Еліміздің солтүстік аймағы қашан да ауыл шаруашылығы саласында жетекші саналады. Соның ішінде атын атап, түсін түстеп мақтауға тұрарлығы – Ақмола облысы. Қазір өңір өңдеу өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемінде, көлік қызметі мен байланыс саласында оң динамика көрсетіп жүргені байқалады. Сонымен қатар, экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін облыста қолға алынған шаралар жетерлік.
ИНДУСТРИЯЛЫҚ АЙМАҚ ИНВЕСТОРЛАРҒА ҚЫЗЫҚ
Биыл, нақтырақ айтсақ, 2024 жылы Ақмола облысының агроөнеркәсіп саласында дәнді дақылдардан 5 миллион тоннадан астам өнім алу көзделіп отыр. Қазір өңірде мемлекеттік қаржы институттарының қолдауымен 7 ірі тауарлы сүт фермасы салынуда. Сондай-ақ, өңдеу өнеркәсібінде 9 жобаны іске қосу жоспарланған. Жалпы, облыс экономикасына 179 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылыпты. Өңірдің инвестициялық портфелінде 187 жоба бар. Олардың аясында 1, 7 мың жұмыс орны ашылмақ. Яғни, облыс инвесторлардың қызығушылығын тудыра алды. Бұған қоса жақында Түркия елімен келіссөздер жүргенін, соның арқасында облыс экспорттайтын дәнді дақыл көлемі біршама артатынын айта кеткен жөн. Облыс экономикасын одан әрі әртараптандыру мақсатында Аршалы ауданында республикалық маңызы бар Aqmola индустриялық аймағы құрылған. Әлеуетті инвесторларды тарту және оларға «бір терезе» қағидасы бойынша қолдау көрсету үшін елордада да Aqmola invest инвестицияларды дамыту орталығы ашылды. Демек, бас қалаға бас сұққан шетелдік алпауыт инвесторлар ауыл шаруашылығы саласына қызықса, көп сабылмай-ақ келісімдерге келе алады. Әрине, биыл көктемде болған су тасқыны Ақмола облысын да айналып өтпеді. Осыған қарамастан өңір тіршілігі тосырқап қалған жоқ. Тасқыннан зардап шеккен 711 үй толық жөндеуден өткізіліп, 331 үйдің құрылысы жүріп жатыр, тағы 221 тұрғын үй сатып алынған. Жалпы саны 1782 отбасыға бір реттік көмек берілді. 814 отбасының мүлкіне келген залал өтелді. Жабай және Қылшақты өзендерінің арналары тазартылып, айналма каналдар салынды. Сонымен қатар жағалауларды нығайту жұмыстары қолға алынған. Және де тасқынның кесіріне қарамастан, шаруалар егіс алқаптарын жақсы күтіп-баптауда. Соның арқасында өнім жоспардағыдан кем болмауға тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та аталған облыстың әлеуметтік саласын дамытуға баса көңіл бөліп келеді. Жылыту маусымына дайындық, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және облыс орталығын абаттандыру жұмыстарын әр кез бақылауға алып отырады. Мәселен, қазір Көкшетау қаласын ескіге санай алмаймыз, тұрғын үй қорын жаңғырту және жаңарту үшін 150 ескі үй бұзылып, орнына жаңа нақыштағы 32 көппәтерлі үй салу жоспарланған. Бұған қоса биыл 2 мыңнан астам отбасының баспана жағдайы жақсарады. Көкшетау, Степногорск және Атбасар қалаларында жалпы ұзындығы 26, 4 шақырым болатын жылу желісі жөнделіп жатыр. Бұл желілердің тозу деңгейін орта есеппен 4, 2 пайыз төмендетуге мүмкіндік береді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 9 мектептің құрылысы аяқталып үлгерді. Оның төртеуі жаңа оқу жылы басталғанға дейін пайдалануға берілмек. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы бойынша 43 мың тұрғынға алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 38 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр.
АГРОСАЛАНЫ АЛҒА ТАРТУ ІСІ
Қазір Ақмола облысының стратегиялық даму жоспары бары белгілі. Сол арқылы өңірде кезең-кезеңімен жобалар қолға алынбақ. Ең біріншіден, Ақмола еліміз үшін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде негізгі рөл атқаратынын ұмытпаған жөн. Сондықтан агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту, соның ішінде егін жинау науқанын уақытылы әрі сапалы атқару маңызды. Бұл тұста аталған облыстың шаруалары еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің дамуына әжептәуір үлес қосып жатқанын айтпай кетуге болмайды. Мысалы, 2023 жылдың қорытындысы бойынша, Ақмола облысының тауар айналымы 2 млрд долларды (950, 5 млрд теңге) құраған. Бұл – алдыңғы 2022 жылмен салыстырғанда 27 пайызға артық. 2023 жылы өңірдің Франциямен сыртқы сауда айналымы 2022 жылмен салыстырғанда 23 есе өсіп, 72 млн долларға (34, 2 млрд теңге) жетті. Германиямен сауда айналымы 5 есеге дейін өсіп, 181 млн долларды құраған (86 млрд теңге). Бір сөзбен айтқанда, өңір жақын елдерді былай ысырғанда сонау кәрі құрлық нарығына шығып отыр. Облыс республиканың ірі астық егетін өңірлерінің бірі болып саналады. Ақмола облысында Қазақстандағы барлық құс етінің 30 пайызы, тауық жұмыртқасының 16 пайызы өндіріледі. Сонымен қатар, өңір азық-түлік тауарларын өндіру бойынша да көшбасшылардың бірі. Жуырда АӨК бағытында жалпы сомасы 130 млрд теңгеге 80-нен астам ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Жергілікті өндірушілердің ет және консерві, сүт өнімдері Ресей Федерациясына, Қытайға жіберілуде. Ұн өнімдері жақын шет елдерге, атап айтқанда, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан мен Қытайға және Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортталады. Келешекте де бұл көрсеткіштер еселеп өсіп, өңір қуатты экономикасы бар аймақ саналарына сенім мол. Түйіндейтін болсақ, елдің бүтін ауыл шаруашылығы саласында жетекші саналатын Ақмоланың өндірістегі және экспорттағы қарқыны қай деңгейде екеніне қысқаша шолып өттік. Қазір аталған облыс басшылығы өнім алуды жыл сайын арттыруды көздеп отыр. Демек, өнім артса, экспорт та артады. Өз кезегінде бұл облыс тұрғындарының әлеуметтік жағдайы мен әл-ауқатын арттыруға септесері сөзсіз.
Шернияз ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ


