Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласында «Шанс» атты үкіметтік емес ұйым жеті жылдан астам уақыт өңір тұрғындарына көмк көрсеетіп жүр. 2017 жылдан бастап жүзеге асып келе жатқан жоба кәмелетке толмаған тұлғаларды әлеуметтік-психологиялық, құқықтық қолдау орталығының белсенді көмегімен жұмыс істейді. Орталықтың басшысы Әсем Асайынованың айтуынша, ұйымның жұмысы оңды нәтижелер бере бастаған.
– Орталық әртүрлі өмірлік қиындықтарға тап болған әйелдер мен балаларға жан-жақты көмек көрсетуге бағытталған, оның ішінде қиын өмірлік жағдайдағы балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғай отырып, әлеуметтік, психологиялық және құқықтық қолдауға бағытталған қызметтердің кең спектрі ұсынылады. Орталық тұрмыстық зорлық-зомбылық пен адам саудасының құрбаны болған әйелдер мен балаларға, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға көмек көрсетеді. Әйелдер мен балалар әртүрлі өмірлік қиындықтарға тап болуы мүмкін, біз кәмелетке толмағандарды әлеуметтік-психологиялық және құқықтық қолдау көрсетіп, қауіпсіз және жайлы орта құруға бағытталған жан-жақты көмектесуге тырысамыз,– дейді Әсем Әнуарбекқызы бізбен әңгімесінде. Маманның айтуынша, орталық 24/7 уақыт ішінде жұмыс істейді, сұрақ-жауапқа арналған сенім телефонының тәулік бойы жұмысы ұйымдастырылған. «Шанс» мекемесі әлеуметтік қолдаудың барлық түрлерін көрсетеді, мысалы, құжаттарды ресімдеудегі көмек: қамқоршылық, есепке қою, әлеуметтік жәрдемақы алу. Дағдарыс жағдайында әйелдер мен балаларды уақытша орналастыруды ұйымдастыру. Өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдау: кеңес беру, материалдық көмек көрсету, психологиялық көмектің барлық түрі көрсетіледі, мысалы – зорлық-зомбылыққа, ажырасуға, жақындарынан айырылуға тап болған әйелдер мен балаларға арналған жеке және топтық психотерапия. Оған қоса кәмелетке толмаған бала өсіріп жатқан аналарға да арнайы қолдау көрсетіледі. – Бізде бала тәрбиесінде қолдауды қажет ететін ата-аналарға психологиялық кеңес беріледі. Сонымен қатар құқықтық қолдау, оның ішінде, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, отбасы құқығы, қылмыстық құқық мәселелері бойынша заңгерлердің кеңестері. Балалардың құқықтарын қорғау істері бойынша соттарды сүйемелдеу. Оған қоса, білім беру бағдарламалары жұмыс істейді: кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу бойынша тренингтер өткізу. Ата-аналарға балаларды тәрбиелеу мәселелері бойынша семинарлар ұйымдастыру, – деді Әсем Асайынова. «Шанс» орталығы қызмет барысында көптеген әйелдер мен балаларға көмектесті. Орталық өмірлік қиын жағдайға тап болған кәмелетке толмағандарға тиімді көмектесу үшін қорғаншылық және қамқоршылық органдармен, құқық қорғау органдарымен, білім беру мекемелерімен ынтымақтасады. Мекеме жұмысы Ақмола облысының әйелдері мен балаларының құқықтары, мүдделерін қорғауда маңызды септігін тигізді, балалар мен олардың отбасыларына өмір сүру сапасын жақсартуға және қолайлы атмосфераны қалыптастыруға нақты көмек көрсетеді. Ақмола облысы бойынша кәмелетке толмаған тұлғаларды әлеуметтік-психологиялық құқықтық қолдау орталығы көмек сұрап келген қаншама жалғызбасты аналар қолдау алып, орталық басшылығы мен ұжымына алғысын білдіруде. 2024 жылдың басынан бері орталықта 14 әйел мен 138 бала орналасты. Қазіргі уақытта орталықта 7 әйел мен 28 бала көмек алуда. Көкшетау қаласының тұрғыны Наталья Симакова көпбалалы ана, оның азаматтық күйеуі оған қол көтеріп, жұмыс істемей, ішімдік ішіп, отбасының тыныштығын бұзған. Келіншек таныстарынан «Шанс» орталығы туралы естіп, төрт баламен мекемеге келген. Бүгін ол уақытша осы жерде тұрып жатыр. – Осы орталықты ашқан Әсем Асайыноваға алғысым шексіз, бұл жер маған тегін тұрғын орын мен тамақтануды ұсынды, балаларыма да өте ыңғайлы. Оған қоса мықты психолог мамандардың көмегіне жүгіндім. Келгенде менің көңіл күйім мен психологиялық жағдайым өте нашар еді, осы білікті мамандардың көмегімен өмірге деген құлшынысым оянып, өз қалпыма келдім. Ары қарай олар маған жұмыс тауып беруге көмектеседі, алға қойған арман мақсатыма жетемін деген үміттемін, – деді Наталья Андреевна. Айта кетейік, «Шанс» орталығының басшысы Әсем Асайынова 2022 жылы Ақмола облысының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі болып тағайындалды. Ол өңір жасөспірімдерінің өзекті мәселелерін өте жақсы біледі. Әсем Әнуарбекқызы 2017 жылдан бастап «Шанс» кәмелетке толмаған тұлғаларды әлеуметтік-психологиялық құқықтық қолдау орталығының директоры. Ол сондай-ақ азаптаудың алдын алу және адам құқықтары жөніндегі уәкілдердің Үйлестіру кеңесінің мүшесі. Қазақстандықтарды Сириядан қайтару бойынша «Жусан» арнайы операциясы аясында балалармен жұмыс тәжірибесі бар. 2021 жылдан бастап – «AMANAT» партиясының Ақмола облыстық филиалы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі. Ақмола облысы уәкілінен балалар да, ата-аналар да көмек сұрай алады. Балалардың құқықтары жөніндегі уәкіл баланың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзу жөніндегі өтініштерді, жергілікті атқарушы органдар мен басқа да ұйымдар тарапынан әрекеттерге немесе әрекетсіздікке шағымдарды қарайды. Сондай-ақ балаларды қорғау саласындағы мәселелерді шешу бойынша заң жобаларын ілгерілетуге қатысады. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл мемлекеттік органдар мен білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және халықты әлеуметтік қорғау ұйымдарына кедергісіз қол жеткізе алады. Бала құқықтары жөніндегі уәкілдер қоғамдық негізде жұмыс істейді. Ақмола облысының ішкі саясат басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, өңірде 781 үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді, оның ішінде қоғамдық бірлестіктер – 582, заңды тұлғалар бірлестіктері – 17, қоғамдық қорлар – 182. Мекеменің айтуынша, ауылдық жерлерде бұл ұйымдардың белсенділігінің төмен деңгейін атап өту қажет, белсенділердің 70%-ы Көкшетау қаласында, Степногорск және Целиноград ауданында, облыстың қалған өңірлерінде 30%-ы ғана шоғырланған.
Бақыт ЖҰМАБАЙ


