іргелі жоба – «Келешек» жобасы да болашақ ұрпақтың кемелденуіне зор мүмкіндік бермек. Бірінші кезекте балалардың жоғары білім алуына жол ашатын бағдарлама ерікті түрде ата-аналардың есепшот ашуы арқылы жүзеге асырылады. Қ ұ з ы р л ы в е д о м с т в о л а р д ы ң мәліметінше алдағы болашақта білім беру жүйесіне түсетін жүктеме едәуір артады. Өйткені жыл сайын елімізде бала туу көрсеткіші артып отыр. Қазіргі уақытта түлектердің 40 пайыздан астамын грантпен қамтуға мүмкіндік бар. Алайда Білім министрлігі 2040 жылға дейін мемлекеттік гранттар көлемі 15 пайызға дейін қысқаруы әбден мүмкін. Деректерге сенсек мәселенің оң шешімін табу мақсатында«Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін әзірлеу басталған. Мемлекет басшысы халыққа жолдауында жоғары білімді қолжетімді ету үшін осы жүйені енгізуді тапсырған болатын. Осы мақсатпен 5 жастағы балаға арнайы шот ашуға болады, оған мемлекет 60 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде білім алуға бастапқы капитал салады. Сондай-ақ ата-аналардың ерікті жарналары, 5-7 пайыз мөлшерінде жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс есебінен қаражат жинақталады. Сонымен қаражаттың қалай жиналатынын көз жіберсек. Егер айына 1 айлық есептік көрсеткіш, яғни қазір бұл 3 450 теңге мөлшеріндегі ең төменгі жарна салынып отырса, бала 18 жасқа толғанда шотында 3,3 млн теңгеден астам қаражат жиналады. Ал ата-аналардың ерікті жарналары, мысалы, айына 3 айлық есептік көрсеткішке дейін көбейсе, 7 млн теңгеден астам қаражат жинақтау мүмкіндігі болады. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының «Ұлттық қор – балаларға» бастамасы аясында қаражат жинақталады. Бұл кейіннен қаражатты бір жерге шоғырландыруға, таңдаған жоғары оқу орнының оқу ақысын төлеуге жетеді деген сөз. Жалпы, қорыта келгенде «Келешек» жүйесі де «Ұлттық қор – балаларға» жобасы да азаматтарды қолдаудың оның ішінде келешекке қадам басатын балалардың болашағының жарқын болуына қосымша тетік. Ал талапкер грантқа түскен жағдайда, шотында жинақталған қаражатты тұрғын үй сатып алуға жұмсай алады. Бұл әрине еліміздің ертеңгі болашағына халықтың өз күшімен салынатын мол инвестиция болары сөзсіз.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ


