Әрбір елдің Ата заңы – қорғаны. Қазақстанның дамуына серпін беріп, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғаудың айнымас тірегі болып келген Конституциямыздың қабылданғанына да биыл 29 жыл толып отыр.
Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам, оның бостандығы мен құқығы екенін бекіткен Ата заңымыз тақыр жерден пайда болған жоқ. Бас құжаттың негізінде сонау Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Әз-Тәукенің Жеті жарғысынан тамыр алған дала заңдары тұр. Ал тәуелсіз елдің тұғыры болған бүгінгі Конституцияны дайындауға үлкен мән берілгені, халықтың талап-тілегі толық ескерілгені тарихтан белгілі. Бұл құжаттың халықтық заң деп аталуы да сондықтан.
Жалпы, жаңа құжатты дайындауға еліміздің ең мықты заңгерлері, білікті сарапшылар, құқық танушылар тартылды. Одан бөлек, конституциятанушы шетелдік мамандар да қатарға қосылды. Осылайша жұмыс тобы басқа өркениетті елдердің Конституцияларын таразылап, оң мен солын сараптап, Қазақстан халқының менталитетіне, өмір салтына сай келетін тұстарын басшылыққа ала отырып, жаңа құжаттың сапалы дайындалуына атсалысты. Әлемдегі ең жас Конституция деп танылған Қазақстанның Ата заңына қатысты шетелдік сарапшылардың да пікірі жоғары. Олардың бірқатары Ата заңды демократиялық принциптерге негізделген деп бағаласа, енді бір тобы «Қазақстанның Конституциясы әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 конституцияның бірі» деген тамаша пікір білдірген. Бұның өзі Ата заңымыздың үлкен әлеуетін білдірсе керек.
1995 жылы 30 тамызда қабылданған Конституция бүкілхалықтық референдумның жемісі. Дәл осы күні елдің ертеңіне бейжай қарамайтын тұрғындар референдумға бір кісідей атсалысып, өздерінің тарихи таңдауын жасаған болатын. Ресми мәліметтерге сүйенсек, құжатты талқылауға 3 миллионнан астам адам қатысқан екен. Оған сайлау құқығы бар азаматтардың 90 пайызы қатысты. Жаңа заңды 7 млн-нан астам қазақстандық қолдап, дауыс берді. Бұл күн – Конституцияның көпшілік қалауымен Қазақстанның бас құжатына айналған тарихи дата. Міне, 29 жылдан бері Конституция қабылданған күн маңызды мереке ретінде еліміздің күнтізбесінен айрықша орын алған.
Конституция өркениетті елдер сапына қосылуымызға жол ашты. Еліміздің осы негізгі Заңы уақыт сынынан сүрінбей өтті. Оның негізгі қағидалары барлық халықаралық стандарттарға сай келіп, қоғам мен мемлекетті дамытудың осы кезеңдердегі ең жетілдірілген үрдістерімен үйлесім тапты. Мемлекеттің тәуелсіздігін нығайтып, экономикалық реформаларды жүргізудің басты құралына айналған Ата Заң адамдардың барлық азаматтық құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ете отырып, олардың мемлекеттің сенімді қорғауында екенін терең сезінулеріне жағдай туғызды.
Нобель сыйлығының иегері Альберт Эйнштейн «Конституцияның күші әр азаматтың оны қорғауға деген шешімінде жатыр. Конституциялық құқықтар әр азамат осы қорғауға үлес қосуды өзінің міндеті деп санаған жағдайда ғана қорғалады» деген екен. Шындығында Конституцияның пәрмені мықты, маңызы жоғары болуы үшін әрбір азамат өзінің ғана құқығын қорғап қоймай, өзгенің де құқығы мен бостандығына құрметпен қарағаны, заңнан аттамағаны абзал. Сонда ғана Конституция өз мұратына жетеді.
Б.А.Нұрәлі,
Тараз қаласы мамандандырылған тергеу соты
әкімшісінің басшысы