Еліміздің әр аймағында шаруашылығын өрге домалатып қана қоймай, сол аймақтағы елді мекендердің де берекесін кіргізіп, әлеуметтің әлеуеттік жағдайын түзеп, кем-кетігін толтырып отырған серіктестіктер баршылық. Кәсіп иелері өзіне ғана емес халықтың игілігіне де қызмет еткен соң, тұрмысы бүтінделіп, түтіні түзу шыққан шалғайда жатқан бірқатар ауылдардың жағдайы айтарлықтай жақсарғанын көріп, көңілді қуаныш кернейді. Ақмола облысында да өздері орналасқан ауылдың ажарын ашып отырған шаруашылықтар жетерлік. Солардың бірі Көкшетаудан 150 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан Сандықтау ауданына қарасты Байдалы ауылы.
Шалғайда жатқан ат төбеліндей ғана ауылда бірінші кезекте адамдардың лайықты өмір сүруі мен жұмысына қолайлы жағдай туғызуға баса көңіл бөлінеді. Бұл «Байдалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Байдалы – 2» ауыл шаруашылығы кәсіпорны басшыларының негізгі қағидаларының бірі. Қос шаруашылықты дәл осы Байдалы ауылынан түлеп шыққан бауырлар Бағдат пен Марат Оразалиндер басқарады. Кәсіптің көзін тапқан қос азамат әкелері, аграрлық салада өңірдегі белгілі басшы – Амангелді Оразалиннің ізін жалғаған. Ал Амангелді Байдалыұлының өзі әулеттің негізі, туған ауылының керегесін кеңейткен атағы тұтас елге аян майдангер – Байдалы Оразалиннің тұяғы. Әулеттің басы Байдалы Оразалин Кеңес заманындағы ең жоғары марапат – Социалистік еңбек ері орденінің иегері. Кезінде «Амангелді» ұжымшарын басқарып, туған топырағына еңбегі ерекше сіңген тұлғаға өз ауылындағы жергілікті мектепке есімі берілген. Аталарының ізін жалғаған ұрпақтарының өнегелі ісінің арқасында Байдалы елі күн сайын көркейіп, етек-жеңін түзеп келеді. Бұған шаруашылық серіктестігінің қосып отырған үлесі ерен. Аталарының ізгі дәстүрі мен өнегелі өмір жолын одан әрі жалғаған ұрпақ ауылдың тірлігін одан әрі бүтіндеп, халқының әл-ауқатының артуына жағдай туғызған. Ауылға екі қолға бір күрек табу үшін келіп еңбек етіп жүрген мамандарға орталықтандырылған жылу және су жүйелеріне қосылған, ірі қалалардағы үйлерден еш кемдігі жоқ жайлы үйлерден пәтер беріледі. Заманға сай, барлық жайлылық жасалған пәтерлерді салу жұмыстары осыдан үш жыл бұрын басталыпты. Бүгінге дейін жаңадан бой көтерген оқтаудай түзу көшедегі қаздай тізілген 11 үй анадайдан көз тартады. Жаңа үйлердің сегізінде сол ауылдың тұрғындары тұрып жатыр. Қалған үш үй шаруашылықтың одан әрі өркендеуі үшін ауадай қажет болып отырған мал дәрігері, инженер және механизатор сияқты мамандарға берілмек. Бүгінгі күндегі басты қажеттілік – баспанаға ие болғандардың бірі шаруашылық жүргізушісі Медет Тілесбаев Байдалыға Солтүстік Қазақстан облысынан отбасымен бірге көшіп келіпті. Отағасы «Байдалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне КаМаз жүргізуші болып жұмысқа орналасса, жұбайы Наталья әзірге кішкентай балаларымен үйде отыр. Аядай ғана ауылда қазір төрт жылдан бері бірнеше шағын цехтарда кәдімгі құрылыс материалының түр-түрі шығарылып келеді. Ірі қалаларда әдемі өрнектермен бедерлеп төселетін қырлы тақтатастар, кірпіштер, бедертастар, жылу оқшаулағыштар, шыныпакеттер мен әдемі есіктерге дейін жасалады. Шаруашылық баспаналар салумен қатар ауылдың дамуында басқа да игі істерді жолға қойған. Жақында «Байдалы» ЖШС-нің жаңа әкімшілік кеңсесі де бой көтерген. Ал онан сәл әрірек жұмысшыларға арналған жайлы жатақхана мен асхананың құрылысы жүріп жатыр. Шаруашылықтың тікелей араласуымен ауылдың үш бірдей көшесіне асфальт төселіп, басқа барлық көшелерге салу жоспарланыпты. Мұнымен қоса жолдардың қос торабына жиектасты жаяулар жолын да салу көзделіпті. Екі жыл бұрын ауылдың ортасында Жеңіс паркі де салынған. Қос шаруашылық ауыл мектебіндегі барлық шаралардың да демеушісіне айналған. Балалардың аудандық және облыстық шаралар мен жарыстарға қатысуы да қос шаруашылықтың есебіне кірген. Жыл сайын дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы шеңберінде барлық ауыл балаларының мектепке әзірлігіне қомақты қаржы бөлінеді. Сонымен қатар барлық мектеп оқушыларының шаруашылықтың есебінен тамақтанатынын атап өткен жөн. Білім ордасының жанында заманға сай жаңадан футбол, волейбол және баскетбол алаңдары орын тепкен. Спорттық алаңдардың құрылысына шамамен 12 миллион теңге қаржы жұмсалыпты. Ауылдың ең кішкентай тұрғындары үшін серіктестік табиғи тоғанның жағасына әткеншектері мен басқа да төбешікті сырғанақтары бар ойын алаңын орнатқан. Ауылда жергілікті мектепте еңбек жолын бастауға келген жас мұғалімдерге де жайлы үйлерден пәтерлер берілген. Серіктестіктің ел игілігіне берген тағы бір құрылысы ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункт. Медициналық нысан шаруашылық есебінен 18 миллион теңгеге барлық қажетті құрал-жабдықпен қамтылған. Ең алдымен ауылға аса қажет жедел жәрдем көлігі алынған. Қолда бар медициналық құралдардың арқасында байдалылықтар ешқайда шықпастан қан, зәр талдауларын өткізе алады. ФАП-та медициналық қызметкер болса қанның биохимиялық талдауын америкалық биохимиялық жартылай автоматтандырылған құрылғымен де жасауға мүмкіндік бар. Ауылдың медициналық нысанында тіпті облыстың кейбір ірі ауруханаларында кездесе бермейтін гематологиялық талдау қондырғысы да қойылыпты. Мұнымен қоса электркардиограмма аппараты да бар. Қайта жабдықталған жайлы әрі жарық ғимаратта күндізгі стационар палатасы, келушілер мен қызметкерлерге арналған әжетхана жайы бар. Ауылға жетіспей тұрған ендігі мәселе дәріхана екен. Бірақ бұл мәселе осы салаға жауапты ведомстволардың шешуіне беріліпті. Байдалы тұрғындарының басым бөлігі 27 мың гектардан астам егістік алқабы бар қос шаруашылықта еңбек етеді. Ауыл шаруашылығы кәсіпорнына тиесілі машина-трактор паркі үнемі жаңартылып тұрады. Жаңа техникалар лизингке алынып жатыр. Мәселен шаруашылық тек егіс науқанына ғана 17 бірлік егін себу кешенін шығарыпты. Яғни, қарапайым механизаторлар жайлы жағдайда егін себу қалыпты жағдайға айналған. Шаруашылық астық шаруашылығымен қатар мал шаруашылығына да ден қоя бастапты. Бұл саланы қос шаруашылық соңғы үш жылдан бері қолға алған. Мал өсіру үшін арнайы фермалар мен мал қоралар салынып, голштин-фриз атты ірі қара мал тұқымының алғашқы легін Австриядан, кейінгісін Чехиядан алдырған. Қазір қара малдың саны 120 басқа жетіп, оның жүзі сауын сиыр. Шаруашылық сүтпен қоса ет өндірісіне де мойын бұрып әулиекөл тұқымды 100 бас қара мал сатып алған. Бап пен күтімнің арқасында қысқа мерзім ішінде етті мал басы да 400-ге жетіп жығылған. Сондай-ақ бір табын қой мен он үйір жылқы да ауылдың қотанында бағылады. Әзірге ет өнімдерін ет комбинаттарына жөнелтіп отырмыз. Дегенмен, алдағы уақытта міндетті түрде ет өңдеу жұмыстарын да өзімізде жолға қоюды жоспарлап отырмыз. Бұл жоспар сонау болашақта емес жақын арада істеу мақсаты тұр. Етті өндіруге сатып алынған америкалық қондырғы жинап-құрастыруды күтіп отыр. Бәрі жүзеге асса жақын арада сүрленген, жартылай ысталған, қақталған, вакуумдық қаптамадағы докторлық шұжықтар істеу қолға алынбақ. Ендігісі тек ғимарат салып өндірістік желіні іске қоссақ болғаны, – дейді Марат Оразалин. Ал қаймақ, сары май, ірімшік, сүзбенің жұмсақ түрлерін өндіру шаруашылықта іс жүзінде жүзеге асқан. Күн сайын қанша көлемде сүтті өңдеу мен қандай түрлер әзірленетіні айқындалып, өткен жылы Оразалиндер өз қаражаты есебінен шағын цех тұрғызып, барлық қажетті құрылғыларды сатып алған. Мұның бәріне 170 миллион теңге қаржы жұмсалыпты. Серіктестік Қарағандылық ірімшік жасаушы технологпен келісімшарт жасаған. Цех іске қосылған соң ол жұмысшыларды сүзбе мен ірімшіктің жұмсақ түрлерін дайындауға үйретпек. Мұнда бәрі сақадай-сай әзір тұр. Тек қондырғыны іске қосу ғана қалыпты. Сиырларды сауудан бастап сүттің цехқа түсуіне дейінгі барлық процесс толықтай автоматтандырылған күйде болмақ. Фермада орналасқан сүтті салқындатқыш танкерден құбыр арқылы қайта өңдеу цехына тікелей түседі. Тазартылғаннан кейін сепараторға жіберіліп одан әрі сүт өнімдері әзірленеді. Шаруашылықта жаңа кәсіпорынның ашылуы ауыл тұрғындары үшін де аса тиімді. Жаңа цех іске қосылса тағы байдалылық алты әйел жұмысқа алынбақ. Жаңадан ашылатын сүт өңдеу цехы осы атыраптағы ауылдар мен таяу аудандағы жалғыз қайта өңдеу орны болатынын айта кету керек. Нарықта өнімді өткізу де қиынға түспейді. Өйткені, осыдан бірер жыл бұрын барлық жұмыс қолмен атқарылған тұста да қаймақ, ірімшік, сүт және сары май өз тұтынушыларын тауып үлгерген. Табиғи әрі дәмді өнім үшін ұзынсонар кезек болып, сүт өнімдері лезде өтіп кететін. Жаңа биіктерді бағындырып қана қоймай әлеуметтің әлеуетін көтеруге барынша көңіл қойған отбасылық кәсіпорынның алдағы жоспары да айқын. Шарушылық басшылары қолға алған істің бәрі шаруашылықтағы еңбек адамдарының игілігіне қызмет ететініне сенімді. Шаруашылық жетекшісі Марат Оразалиннің айтуынша биылғы жылы ауылда мұз алаңы бар спорт кешені мен атлетика залының құрылысы басталмақ. Маңындағы аумаққа балалар ойыны және воркаут алаңы салынады. Осы жазда Байдалыда тың игерудің 70 жылдығына орай алғашқы тың игерушілер паркі салтанатты түрде ашылды. Тарих қатпарына енген сонау жылдар тарихи сәттер елесі келер ұрпаққа тұғырға қойылған дизельді трактор мен үш тонналық жүк көлігін еске салады. Паркке қою мақсатында арнайы сатып алынған техника қайта өңделген тіпті әлі жұмыс істейтін болып шықты. Әрине, аграрлық салаға еңбек сіңірген әулеттің туған ауылының дамуы мен тарихи жылнамасына алтын әріптермен жазылары сөзсіз. Ең бастысы бұл істің бәрі елдің игілігі мен халықтың әл-ауқатының артуына қызмет етпек. Айрандай ұйыған аядай ауылдағы тірліктің бүтінделіп, жағдайының жақсаруы үшін талмай еңбектенген ауыл азаматтарының еңбегінің арқасында бір кездері тоқырауды бастан кешірген бұл ауылдың тіршілігіне қан жүгірген. Қазақтың әр ауылы дәл осындай болса елдің ертеңі де мығым болар еді-ау…
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ


