Қазақ тілі – қазақ халқының ең басты құндылығы. Мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесі айқындалған қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, маңызын арттыру еліміздегі басым бағыттың бірі. Осыған орай Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларында қазақ тіліне деген қажеттілікті арттырудың тетіктері жан-жақты қарастырылып келеді. Мұндай іс-шаралардан еліміздің сот құрылымдары да шет қалмаған.
Бүгінде сот жүйесінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясы жыл өткен сайын артып келеді. Жоғарғы Соттан бастап республикамыздың кез келген сотында барлық кіріс-шығыс құжаттарының мемлекеттік тілде жазылып, рәсімделуіне айрықша ден қойылған. Сонымен бірге, сот өндірісіне түскен істердің мемлекеттік тілдегі үлесін көтеру бойынша да ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда.
Шын мәнінде біздің заңдарымызда сот істерін мемлекеттік тілде қараудың барлық тетігі қарастырылған. Айталық Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 14-бабында азаматтық істер бойынша сот ісін жүргізу қазақ тілінде жүргізіледі, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал заңда белгіленген жағдайларда басқа тілдер де қолданылады деп дәйектелген. Сондай-ақ сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою арызы берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленетіні көрсетілген.
Ал Қылмыстық-процестік кодекстің 30-бабында қылмыстық сот iсiн жүргiзу қазақ тілінде жүргiзiлетіні, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, қажет болған кезде басқа тiлдер де қолданылатыны нақтыланған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде қылмыстық процесті жүргізетін орган күдіктіге оның сот ісін жүргізу тіліне қатысты құқықтары мен міндеттерін, оның ішінде қорғаушының көмегіне жүгіну құқығын түсіндіруге тиіс.
Міне, біз басшылыққа алатын маңызды құжаттарда соттағы негізгі тілдің қазақ тілі екені айқындалған. Дегенмен, сот тәжірибесі көрсеткендей еліміздің азаматтары сотқа жүгінгенде жоғарыдағы талаптарды ескере бермейді. Кейде білместікпен, кейде мемлекеттік құрылымдардың салғырттығынан, кейбір жағдайда заңгерлер мен адвокаттардың кеңесімен өзі орыс тілін жетік білмесе де, талап арызы орысша жолдайтындар аз емес. Бұл өз кезегінде соттағы мемлекеттік тілдің үлесін төмендетуде. Яғни, бұл сот өндірісіндегі мемлекеттік тілдің үлесі тек соттағы жұмыстарға байланысты еместігін дәлелдейді. Дегенмен, сот тарапынан түрлі жиындар, дөңгелек үстелдер, қабылдаулар ұйымдастырылып, онда мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге құзырлы органдар мен қарапайым халықты жұмылдыруға басымдық берілуде.
Сот жүйесіндегі мемлекеттік тілдің дамуы – сот төрелігін жүзеге асырудағы басты аспектінің бірі болып табылады. Осыны ескере отырып Алматы гарнизоны әскери соты әскери басқару органдары және әскери бөлім басшылықтарымен бірлесе отырып, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында тұрақты іс-шаралар өткізуде. Соның ішінде сот төрелігін жүзеге асыруда мемлекеттік тілді қолдануды жетілдіру, талап қоюды мемлекеттік тілде беру, мекемелер арасында хат алмасуды толығымен мемлекеттік тілде жүргізу бойынша түрлі талқылаулар ұйымдастырылып, туындаған мәселелерді шешуге қадам жасалып келеді.
Бүгінде әскери соттарда мемлекеттік тілдегі сот істерін қарау үлесін арттыру аса өзекті. Қазақ тілін қажет тілге айналдыру тек судьялардың ғана қолында емес. Сондықтан елдік іске барша жұртшылықты біріктіргеннен ұтарымыз көп.
Нүркен Жексембиев,
Алматы гарнизоны әскери сотының төрағасы


