– Ерлан Ермекұлы, тұтынушы құқының бұзылмауы кез келген қоғам үшін көкейкесті мәселе. Бұл бағытта өзіңіз жетекшілік ететін департаментте қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тұрақты негізде тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды тиімді қамтамасыз етуде. Департамент тұрақты негізде тұтынушыларға өздерінің құқықтары мен сатушылардың заңды мүдделері мен міндеттері туралы түсініктемелер мен кеңестер береді. Сонымен қатар, қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп дөңгелек үстелдер, акциялар, семинарлар, брифингтер, жергілікті телеарналарда сұхбаттар, әлеуметтік желілерде түсіндіру шараларын өткізеді. Сатушыларға сауда қызметі заңнамасының сақталуы туралы жадынамалар таратылады. Мәселен, Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті бірінші жартыжылдықта сауда саласында 234 кәсіпкерлік субъектісіне ескерту жасап, әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарларына шекті үстемеақының 15 пайыздан асқаны үшін әкімшілік сипаттағы шараларды қолданды. 578 мың теңгеге 26 айыппұл салынды. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында кәсіпкерлік субъектілеріне шағымға жауап бермегені және тұтынушылар бұрышының жоқтығы үшін 30 ескерту және 1 айыппұл салынды.
– Тұтынушылардан қай салалар бойынша шағым көп түседі?
– Департамент атына биыл 303 өтініш келіп түсті. Олардың 60 пайызы бөлшек сауда, 11 пайызы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтері, 8 пайызы туристік қызмет, 5 пайызы қоғамдық тамақтандыру саласы бойынша. Осы арада автосалондардың сапасыз автомобильдерді сату жағдайлары жиілеп кеткенін атап өткім келіп отыр. Сипаттамаға сәйкес келмейтін массаж шапандарын сату жағдайлары жалғасуда. Департаментке жүгінген кезде тұтынушыларға жыл басынан бері 30,2 млн теңге ақшалай қаражатты қайтаруға көмек көрсетілді. Бірлескен жұмыс нәтижесінде 23 түрлі импорттық өнім қауіпті және сапасыз еместігін анықтау бойынша зерттелді. Өнімнің 14 түрі санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға және таңбалауға сәйкес келмеді. Кәсіпкерліктің төрт субъектісіне қатысты 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттама жасалды және оларды жою туралы нұсқама енгізілді.
– Департамент бизнес субъектілеріне және тұтынушыларға қандай кеңес береді?
– Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы талаптарды, қолданыстағы заңнаманы әрдайым сақтау қажеттігін еске салу міндетіміз. Оның ішінде: сауда үстемесі өндірушінің сату бағасынан немесе көтерме жеткізушінің сатып алу бағасынан 15 пайыздан артық аспауы керек; сатылатын тауарларға баға белгілері болуы тиіс; 14 күн ішінде тауарды тұтынушыға қайтару және айырбастау міндет; тауар (жұмыс, қызмет) туралы ақпарат; «тұтынушы бұрышының» болуы; күнтізбелік он күн ішінде тұтынушының шағымына жауап беру негізгі шарттың бірі.
– Тұтынушылар құқын қорғау саласында жылдық қорытындыда қандай өзгерістер бар?
– Былтыр департамент сауда үстемесін асырғаны үшін 70 кәсіпкерлік субъектісіне әкімшілік шара қолданды. Оның ішінде 65 ескерту және 200 мың теңге мөлшерінде 5 айыппұл салынды. Мемлекеттік органдар мен азаматтардың өтініштері бойынша (ЭТД, БҚжДА) – 733 теңге сомасына 6 айыппұл салынды. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында департамент атына былтыр 863 өтініш түскен. Олардың 44 пайызы бөлшек сауда (азық-түлік өнімдерінің жарамдылық мерзімдері мен сақтау нормаларын сақтамау, тауарлардың сапасына, заң бойынша талап етілетін азық-түлік туралы ақпараттың болмауына наразы); 18 пайызы электрондық сауда (тауар мен сатушы туралы ақпараттың болмауы, ұсынылатын тауардың сипаттамаға сәйкес келмеуі, интернет-сайттардың тауар мен ақшаны қайтарудан бас тартуы, сондай-ақ алаяқтық фактілерінің көбеюіне қатысты маркетплейстерге қатысты жалғасып жатқан шағымдар фактілері әсер етті); 5 пайызы туристік қызмет көрсету салаларына (Бурабайдағы демалыс базаларында пайдаланылмаған қызмет үшін ақшалай қаражатты қайтарудан бас тарту немесе шарттардың сәйкес келмеуі) қатысты болды. 2022 жылмен салыстырғанда осы салаларда 2023 жылы түскен өтініштер санының өсуі кәсіпкерлер тарапынан тұтынушылар құқықтарының бұзылуының жиілегенін айқындайды. Былтыр қолданыстағы заңнаманы бұзғаны үшін 20 ескерту және 1,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. 74 млн теңге тұтынушылардың қаражатын қайтаруда көмекке берілді.
– Мемлекет басшысының 2023 жылғы жолдауында айтылған тапсырмаларын орындау мақсатында, Сауда және интеграция министрлігі «Сапалы Өнім» тұжырымдамасының жобасын жасаған еді. Оның бүгінгі беталысы қалай?
– «Сапалы Өнім» тұжырымдамасы нарықты және отандық өндірушілерді қорғауға, сауда саясатында реттеуші шараларды әзірлеуге бағытталған. Оның міндетіне тұтынушыларды қорғау жөніндегі үкіметтік емес секторды, жергілікті атқарушы және өкілдік органдарды, кәсіпкерлік қоғамдастықты, ішкі нарықтағы отандық өндірушілер мен тұтынушыларды қауіпті және сапасыз өнімдерден қорғау кіреді. Сондай-ақ парасатты бәсекелестікті дамыту үшін жағдай жасау да назарда тұр. Жобаны іске асыру мақсатында қоғамдық бірлестіктер мен қауымдастықтар тұтынушыларға қолжетімді тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау немесе қызметтер көрсету орындарына бару арқылы қоғамдық бақылауды жүзеге асырады. Бұл ретте олар тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігіне сараптама жүргізуге бастамашылық жасайды, сондай-ақ тұтынушылар мүддесі үшін сотқа талап-арыз береді. Тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы анықталған кезде, ақпарат тиісті мемлекеттік органдарға жіберіледі, сондай-ақ бақылау субъектісіне берілетін болады. Бүгінде қоғамдық бірлестіктер қызметін неғұрлым тиімді интеграциялау үшін ахуалдық штаб құрылып, жұмыс істеуде. Оның құрамына бейінді мемлекеттік органдар және «Тұтынушыларды қорғау» қоғамдық бірлестігі кіреді. Ахуалдық штабтың бірлескен жұмысының нәтижелері бойынша 2023 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін импорттық өнімнің шамамен 13 түрі зерттелді. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға, мәлімделген сипаттамалар мен құрамға, сондай-ақ өнімнің таңбалау талаптарына сәйкес келмеуі бойынша 10 түрлі бұзушылықтар анықталды. Кәсіпкерліктің үш субъектісіне қатысты 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынып, хаттама толтырылды және осы кемшіліктерді жою туралы нұсқама берілді. Азық-түлік өнімдеріне арналған үш декларацияның күші жойылды.
– Сұхбатыңызға рақмет.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»


