Татулық – береке кілті

Өмір болған соң күнделікті қақтығыстар мен келіспеушіліктердің орын алуы қалыпты жағдай. Өркениетті елдерде мұндай дау-дамайларды бейбіт жолмен, соттың қатысуынсыз шешудің толыққанды тәртібі жасалған. Тіпті кейбір құқықтық мемлекеттерде даулардың басым бөлігі медиацияның көмегімен шешімін табады. Ал Қазақстанда тараптарды татуластырып, дауды бейбіт жолмен реттеудің тетігі «Медиация туралы» заңның қабылдануынан бастау алады. 

Бұл заң 2011 жылдан бері қолданыста. Содан бері медиацияның қолданылу аясын кеңейтіп, дауларды шешудің балама әдістерін қарастыру бойынша ауқымды бастамалар қолға алынды. Сәйкесінше Азаматтық процестік кодекстің  17-тарауы «Татуластыру рәсімдері» деп аталып, онда дауды альтернативті тәсілмен шешудің барлық мүмкіндігі жасалған. Осы жаңашылдыққа орай татуласу келісімін және дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді жасау тәртібі, келісімдердің нысаны мен мазмұны, соттың келісімдерді бекіту тәртібі және келісімдердің орындалуы сияқты мәселелер кеңінен дәйектелді.

Заңнамалардағы осындай жаңғыртуларға сәйкес бүгінде тараптарды татуластырудың барлық мүмкіндігі қарастырылуда. Медиаторлардың, татуластырушы судьялардың көмегімен бітімге келіп, кикілжіңді өзара мәмілемен аяқтаған азаматтар дауды альтернативтік тәсілмен шешудің жаңа түрі партисипативтік рәсімге де зор қызығушылық танытып келеді. Партисипативтік рәсім екі тарап адвокаттарының дауды реттеуге жәрдемдесуімен, тараптар арасында келіссөздер жүргізу арқылы судьяның қатысуынсыз өткізіледі.

Жалпы, татуластыру рәсімдерінің тиімділігі аз емес. Тараптардың өзара бітімгершілік келісіміне келуінің немесе дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасауының, тіпті дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасауының да тараптар мен сотқа ыңғайлы екенін айта кеткеніміз абзал. Оның ең басты артықшылығы – татуластырудың осы үш рәсімінде де тараптар екі жаққа да тиімді шешімге қол жеткізеді. Соған орай мұнда жеңген немесе жеңілген тарап болмайды. Келісім барысында екі жаққа да ыңғайлы шарттар қарастырылатындықтан, шығарылған сот актісінің орындалуы оңай. Келісім тараптардың қалауымен жасалғандықтан, сот актілерінің орындалмай  орта жолда қалатын кездері сирек.

Сотпен салыстырғанда медиацияда жеңген не жеңілген тарап болмайды. Сондай-ақ, медиация біреуді кінәлі не кінәсіз деп тануға да негізделмеген. Сондықтан медиацияда екі тараптың арасындағы сыйластыққа, достыққа сына қағылмайды. Ал сотта өзінікін дұрыс деген тараптардың бір-бірімен бет жыртысып, бір-біріне ауыр сөздер айтып, даудың соңы татулықпен емес, дауласып, жауласып бітетінін тәжірибе көрсетіп келеді. Бұл да тараптардың медиацияны таңдауына бірден-бір себеп.

Медиация мен сот процесінің айырмашылығын санамалағанда уақыт пен қаржылық шығындағы басымдыққа да тоқталмай кетуге болмайды. Мәселен, сот процесі – ұзаққа созылатын, күйзеліске түсіретін, уақыт жағынан тиімсіз процесс. Ал медиацияда уақытты тараптардың өзі басқарады. Екі жақ келісілген уақытта бас қосып, бір пәтуаға келетінді. Өкінішке орай сотта мұндай еркіндік болмайды. Істі қараудың тәртібі мен мерзімін белгіленгендіктен, оны бұзуға соттың құқығы жоқ. Бұған қоса, сотқа барып келу, процесс аяқталғанша қатысу – уақытпен бірге қаржылық жақтан да үлкен шығынды талап етеді. Сондықтан уақыты мен қаржысын үнемдегісі келгендер де медиациялық келісімге басымдық бергені дұрыс. Сонымен қатар, келесі бір артықшылық сот – қоғамдық процесс болса, ал медиация құпиялылықты қамтамасыз ететін, тараптардың жұмбақ деректерін жария етпеудің мүмкіндігі.  Медиацияны таңдауда бұл да қаперде болуы керек.

Қуаныштысы, халық медиацияның тиімді, ыңғайлы, пайдалы екеніне көз жеткізді. Сот жүктемесін азайтып, сот беделін көтеруге ықпал ететін медиация институтын әрі қарай дамытып, насихатын тұрақты назарда ұстау кезек күттірмейді.

Исағали Тұңғышбаев,

Қызылорда қаласы әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы

Әлихан Бөкейханов және құқықтық мемлекет идеясы: тарихи мұра мен заманауи сабақтастық

Әлихан Бөкейханов – қазақ тарихындағы аса ірі тұлғалардың бірі,...

Мемлекеттік тілдің сот жүйесіндегі қолданылуын жетілдіру мәселелері туралы

Құрметті әріптестер, құрметті мемлекеттік тіл бойынша жауапты мамандар! Бүгінгі кездесудің...

Алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершіліктің өзекті мәселелері

Алаяқтық – қоғамдағы ең кең таралған әрі қауіпті қылмыстардың...

Almaty Half Marathon 

МАССОВЫЙ СПОРТ В АЛМАТЫ СТАНОВИТСЯ ХОРОШЕЙ НАЦИОНАЛЬНОЙ И КРЕАТИВНОЙ...

Согласно миссии ООН

В АЛМАТИНСКИЙ ВОЕННЫЙ ГАРНИЗОН С РАБОЧЕЙ ПОЕЗДКОЙ ПРИБЫЛ ЗАМЕСТИТЕЛЬ...