Өңірлердің инфрақұрылымын ілгерілетіп, халықтың тұрмысы мен өмір сүру сапасын жақсартуды негіз еткен «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының аясында көптеген жемісті істер атқарылуда. Әсіресе, Ақмола облысындағы жұмыстар бойынша ауыз толтырып айтуға болады. Шағын қалалар көркейіп, әлеуметтік нысандар жаңғырып, келешек ұрпақтың білім алуына қолайлы жағдай жасалуда.
Салалардың дамуына алғышарт
Кез келген дамушы саланың әсері оның болашақ ұрпақты қолдауынан білінеді. Қазір Ақмола өңіріндегі ауылдарда жалпы саны 7,5 мың баланы қамтитын мектептер салынуда. Жалпы, 2024 жылы Ақмола облысында оқушылар мен бүлдіршіндердің білім сапасын арттырып, халықты озық медициналық қызметпен қамтамасыз ету үшін 12,8 миллиард теңгеге 14 жоба жоспарланған. Бұдан бөлек, «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 84 ауылда 103 іс-шараның тізімі бекітілген. Шара болғанда бұрынғыдай науқан емес, нақты нәтижеге негізделген істер. «Бір жақсылық екінші жақсылыққа жол ашады» дегендей, жобаларды жүзеге асыру кезінде қосымша жүздеген адам уақытша жұмыспен қамтылады. Жобалар аяқталғаннан кейін жұмыс орындарының ашылатыны тағы бар. Бұл аз десеңіз, сумен қамтамасыз ету, кәріз жүйесі, электр желілері, мәдениет үйлерінің құрылысы мен күрделі жөндеуден өткізу жобалары жүруде. «Қуатты өңірлер» жобасының бір тармағы саналатын «Ауыл – ел бесігі» жобасы Ақмолаға көптеп пайдасын тигізуде. Осы жоба шеңберінде даму әлеуеті бар ауылдық елді мекендердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жаңарту үшін қыруар қаражат бөлінген. Былтыр Ақмола облысының 70 ауылында 111 жобаны іске асыруға республикалық және облыстық бюджеттен 15,6 миллиард теңге қарастырылыпты. Оның ішінде республикалық бюджеттен 6,5 миллиард теңгесі, жергілікті бюджеттен 9 миллиард теңгесі алынған. Бұл қаражатқа не істелді дерсіз? Тізер болсақ, 27 әлеуметтік нысан, 2500-ге жуық адам тұратын 2 ауылда 17 шақырым кәріз желілері, 15 өңірдің 33 ауылындағы жолдар, 4 ауданның 6 ауылында 100 шақырым сумен жабдықтау желілері, Бұланды ауданының Вознесенка ауылындағы 78 метрлік көпір, 19 ауылда 3 шақырым жылу желілері, 300 шақырымнан астам көшелерді жарықтандыру және электрмен жабдықтау желілері, Целиноградтағы 6 мәдениет үйі, фельдшерлік-акушерлік пункт, спорт кешені және 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені жөнделген. Жұмыстар мұнымен тоқтап қалмасы белгілі. Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 84 ауылда 103 іс-шараны іске асыруға 19,4 миллиард теңге бағытталды: республикалық бюджеттен – 8,5 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен – 10,9 миллиард теңге. Атап айтар болсақ: білім беру саласында – 33, денсаулық сақтау саласында – 4, мәдениет саласында – 15, спорт саласында – 5, ТКШ – 19, көлік саласында – 27. 103 жобаның ішінде 2023 жылы 54 жоба жүзеге асырылып бастаған және 49 жаңа жоба қолға алыныпты. Осы жобаларды іске асыру кезінде 128 жұмыс орны, оның ішінде 80 уақытша жұмыс орнын құру жоспарланған, объектілер пайдалануға берілгеннен кейін 48 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Ұрпақ қамы бүгіннен бастау алады
Жоғарыда біз сыйымдылығы 7500 орыннан асатын 15 мектеп салынып жатқанын айттық. Енді бұған қоса тағы 140 орындық 1 мектеп, 3 дәрігерлік амбулатория мен 8 мәдениет үйі, 120 шақырым жол салынып, үш елді мекенде 2443 адамға таза ауыз су жетті. Сондай-ақ Аршалы, Ерейментау және Жақсы атты үш ауданның 10 ауылында көшелер жарықтандырылды. Басаяғы жеті мың адам тұратын Зеренді ауданының Зеренді ауылы электрмен жабдықталды. Есіл ауданының Бузулук, Двуречное және Сандықтау ауданының Сандықтау ауылында балалардың шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында мәдени демалыс іс-шаралары ұйымдастырылды. Осы жобаларды іске асыру кезінде былтыр 218 уақытша жұмыс орны құрылған екен. Ақмола облысы әкімдігінің дерегінше, 2023 жылы 17 іс-шараны іске асыруға 17,9 миллиард теңге бөлініпті, дәлірек республикалық бюджеттен 15,4 миллиард теңге, өңірлік бюджеттен 2,5 миллиард теңге. Қаражат Целиноград ауданы Қараөткел ауылында және Қосшы қаласында 280 орындық екі балабақша, Қосшы қаласында 1200 орындық екі мектеп, Целиноград ауданы Қоянды ауылында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығын салуды жалғастыруға бағытталған. Қосшы қаласында (2 жоба) және Қараөткел (2 жоба), Талапкер (2 жоба), Қоянды (жаңа жоба), Целиноград ауданы, Жалтыркөл, Жібек жолы, Аршалы ауданында 42 жолайырық, Аршалы ауданы Жібек Жолы ауылында сумен жабдықтау желілері, Целиноград ауданы Ақмол ауылы және Аршалы ауданы Жібек Жолы ауылында электрмен жабдықтау желілері салынғалы жатыр. 2023 жылдың қорытындысы бойынша, Қосшы қаласында 1200 орындық мектеп салу және Аршалы ауданы Жібек Жолы ауылының 6,7,8-шағын ауданында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салу бойынша 2 жоба аяқталып үлгерген. Ал биыл 14 жобаны іске асыруға 12,8 миллиард теңге көзделген. Республикалық бюджеттен 7,5 миллиард теңге, өңірлік бюджеттен 5,3 миллиард теңге. Ол қаржыға Целиноград ауданы Қараөткел ауылында және Қосшы қаласында 280 орындық 2 балабақша, Қосшы қаласында 1200 орындық мектеп, Целиноград ауданы Қоянды ауылында алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығының құрылысы басталды. Өз кезегінде бұның бәрі келешек ұрпақтың жайлы өмір сүруіне бағытталғанын айта кеткен абзал.
Шағын қалалар шырайлана түсті
Былтыр моно-шағын қалаларды дамыту бағдарламасы шеңберінде 6 қалада 8 жобаны іске асыруға 2,8 миллиард теңге бөлінген болатын. Жыл қорытындысында оның бәрі түгел, яғни, 100 пайызға орындалғаны мәлім болды. Қала көшесімен көрікті демекші, қаражат Степногорск, Ақкөл және Атбасар қаласында автожолдарды қайта жаңартуға жұмсалған. Щучинск және Ерейментау қаласында жылумен жабдықтау желілерінің құрылысы биыл басталып кетті. Сонымен қатар, жылумен жабдықтау желілерін салу бойынша жұмыстарды жалғастыру үшін 6 жобаны іске асыруға 2 миллиард теңге көзделген. Енді 2024 жылдың соңына дейін жылумен жабдықтау желілерін салу және автожолдарды қайта жаңарту бойынша 5 жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Осылайша, «Қуатты өңірлер» жобасы Ақмола облысының тыныс-тіршілігіне жан бітіргенге ұқсайды. Жобалар жалғасын таба берер болса, келешекте өңір халқының өмір сүру сапасы мен тұрмысы жақсаратынына сенім мол.
Шернияз ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ


