Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес еліміздің стратегиялық дамуының негізгі бағыттарының бірі болып отыр. Сондықтан жыл сайын сыбайлас жемқорлықпен күрес шаралары күшейтіліп, заңнамаға да уақыт сұранысына сай өзгерістер енгізіліп жатыр.
Атап айтсақ соңғы үш жыл ішінде Қазақстан халықаралық ГРЕКО ұйымына мүше болды, қарамағындағы қызметкердің сыбайлас жемқорлыққа қатысы анықталған жағдайда оның басшысының қызметінен босатылуы заңмен бекітілді, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін заңнамамен сараптау жұмыстары күшейтілді. Дегенмен жемқорлықпен күрес тоқтамай алдағы уақытта әлі де болса қажетті шаралар жасала береді. Осы орайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев » Азаматтарымыз әлі де күнделікті өмірде сыбайлас жемқорлық жағдайларымен бетпе-бет келуде. Мысалы, академиялық адалдық қағидатын берік ұстанатын жоғары оқу орындарының қатары, өкінішке қарай, өте аз. Соның кесірінен студенттер емтихан тапсыру үшін тапжылмай оқудың қажеті шамалы деп ойлайтыны жасырын емес. Заңсыз алым-салықтан әбден қажыған инвесторлар мен кәсіпкерлер де үнемі шағым айтуға мәжбүр. Әсіресе, мұндай ахуал кеден және құрылыс саласында белең алған. Біз бұған мүлдем жол бермеуіміз керек. Азаматтар мен кәсіпкерлерге пайдасы тиетін нақты өзгеріс жасауға тиіспіз. Сондықтан менің тапсырмам бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы әзірленді. Жалпы, тұжырымдамада сыбайлас жемқорлықпен күресуге арналған ауқымды шаралар қарастырылған» деген болатын. Осы орайда қазіргі таңда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы аясында біршама жұмыстар атқарылып жатыр.
Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік – экономикалық даму, нарықтық экономиканы құру инвестициялар тарту процесін баяулататын және демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер ететін, елдің даму болашағына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс. Кез-келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Сондықтан онымен күрес тоқтаусыз жалғаса береді.
Төкеш Ербол Ақтөлегенұлы, Алматы қаласы әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы-сот хатшысы