САНДЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ САЛА ЖҰМЫСЫНА ЖАН БІТІРДІ

Халыққа мемлекеттік қызмет көрсету әрі оның қолжетімділігін қамтамасыз ету еліміздегі аса өзекті әрі күрделі мәселенің бірі. Өзінің заңды құқықтары мен мүдделерін жете білмеудің салдарынан түрлі кедергілер мен қиындықтарға тап болып жатқан азаматтар жиі кездеседі. Сондықтан мемлекеттік функцияларды жүзеге асыратын ұйымдар мен органдардың жауапкершілігі мен қызмет көрсетудегі біліктілігін арттыру аса маңызды. Осы ретте атқарушылық іс жүргізу саласындағы мемлекеттік қызметтің қалай көрсетілетінін білу мақсатында Ақмола облысы Әділет департаментінің сот орындаушылар қызметін реттеу және бақылау бөлімінің бас маманы Аққу Естайды әңгімеге тартқан едік.

– Халықтың мемлекеттік құрылымдарға деген сенімін нығайтуда мемлекеттік қызметшілерге жүктелер жауаптылық зор. Соған орай барлық салада мемлекеттік қызмет сапасын көтеруге бағытталған іргелі бастамалар қолға алынуда. Ал атқарушылық іс жүргізу саласында қандай жаңалықтар бар?

– Мемлекеттік қызмет көрсету сол қызметті алушы тұрғындардың өтініші немесе өтінішінсіз жүзеге асырылатын жекелеген мемлекеттік функциялардың яки олардың жиынтығын жүзеге асырудың бір түрі. Ол азаматтардың құқығы мен заңды мүддесін жүзеге асыруға, сондай-ақ тиісті материалдық немесе материалдық емес игіліктерді ұсынуға бағытталады. Елімізде соңғы жылдары мемлекеттік қызмет көрсету процесін автоматтандыру және оңтайландыруға бағытталған аса үлкен қадам жасалды. Кез келген адам өз өмірінде некеге отыруға тіркелу, бизнес ашу, жүргізуші куәлігін алу сияқты тағы да басқа мемлекеттік қызмет түрлерін алу қажеттілігіне тап болады. Мемлекеттік қызметті неғұрлым жедел, оңтайлы, қиындықсыз ұсыну бағытында көптеген жаңашылдықтар тәжірибеге енгізілуде. Мұндай дамудан біздің сала да шет қалмаған.

– Дау-жанжалды сот арқылы шешу қазіргі қоғамда қалыпты жағдайға айналды. Сот шешімдері шыққан соң, оған сәйкес атқарушылық іс құжаттары қозғалатыны түсінікті. Өңірде атқарушылық іс жүргізу саласы бойынша мемлекеттік қызмет көрсету қалай жүргізіліп келеді? Салаға цифрлық технология жетістіктері енгізілген бе?

– Иә, айтқаныңыз өте орынды. Ақмола облысы Әділет департаментінде атқарушылық іс жүргізу саласы бойынша мемлекеттік қызмет көрсетудің 2 түрі жүзеге асырылады. Олар «Өндірушінің өтінімі бойынша атқарушылық құжат негізінде атқарушылық өндірісті қозғау» және «Жеке сот орындаушысы қызметімен айналысуға үміткер тұлғаларды атестаттаудан өткізу» деп аталады. Жаңа технологиялар мен жаңа тәсілдерді енгізудің арқасында бұл қызметтерді қазір «Электронды үкімет» порталы арқылы онлайн режимде де алуға болады. Алдымен «Өндірушінің өтініші бойынша атқарушылық құжат негізінде атқарушылық өндірісті қозғау» мемлекеттік қызметінен бастайық. Әрине, сот актілерінің басым бөлігі борышкерлер тарапынан ерікті түрде орындалмай жатады. Мұндай жағдайларда өндірушіге қарызды қайтаруға көмектесетін атқарушылық өндірісті қозғау құқығы заңмен қарастырылған. Мемлекеттік қызмет атқарушылық әрекеттерді жасау орнына қарай аумақтық әділет органдары тарапынан көрсетіледі.

– Аталған мемлекеттік қызмет түрлері қандай тәсілмен халыққа ұсынылады?

– Бұл мемлекеттік қызмет «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы, «Электронды үкімет» www.egov.kz веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Енді осылардың әрқайсысына жекелей тоқтала кетейін. Аталған қызметті алуға ниетті азамат қызмет берушіге қажетті құжаттарды жолдайды. Мемлекеттік қызмет көрсету үшін бірнеше құжат әзірлеу қажет. Біріншіден, атқарушылық құжатты жазып беру, сонымен қатар мәжбүрлеп орындауға жолдау және атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы өтініш берілуі тиіс. Екіншіден, атқарушылық құжатты әзірлеу керек. Үшіншіден, жеке куәлік немесе цифрлық құжаттар сервисінен электронды құжатты ұсыну қажет. Көрсетілетін қызметті беруші құжаттар келіп түскен күні оларды атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде тіркеуді жүзеге асырады және мемлекеттік сот орындаушысына жолдайды. Ал мемлекеттік сот орындаушысы өз кезегінде құжаттар келіп түскен сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде атқарушылық іс жүргізуді қозғау немесе қозғаудан бас тарту туралы қаулы шығарады, ол көрсетілетін қызметті алушыға жіберіледі. Мемлекеттік корпорация арқылы мемлекеттік қызметті көрсетудің келесі тәсілінің алгоритмі алдыңғы әдіске ұқсас болып көрінеді. Тек бұл жағдайда көрсетілетін қызметті алушы құжаттарды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына» ұсынады. Олар кейіннен құжаттарды көрсетілетін қызметті берушіге жолдайды.

– Қазіргі таңда цифрлық технологиялар барлық салаға етене енгені рас. Бұл орайда атқарушылық іс жүргізуді «Электронды үкімет» порталы арқылы жолдау және мемлекеттік қызметті алу жайын көпшілік біле бермейді. Сондықтан атқарушылық іс жүргізуді портал арқылы жүзеге асыру жайына толығырақ тоқтала кетсеңіз.

– Портал арқылы өндіріп алушының өтініші бойынша атқарушылық құжаттың негізінде атқарушылық іс жүргізуді қозғау қызметін көрсету тәртібі жайлы толығырақ түсіндірудің маңызы аса зор. Себебі, оның өзіндік ерекшеліктері бар. Порталға жүгінген кезде тек «Өндіріп алушының өтініші бойынша атқарушылық құжаттың негізінде атқарушылық іс жүргізуді қозғау» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 2-қосымшасына сәйкес өтінішті толтыру жеткілікті екенін атап өткен жөн. Көрсетілетін қызметті берушінің жеке басын куәландыратын құжаттар туралы және атқарушылық құжат туралы мәліметтерді көрсетілетін қызметті беруші тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден «электрондық үкімет» шлюзі арқылы ала алады. Сонымен қатар, көрсетілетін қызметті алушы жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері жүгінген кезде Еңбек кодексіне және «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға сәйкес мемлекеттік қызметті алуға өтінішті тіркеу келесі жұмыс күні жүзеге асырылатынын қаперге алуы тиіс. Мемлекеттік қызметке сұрау салу қабылданған кезде қызметті алушының «жеке кабинетіне» мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижесін алу күні мен уақыты көрсетілген қабылдау туралы мәртебе және хабарлама жіберіледі. Аталған қызметті портал арқылы алу үшін азаматтың порталда тіркелуі және қолданыстағы ЭЦҚ болуы қажет. Атқарушылық құжатты Атқарушылық іс жүргізу органының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне жіберген кезде қызмет алушының жеке кабинетіне хабарлама түседі. Яғни, мемлекеттік сот орындаушы қызмет алушының «жеке кабинетіне» оның ЭЦҚ-сы қойылған атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы немесе атқарушылық іс жүргізуді қозғаудан бас тарту туралы қаулы жібереді. Қызмет алушы құжаттар топтамасын толық ұсынбаған жағдайда, мемлекеттік корпорация немесе қызмет беруші өтінішті қабылдаудан бас тартады және ол бойынша қолхат береді.

– Қандай жағдайда мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартылуы мүмкін?

– Жалпы алғанда, бірнеше жағдайда қызмет көрсетуден бас тартылады. Атап айтқанда, қызмет алушы ұсынған құжаттардың және онда қамтылған деректердің дәйексіздігі анықталғанда, сонымен қатар, мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті ұсынылған материалдар, нысандар, деректер мен мәліметтер «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» заңның 38-бабында белгіленген талаптарына сәйкес келмеген жағдайда қызмет көрсетілмейді. Алайда азаматтың қызмет берушінің, мемлекеттік корпорацияның және олардың лауазымды адамдарының шешіміне, әрекетіне яки әрекетсіздігіне шағымдануға құқығы бар. Бұл жағдайда қызмет берушінің, мемлекеттік корпорация басшысының атына, Әділет министрлігіне не Қазақстан заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға шағым беріледі. 

– Осыдан бірнеше жыл бұрын қоғамда сот шешімдерін орындайтын жеке сот орындаушылар институты пайда болған еді. Жеке сот орындаушылар халықтың көңілінен шығып отыр ма?

– Иә, атқарушылық іс жүргізу саласындағы мемлекеттік қызметтің келесі түрі «Жеке сот орындаушының қызметімен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу» деп аталады. Әділет министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің кәсіби қызметпен айналысу құқығына үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу және біліктілік беру жөніндегі мемлекеттік қызметтерін автоматтандырылған режимде көрсету бойынша пилоттық жобасын іске қосу туралы» бірлескен бұйрығының арқасында «Жеке сот орындаушының қызметімен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу» бойынша пилоттық жоба іске қосылған болатын. Осы бұйрықтың талаптарына орай, мемлекеттік қызмет көрсету тәртібіне сәйкес көрсетілетін қызметті алушы облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың әділет департаменттеріне портал арқылы электрондық құжат нысанында өтініш жібереді. Департамент құжаттар түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде оларды қабылдауды және тіркеуді жүзеге асырады. Қызмет алушының «жеке кабинетіне» мемлекеттік көрсетілетін қызметке өтініштің қабылданғаны туралы мәртебе портал арқылы жіберіледі. Кейін құжаттар тіркелген сәттен бастап екі жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді, ұсынылған құжаттардың толық болмау фактісі анықталған жағдайда өтініш қабылдаудан бас тартылады. Қызмет алушы құжаттардың толық топтамасын ұсынған жағдайда департамент құжаттардың жеке сот орындаушыларының қызметі үшін біліктілік талаптары мен оларға сәйкестікті растайтын құжаттар тізбесіне сәйкестігін тексереді. Осылайша, біліктілік талаптары – ҚР азаматтығы, «құқық» мамандығы бойынша жоғары білімнің болуы, аттестаттауды сәтті тапсыру және заңның 140-бабының 2-тармағында белгіленген шектеулердің болмауы сияқты маңызды құжаттарды қамтиды.

– Жеке сот орындаушы болуға аттестаттауға құжаттарын тапсырған үміткерлердің құжаттары қалай тексеріліп, тиісті шешім қалай қабылданады?

– Департамент қызмет алушының аттестаттауға жіберу туралы құжаттарын тіркелген сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде қарайды. Аттестаттауға жіберілген қызмет алушыны аттестаттауға жіберу туралы шешім қабылданған сәттен бастап бір жұмыс күні ішінде аттестаттауды өткізу орны, күні, уақыты, тәртібі туралы департамент хабардар етеді. Аттестаттау Қазақстан заңнамасын білуге арналған кешенді компьютерлік тестілеу және 3 ситуациялық жағдайды қамтитын практикалық дағдылардың тиісті деңгейін тексеруге арналған компьютерлік тестілеу кезеңдерінен тұрады. Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі қызмет алушының «жеке кабинетіне» жіберіледі. Аттестаттау туралы шешім шығарылған күннен бастап үш жыл ішінде құжат жарамды болып табылады.

– Әңгімеңізге рақмет! Істеріңіз сәтті болсын!

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ Ақмола облысы

Полицейлер бейнебақылау камералары арқылы 70-ке жуық құқық бұзушылықты анықтады

Полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында...

Қазақстан мал шаруашылығы өнімдерін Грузия арқылы әлемдік нарыққа шығармақ

Қазақстан мал шаруашылығы өнімдерінің экспорт географиясын кеңейтіп, Грузия арқылы...

СЛУЖБА ПРОБАЦИИ: ВТОРОЙ ШАНС ПОД КОНТРОЛЕМ ЗАКОНА

Контроль без изоляции Суть пробации заключается в том, что осуждённый...

Переломить тревожную динамику

В КАЗАХСТАНЕ СНОВА ЗАФИКСИРОВАН РОСТ ДЕТСКИХ СУИЦИДОВ ПОЧТИ НА...