ҮЗДІКТЕР КӨШІН БАСТАУ – КӨПКЕ ҮЛГІ

Ақмола облысына қарасты Атбасарда вагон жөндеу зауыты орналасқан. Өңірдегі «Аждар и К» ЖШС-ға қарасты кәсіпорын жүк вагондарының барлық түрін сапалы жөндеп қана қоймай, қажетті бөлшектерді де шығара алады. Мұнымен қоса Атбасар ауданының тұрғындарын сығымдалған оттегі толтырылған баллондармен де қамтамасыз етуде. Жаңа технологияға иек сүйеген зауыт өз жұмыс өнімділігін жыл сайын арттырып келеді. Кәсіпорын басшылығының айтуынша, уақыт талабына жауап беру үшін салаға серпін беретін тың жаңалықтардан тыс қалмау керек. Сол үшін алдағы уақытта мұнда вагондарды жөндеудің толық айналымын жүзеге асыру жоспарланып отыр.

«2010 жылы республика бойынша вагон жөндеумен айналысатын 12 кәсіпорын болса, бүгінде олардың саны 26-ға жетті. Демек, вагон паркі де уақыт өткен сайын ұлғайып келеді деген сөз. Сондай-ақ тозығы жеткен вагондар да аз емес. Жалпы кез келген кәсіпорын санға емес, сапаға назар аударғаны дұрыс. Біздің зауыт бәсекелестікте алдыңғы орында тұрса, ол ең алдымен кәсіпорында жұмыс істейтін, өз ісіне тиянақты, жауапкершілігі мол адамдардың арқасы. Маман болғанымен, жаңа заманның талабына сай жұмыс барысын соны арнаға салып отырмаса тағы болмайды. Міне, сондықтан зауыт инженерлері үнемі ізденіс үстінде жүреді», – дейді серіктестік директоры Аждар Тайшытаев. Бүгінде аталған кәсіпорында әр ауысым сайын 7 жүк вагонына жоспарлы жөндеу жүргізсе, 4-5 вагон күрделі жөндеуден өтеді. Сонымен қатар, зауытта барлығы 220 адам еңбек етеді. Биылғы маусым айында орташа еңбекақы көлемі 400 мың теңгеге жуықтаған. Зауыт басшылығы кәсіпорын жұмысын алға жылжу үшін қомақты инвестицияның қажет екенін айтып отыр. Жақсы жаңалықтың бірі – биыл зауыт өз қаржысы есебінен жаңа өндірістік желіні пайдалануға бермек. Төртінші тоқсанда вагон дөңгелектерін жөндейтін шеберхана іске қосылады. Бұл жалғыз жүк вагондарына ғана емес, жолаушылар тасымалдайтын вагондар үшін де қажет бөлім болады. Жоспар бойынша жұмыс өнімділігі 15-17 пайызға артып әрі жаңадан 10 жұмыс орны ашылады. Кәсіпорын қазір шетелдерден келетін жаңа станоктарды күтіп отыр. Жобаны жүзеге асыруға кәсіпорын өз бюджетінен 200 миллион теңге қаражат бөлген. «Біздегі сапа туралы көп нәрсе айтуға болады. Жөнделетін вагон мен ондағы әрбір құрылғы мұқият тексеріледі. Әуелі оны слесарьлардың өздері қадағаласа, кейін олардың бар жұмысын бригадир сараптайды. Содан кейін ғана техникалық бақылау бөлімінің бақылаушылары сүзгіден өткізеді. Жалпы жұмыс барысы үлкен жауапкершілікті талап етіп тұр,– дейді серіктестік директоры. Кәсіпорында мәселе жоқ емес. Ол – кадр жетіспеушілігі. Бүгінде бұрыннан келе жатқан қызметкерлердің жасы да ұлғайған. Ал олардың ізін басар кейінгі буынның аз болуы – келешек кез келген өндіріс жұмысына қиындық тудыратыны белгілі. Әсіресе, біз әңгімелеп отырған зауыт газоэлектр дәнекерлеушілерге мұқтаж болып отыр. Бұдан шығатын жол іздеген басшылық аудан орталығындағы агротехникалық колледжбен әріптестік байланысты жолға қойған. Яғни колледжде білім алып жатқан токарь, газоэлектр дәнекерлеушілерді өздерінде іс-тәжірибеден өткізеді. Ал оқу бітірген түлектерге табысы жоғары, әлеуметтік жағынан қамтамасыз етілген кәсіпорынға келіп жұмысқа орналасуына әбден болады. Кәсіпорын басшысының айтуынша, жақсы жағдай жасағанмен кадрлардың жиі ауысуы тоқтамаған. Ақмола өңірі ауыл шаруашылығы дамыған аймақ болған соң көктемгі және күзгі дала жұмыстары кезінде уақытша болса да мол табыс табуға жұмысшылардың ағылатыны бар. Тағы бір айта кететін жайт, вагон жөн­деуге қажетті қосалқы бөлшектердің құны да қымбаттаған. Негізінен, олар шет елдерден жеткізіледі. Сол себепті, өзіндік құн да көтеріліп кетеді. Валюта бағамы да әсерін тигізбей қоймайды. Сондай-ақ аймақтағы электр энергиясының қымбаттауы да салаға қиындық тудыратыны анық. Соңғы мәселе – жалғыз вагон жөндеу кәсіпорнына ғана емес, өңірдегі шағын және орта бизнеспен қатар үлкен кәсіпорындарға да кері әсерін тигізетіні белгілі. Айта кетейік, жыл сайын зауытта ұжымдық келісімшарт жасалып, онда жұмысшылардың барлық әлеуметтік жағдайы қарастырылады. Сонымен қатар, сапалы жұмыстың нәтижесі де көрініп, кәсіпорын былтыр ғана бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша өткізілген «Парыз – 2023» байқауында «Үздік ұжымдық келісім» аталымы бойынша қола жүлдегер атаныпты.

Шернияз ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ

Надежный мост между государством и обществом 

В этом году административная юстиция Республики Казахстан отмечает 5-летие...

Правовой компас 

С 1 СЕНТЯБРЯ 2026 ГОДА В УЧЕБНОМ РАСПИСАНИИ КАЗАХСТАНСКИХ...

«Вершины, которые мы выбираем»

1 ИЮЛЯ 2026 ГОДА – ДАТА, КОТОРАЯ ВОЙДЕТ В...

Ментальность карманника: жизнь за чужой счет 

КАРМАННАЯ КРАЖА СУЩЕСТВУЕТ РОВНО СТОЛЬКО ЖЕ, СКОЛЬКО СУЩЕСТВУЮТ МНОГОЛЮДНЫЕ...

Цена одной процессуальной ошибки

В 2021 ГОДУ КАЗАХСТАН СДЕЛАЛ ОДИН ИЗ САМЫХ СЕРЬЕЗНЫХ...