«Дау қуған бәлеге жолығады» деген бабаларымыз келіспеушіліктерді мүмкіндігінше келісіммен бітіруге, ұрпағын кешірімді болуға тәрбиелеуге тырысқан. Бітімге келудің мектебі орныққан қазақы ортада даукестің алдын алуға барынша ден қойылған. Ал бүгінгі «Медиация туралы» заң бабалардан келе жатқан осы бітімгершілік дәстүрін жаңғыртуға бағытталған. Мұндағы негізгі мақсат дала заңдарының озық тұстарын жандандыруды, азаматтар арасындағы татуласу мәдениетін нығайтуды, сот жүктемесін барынша азайтуды көздейді.
Бүгінде медиацияның мақсатын, медиаторлардың қызметін жұртшылық жақсы білді. Медиативтік келісімге келудің арқасында дауын тиімді түйіндегендер қоғамда аз емес. Соған орай дауды шешудің балама әдістері жан-жақты зерделеніп, оларды тәжірибеге енгізу бойынша ауқымды шаралар қолға алынды. Әсіресе, партисипативтік әдістің қолданысқа енгізілуі даулардың жедел, заңды, сапалы аяқталуына оң әсерін тигізді.
Партиспативтік келісім – Азаматтық іс жүргізу кодексіне сай енгізілген жаңа ұғым. Заңда көрсетілгендей, партисипативтік рәсім екі тараптың адвокаттарының қатысуымен дауды бейбіт бітіруге бағытталған. Дауды партисипативтік әдіс арқылы шешу тараптар арасындағы келіспеушілікті бейбіт жолмен реттеуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамда заң мен сотқа құрметпен қарауды қалыптастыруға көмектесетінін де ұмытпауымыз керек. Мұндай келісім адвокаттардың өз қорғауындағы тұлғамен келіссөз жүргізу арқылы судьяның қатысуынсыз жүргізіледі. Осылайша тараптар сот кеңесу бөлмесіне шыққанға дейін дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы өтінішхаттарын мәлімдеуге құқылы.
Партисипативті процедура үш кезеңнен немесе деңгейден тұрады:
Бірінші кезеңде тараптар талап қою бойынша ұсыныстарын ұсынады. Ұсыныстарды әр тарап жеке-жеке, топпен талқылау барысында да ұсына алады.
Екінші кезеңде тараптардың қалыптасқан жағдайдан (дау, талап, проблема) шығу жолы ретінде баламалар әзірленеді. Мұнда әрбір тарап үшін дауды шшудің оң және теріс жақтары, белгілі бір шарттарды орындау мүмкіндігі сарапқа салынады.
Үшінші кезеңде барлық ұсынылған нұсқалардың ішінен тараптар өздеріне сәйкес келетін балама әдісті таңдайды. Бәрі сәтті өткізілген жағдайда тараптар таңдаған нұсқа бйынша жазбаша келісім жасалады.
Дауларды медиация тәртібімен реттеу кезіндегідей тараптар бірінші, апелляциялық немесе кассациялық сатылардағы сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы өтінішхат мәлімдей алады. Істі қарайтын судья дауды реттеу туралы келісімнің мазмұнын партисипативтік рәсім тәртібімен тексереді және оны бекіту және іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым шығарады. Мұндай келісім талаптарға сәйкес келуі тиіс.
Партисипативтік келісімді орындау тәртібі бітімгершілік келісімді орындау қағидаларымен реттеледі. Яғни, тараптар келісімде белгіленген тәртіп пен талаптарды өз еркімен орындайды. Егер келісім ерікті түрде орындалмаған жағдайда келісім жасасқан адамның өтініші бойынша сот беретін атқару парағының негізінде талап мәжбүрлеп орындалуы тиіс.
Райхан Сартаева
Алматы қаласы
Әуезов аудандық №2 сотының судьясы