«AМANAT» партиясының қоғамдық қабылдау қызметі партия жұмысының ең маңызды әрі жауапты бағыттарының біріне жатады. Қазіргі күні партияның барлық аудандық, қалалық, облыстық филиалдарында қоғамдық қабылдау бөлмелері үздіксіз жұмыс істеп тұр. Қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысы жолға қойылып, ол билік пен бұқара арасында берік байланыстың алаңына айналды. Оған дәлел, биылғы жарты жылдықта партияның қоғамдық қабылдау бөлімдерінің атқарған толайым жұмыстары.
– Жалпы, Ақмола облысы бойынша жыл басынан бергі алты ай ішінде 4377 өтініш түсіп, қарау нәтижелері бойынша мәселелердің 65% оң шешілді. Қалған 35% бойынша түсініктемелер берілді. Өңіріміздегі барлық қоғамдық қабылдау алаңдарында 1274 қабылдау өткізіліп, 4171 адам өз өтініштерімен жүгінген. «AМANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Дархан Канафиннің айтуынша басты міндет өтінішпен келген азаматтардың мәселесін атқарушы билік және құқық қорғау органдарына жеткізе отырып, келген азаматтар мәселесінің шешілуіне көмектесу. Кабинетімізге іздеп келген әр азаматтың мәселесі егжей-тегжейлі қарастырылып, зерттелуі керек. Сондықтан, әр филиал, әр бастауыш партия ұйымы азаматтардың күнделікті мәселелерін шешу процесіне белсенді түрде атсалысуы тиіс. Мәселен, қоғамдық қабылдау бөлмелерінде апта сайын «Халыққа көмек» жобасы аясында тақырыптық қабылдаулар өткізіледі, заңгерлер, нотариустар, адвокаттар мен медиаторлар азаматтарды жеке мәселесімен қабылдайды. Олардың қорытындысы бойынша қаншама азаматтарға ауызша тегін заңгерлік кеңес берілді, сот құжаттарын құрастыруға көмек жасалды, соттарда азаматтардың мүдделерін қорғау бойынша кеңестер берілді, – деп хабарлады «AМANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Дархан Канафин.
АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР АТҚАРЫЛЫП ЖАТЫР
Мәселен, есептік кезеңде «Заңгерлік көмек» партиялық жобасы аясында заңгерлер, нотариустар мен медиаторлар 126 қабылдау өткізіп, 398 азаматқа консультативтік көмек көрсеткенін атап өткен жөн. Сонымен қатар, «Халыққа көмек» жобасы аясында 1148 тақырыптық қабылдау өтіп, 3773 өтініш қабылданып, 87 көшпелі қабылдауда 323 өтініш қарастырылып, оның 173-і оң шешілген. «Көшпелі қабылдау өткізіп, ауыл аймақтарға барып, мәселелерді шешу – бұл «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесінің негізгі құралдарының бірі, ол халықпен белсенді өзара іс-қимыл жасауға және олардың қажеттіліктеріне жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Көшпелі қоғамдық қабылдаулар халықты тікелей тыңдауға, олардың нақты мәселелерін жазып алуға және нақты шешімдерді ұсынуға мүмкіндік береді. Көшпелі қоғамдық қабылдауларда депутаттар, жергілікті атқарушы билік органдары, әкімдік өкілдері бізбен бірге жүреді. Бұл әр мәселенің жедел шешілуіне ықпал ететіндігін дәлелдеді. Жұмыстың бұл форматы халық пен билік арасындағы сенімді қарым-қатынасты қалыптастыруға әсер етеді», – дейді партияның облыстық филиалындағы қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Дархан Канафин. Партияның аумақтық филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмесі арқылы партия қатарына жаңа мүшелерді қабылдау тәжірибесі де бар. Мәселелерді шешуге жәрдемдескеннен кейін өтініш берушілер партияға кіруге ниет білдіреді. Мәселен, ағымдағы жылдың 6 айында 162 азамат партия мүшесі болып, қоғамдық қабылдау бөлмесі арқылы қабылданған. Халық пен билік арасында дәнекер бола білген партия тұрғындардың өтініш-тілектерін шешу жолында одан әрі жұмысын жалғастыра бермекші. Айта кетейік, Ақмола облысы бойынша партияның сайлау алдындағы бағдарламаларының орындалуына жүргізілген талдауда 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 132 іс-шараның 23-і орындалып (17,4%), қалған 100 іс (75,8%) орындалу сатысында. Бағдарлама аясында жыл басынан бастап өңірде 9 ет фермасы құрылды, олар Біржан, Аршалы, Астрахан, Егіндікөл, Ерейментау, Қорғалжын, Целиноград, Шортанды және Сандықтау аудандарында орналасқан. Жыл сайынғы субсидиялау бойынша жоспарлы көрсеткіштер орындалды, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша, жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес кәсіпорындарының санын ұлғайту бойынша жұмыс жасалды, оған қоса, агроөнеркәсіптік кешен саласында 481 тұрақты жұмыс орны ашылды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қорын қамтамасыз ету мақсатында тұрақтандыру қорында 4 шарт жасалды. Ағымдағы жылы 8 қонақ үй мен мейрамхана құрылысы бойынша іс-шара мерзімінен бұрын орындалды. Білім беру саласында жоспарлы көрсеткіштер орындалды: бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамту және балаларды инклюзивті білім беру бойынша жоспар орындалды. Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласында медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша көрсеткіш орындалды, өңірге келген 54 дәрігерлік кадрға (жоспарды 2,3 есе асыра орындау) әлеуметтік қолдау төленді (қалалық жерге 2,5 млн теңге көлемінде келген 20 дәрігер, ауылдық аймақтарға келген 34 дәрігерге 5 млн теңге мөлшерінде). Мәдениет саласында мәдениет және мұрағат қызметкерлерінің жалақысы ұлғайды. ТКШ саласында халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші орындалды, басқа да бірқатар әлеуметтік мәселелер партия өкілдерінің көмегімен шешімін тапты.
«ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ» ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫ АРТТЫРДЫ
Сонымен қатар, «AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында Ақмола облысында мұғалімдерді қаржылық сауаттылыққа оқытуды бастап кетті. Облыста 509 мұғалім оқытылатын болады. Ал ел бойынша барлығы 7500 мектеп, колледж және университет мұғалімдері қаржылық сауаттылық курсынан өтпек. Жоспар бойынша жаңа пән жаңа оқу жылында оқу бағдарламасына енгізіледі. Курстың алғашқы тыңдаушылармен партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ақманат Әлімбетова кездесіп, пікірлесті. Арнайы қаржы мамандары, менторлардан дәріс алған мұғалімдер одан әрі студенттер мен оқушыларға алған білімдерін жеткізіп, жастардың қаржылық сауаттылығын арттыруына себепкер болмақ. Мұғалімдер әрдайым қоғамдағы жаңа және прогрессивті бастамалардың негізгі нұсқаушысы. Сондықтан педагогтардың қаржылық сауаттылық бойынша жаңа пәннің мәнін түсінуі және жастарды оқытуы маңызды. «AMANAT» партиясының бастамасымен биылғы жылы қаржылық сауаттылықты 100 мың студент және 450 мың оқушы оқиды. Қосымша 200 мың адам оқыту курстарынан өтеді. Өткен жылдың наурыз айында республикалық сайлауалды штабтың Ақмола облысына сапары кезінде зеренділіктер үш мәселе көтеріп, талап-арыз түсірген болатын. Биыл үш сұрақтың екеуі оң шешілді. Ол М.Ғабдуллин ауылының жайылымдық жерін ұлғайту мен ауыл тұрғындарына қолжетімді интернет байланысын орнату. Ал, М.Ғабдуллин ауылы және Серафимовка ауылдарындағы су құбырын күрделі жөндеу мен қайта салу мәселесі әлі шешімін тапапай тұр. Бүгін Зеренді ауданына барып, бұл жұмыстың орындалу барысын біліп қайттым. Серафимовка ауылындағы құдық пен су қабылдайтын мұнара жеке меншік қолға өтіп кеткен. Су құбырының әбден тозығы жеткен. Қазір оны жеке меншіктен алып жергілікті әкімдіктің балансына беру мәселесі шешіліп жатыр. Барлық құжаттар дайын болған соң, әкімдік құдықты жөндеуге өтінім беріліп, келесі жылдан бастап күрделі жөндеуге қаражат сұрайтын болады. М.Ғабдуллин ауылында жерасты су көздерін іздеу жұмыстары жүргізілуде. Егер жылдың соңына дейін жерасты су көздері табылса Зеренді ауданы бойынша 13 елді мекенді сумен қамтамасыз ету мәселесі шешіліп, халықты таза ауыз сумен қамтамасыз етеміз, – деп түйіндеді «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының өкілі.
Бақыт ЖҰМАБАЙ


