Әділет министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚмен бірлесіп «eGovMobileBussiness» мобильдік қосымшасында «ЗАҢДЫ ТҰЛҒАНЫҢ ЦИФРЛЫҚ СЕНІМХАТЫ» қызметін іске қосты.
Аталған қызмет ұйым басшыларының өз қызметкерлеріне сенімхат ұсыну процесін айтарлықтай қысқартады және тездетеді. Бұрын заңды тұлғалардың басшылары сенімхаттарды тек қағаз түрінде рәсімдеді. Бұл өз кезегінде көлік тасымалын, кеңсе тауарларын шығындауды қажет ететін. Сондай-ақ, мұндай сенімхаттардың заңдылығын тексеру мүмкіндігі болмады. Енді заңды тұлғалардың басшылары онлайн түрде электрондық-цифрлық қолтаңбаны қою арқылы өз қызметкерлеріне жеңіл әрі қауіпсіз түрде сенімхаттарды бере алады, бұл ұйым ішіндегі өзара іс-қимылды тиімді, ашық және ыңғайлы етуге ықпал етеді. Онлайн сенімхаттар компания атынан жедел әрекет етуге мүмкіндік бере отырып, сенімхаттарды басқарудың заманауи және қауіпсіз тәсілі болып табылады.


