Суға түсу маусымы аяқталып келеді. Жылдағыға қарағанда өңірде суға кеткендер саны азайғаны байқалып отыр. Негізі салыстырмалы түрде аймақта суға түсу маусымындағы рейдтік іс-шаралар көбейген. Статистика бойынша, суға түсу маусымы кезінде елімізде 106 адам өлімі тіркелді. Қайтыс болғандардың 35-і кәмелет жасына толмағандар.
Мәселен, Ақмола облысында демалыс пен балық аулайтын 754 су айдыны бар. Оларда жыл сайын 30-ға жуық адам көз жұмады. Мұндай деректердің көпшілігі суға түсу маусымында тіркеледі. Облыстың су айдындарында соңғы үш жылда шомылу маусымы кезінде 31 адам көз жұмған екен. Оның 11-і балалар. Атап айтқанда биыл – 8 (екеуі балалар), былтыр – 14 (бесеуі балалар), алдыңғы жылы – 9 (төртеуі бала) адам қайтыс болды.
Балалар қараусыз қалмасын
Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Асхат Ақылжановтың айтуынша, шомылу маусымы кезінде судағы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында олар полициямен бірлесіп өткізетін рейдтік іс-шараларды көбейткен. Былтыр осы уақытта мұндай 7 мыңнан астам шара өткізсе, биыл оның саны 8,5 мыңнан асып отыр. Соның нәтижесінде өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда суға түсу маусымы басталғалы судағы өлім 8-ге (17) дейін азайды. Биыл мұндай жағдай Ерейментау (3), Аршалы (2), Жақсы, Целиноград, Бурабай (бір-бірден) аудандарында тіркелді. Олардың ішінде екеуі (Ерейментау және Жақсы аудандары) балалар. «Су айдындарындағы өлімнің негізгі себептері: мас күйінде суға түсу, ересектердің балаларды қарауынсыз қалдыруы, өз күшін бағаламау және жүзе алмау. Өлім-жітімді су айдынының типі бойынша жіктеу кезінде өзендер, көлдер және жасанды су қоймаларын бөліп көрсеткен жөн. Мәселен, екі жылдың ішінде облыс өзендерінде 11 адам суға батып кеткен. Табиғи ерекшеліктеріне байланысты аса қауіпті өзендерге Селета (3), Есіл (1), Жабай (1), Сарқырама (2), Нұра (2), Колутон (1), Қайрақты (1) жатады», – дейді А.Ақылжанов.
Қауіпсіздікті сақтау қайғының алдын алады
Асхат Еркебұланұлының сөзіне қарағанда, өскелең ұрпақтың қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру аясында олар биыл білім басқармасымен бірлесіп 50 мыңнан астам студенттерге негізгі қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, оқу фильмдерін көрсететін 1 мыңнан астам дәрістер, аудиториялық сағаттар, интерактивті сабақтар мен практикалық жаттығулар өткізген. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ата-аналар чатына судағы өзін-өзі ұстау ережелерін сақтау бойынша үнемі ұсыныстар жіберіліп отырады. Жазғы демалыс уақытында жазғы демалыс лагерьлерінің қызметін әдістемелік қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде. Сондай-ақ, жазғы лагерьлер басталар алдында кеңесшілер жиыны өтіп, онда басқарма тарапынан су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары бойынша нұсқаулықтар беріліп, суға батып бара жатқан адамды құтқару бойынша тәжірибелік сабақтар көрсетілді. Аймақтың су айдындарында азаматтардың қауіпсіз инфрақұрылымын және демалуы үшін жағдай жасау жұмыстары жалғасуда және тұрақты бақылауда.
Ескерту!
– Судағы өзін-өзі ұстау ережелерін тағы бір еске салғым келеді: егер сіз балалармен тоғанда болсаңыз, оларды қараусыз қалдырмаңыз, балалардың ересектерсіз суға түсуіне жол бермеңіз; тыйым салынған жерлерде суға түспеу; жүзу шекарасын белгілейтін қалқымалардан тыс жүзуге болмайды; қалқымалы жабдықты пайдаланып балық аулау кезінде міндетті түрде құтқару кеудешелерін пайдаланыңыз; қайықтардан, пирстерден, сондай-ақ осы мақсаттарға бейімделмеген құрылыстардан суға секірмеңіз; тексерілмеген және жабдықталмаған орындарға сүңгуге болмайды; қараңғыда суға түсуге және шомылуға болмайды; алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде суға түсуге болмайды, – дейді Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Асхат Ақылжанов.
Дерек пен дәйек
Оның айтуынша, биыл департамент қызметкерлері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бағдарламаларға қатысуды радиода 265-тен 579-ға, телевидениеде 14-тен 22-ге дейін ұлғайтып, үгіт-насихат өнімдерін таратуды 18 956-дан 34 788 данаға, әлеуметтік желілердегі бейнероликтерді 413-тен 679-ға, мерзімді басылымдарда жарияланған материалдарды 457-ден 607-ге дейін көбейткен. Сондай-ақ көрнекі үгіт-насихат стендтерін орнатуды 109- дан 187-ге, БАҚ өкілдері үшін өткізілетін брифингтерді 16-дан 23-ке, «Суда жүзуге болмайды» деген белгілер орнатуды 356-дан 391-ге дейін жеткізген. Бұдан бөлек білім беру ұйымдарында 1 мыңға жуық ата-аналар жиналысы мен 1,5 мыңнан астам интерактивті сабақтар өткізіліп, 20 мыңнан астам үгіт-насихат өнімдері таратылды. Сонымен қатар, адамдардың судағы өлімінің алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарды күшейту мақсатында «Экопарк», «Жас Отан», «Қызыл Крест», Азаматтық қорғаныс колледжі, «Феникс» жастар қанаты және «Жаңа толқын» сияқты үкіметтік емес ұйымдардан 1,5 мыңнан астам еріктілер тартылды.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»


