12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Қазбек МАЙГЕЛДИНОВ, Алматы қаласы аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі: «КОМИССИЯ ЖҰМЫСЫ ТЕК САЙЛАУ НАУҚАНЫМЕН ШЕКТЕЛМЕЙДІ»

– Қазбек Өмірзақұлы, сайлау комиссиясының қызметі туралы екінің бірі біле бермейді. Комиссия тек сайлау науқанында ғана жұмыс істейді деп ойлайтындар көп. Шынымен солай ма?

– Расында, көптеген адам сайлау комиссиясының жұмысы тек сайлау науқанымен шектеледі деп санайды, бірақ іс жүзінде олай емес. Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиясы өз өкілеттігі шеңберінде міндеттердің кең спектрін орындайды. Мәселен, сайлау учаскелеріндегі сайлаушылар санына ай сайын мониторинг жүргізеді. Мониторинг деректері бойынша, егер сайлаушылар саны 3 мыңға жақындаса, онда учаскелердің шекараларын қайта қарау және жаңа учаскелер құру бойынша жұмыстар іске асырылады. Одан бөлек, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыру жөнінде қажетті шаралар қабылдайды, бұл көбіне сайлау учаскелерін қажетті жабдықтармен қамтамасыз етумен байланысты. Оған қоса сайлау заңнамасына қатысты өтініштер мен шағымдарды қарайды және олар бойынша шешімдер қабылдайды. Сонымен қатар, сайлаушыларды сайлау туралы хабардар ету, олардың құқықтық мәдениетін арттыру және байқаушылар мен комиссия мүшелеріне арналған білім беру бағдарламаларына қатысу жұмыстарының да маңызы зор. Осы бағытта аудандық сайлау комиссиясының мүшелері аудан тұрғындары, колледж студенттері, сондай-ақ аудан мектептерінің жоғары сынып оқушылары арасында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

– Сайлаушылар тізімі қалай жасалады?

– «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңның 24-бабына сәйкес, тұрғылықты жері бойынша сайлаушылардың тізімін жеке тұлғалар туралы мемлекеттік деректер базасы негізінде тиісті жергілікті атқарушы орган жасайды, яғни әкімдіктер. Әрбір сайлау учаскесі бойынша сайлаушылардың тізіміне әкім қол қояды және дауыс беру басталғанға дейін жиырма күн бұрын акт бойынша сайлау комиссияларына ұсынылады. Жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдары сайлаушылар тізімінің, сондай-ақ тиісті сайлау комиссиясы ұсынған сайлаушылар туралы деректердің дұрыстығына жауап береді. Бұл процесс барысында деректерді үнемі жаңарту жүріп отырады. Мәселен, сайлау тізімі тұрғылықты жері, азаматтық мәртебесі және басқа да маңызды өзгерістер туралы мәліметтер негізінде үнемі жаңартылып отырады. 

– Алматы қаласындағы сайлаушылар белсенділігін көтеруге қатысты қандай жоспар бар?

– Сайлаушылардың белсенді болғаны зайырлы мемлекет үшін маңызды. Сондықтан, белсенділікті арттыру мақсатында аумақтық сайлау комиссиялары өз аудандарында мұғалімдер, жас мамандар, медицина, салық қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер арасында электораралық кезеңде оқыту жұмысын жүргізеді (сайлау заңнамасы туралы презентация көрсету және түсіндіру) және т.б. Оған қоса мектеп оқушыларын, студенттерді электораралық кезеңде оқыту, яғни жастарды тарту бойынша жұмыс жүзеге асырылады. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер және басқа арналар арқылы ақпараттық науқандар өткізу жоспары да бар. Ал сайлау өтетін күн жария етілген соң әр үйге/пәтерге әр сайлаушының қолына АСК мүшелерінің сайлауға шақыру қағазын тарату жүзеге асырылады. Сайлауға шақыру билетін тапсыру кезінде АСК мүшесі дауыс беру еркін және жасырын екенін және оның ерік білдіруін ешкім шектеуге құқығы жоқ екенін түсіндіреді.

– Сайлау комиссияларының жұмысы қаншалықты ашық?

– Бүгінде сайлау комиссиялары жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету үшін бірқатар шара жүзеге асырылуда. Оның маңызды бір бөлігі – қоғамдық бақылауды күшейту. Ол үшін саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдардан және халықаралық миссиялардан бақылаушыларды тарту аса өзекті. Аумақтық сайлау комиссияларының қызметіндегі ашықтық мәселелері комиссияларды қалыптастыру кезеңінен, сайлау науқанын, референдумдарды дайындау, өткізу кезеңінен бастап сайлау науқандарының қорытындысын шығаруға дейін ҚР заңнамасында толық көрсетілген. Мәселен, сайлау науқанын дайындау мен өткізудің барлық кезеңінде комиссиялардың қызметі ел заңнамасына қатаң сәйкес жасалған күнтізбелік жоспар бойынша жүзеге асырылады. Қоғамдық бірлестіктер және коммерциялық емес ұйымдармен аккредиттелген азаматтар, сондай-ақ шет мемлекеттердің байқаушылары сайлау науқаны кезеңінде аумақтық сайлау комиссияларының жұмысымен таныса алады, бұл ретте сайлау процесіне, дауыстарды санау және сайлау комиссиялары шешімін қабылдау рәсіміне кедергі келтірмеуі керек. Сондай-ақ, саяси партиялардың, өзге де аккредиттелген қоғамдық бірлестіктердің, коммерциялық емес ұйымдардың байқаушылары ел заңдарында көзделген талаптарды сақтай отырып, сайлау комиссияларының отырысына қатысуға, дауыс беруге арналған үй-жайда болуға, тасымалданатын жәшіктерді сүйемелдеуге, дауыс беру барысын, дауыстарды санау рәсімін, дауыс беру нәтижесін ресімдеуге, хаттамалардың жоғары тұрған сайлау комиссияларына берілуін байқауға, дауыс беруге кедергі келтірместен фото, дыбыс және бейнежазбалар жасауға құқылы. Тағы бір қадам – комиссияның қызметі және сайлау науқанының барысы туралы есепті тұрақты түрде жария ұсыну. Ол сайлау науқаны кезінде ресми сайтта, ал сайлауаралық кезде әлеуметтік желілерде жарияланады.

– Сайлау науқаны кезінде жұмыс істейтін мамандардың біліктілігін көтеру жайы қалай жүріп жатыр?

– Мұндай мамандар үнемі біліктілікті арттыру сатысынан өтеді. Бір жағынан, ай сайын ОСК барлық аумақтық комиссия төрағалары, хатшылар мен төраға орынбасарлары үшін арнайы оқыту курсы мен семинарлар өткізіліп тұрады. Одан кейін каскадты әдіс бойынша қалалық және облыстық сайлау комиссиялары жергілікті деңгейде сайлау комиссиялары мүшелері үшін білім мен дағдыны арттыру бағытында курстар мен семинарларды ұйымдастырады. Ал Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиясы сайлау процесіне қатысушылардың барлығының біліктілік деңгейін арттыруға ерекше назар аударады. Мәселен, сайлау процесіне қатысушыларды, аудандар мен Алматы қаласының учаскелік, округтік, аумақтық сайлау комиссияларын электоралды оқытудың бекітілген жоспарына сәйкес, 2024 жылғы 15 қаңтар мен 23 желтоқсан аралығында 10 905 тыңдаушыны қамти отырып, әртүрлі деңгейдегі 593 оқыту іс-шарасын өткізу жоспарланған. Алматы қаласы аудандарының әрбір аумақтық сайлау комиссиясы (8) өзінің электоралды оқыту жоспарын бекітті. Оқыту Алматы қаласының сайлау комиссияларының мүшелері, құқық қорғау органдарының өкілдері, саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері, БАҚ өкілдері, жұмысшы жастар, жоғары оқу орындары мен колледж студенттері, мектеп оқушылары үшін Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы ұсынған каскадты әдіспен жүргізіледі. Оқыту интерактивті дәрістер, практикалық семинарлар және іскерлік ойындар түрінде өткізіледі. 2024 жылғы 1 шілдеге дейін Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиялары 363 оқыту семинарын өткізді, 8186 адам каскадтық әдіспен білім алды. Барлық ақпарат Алматы қаласы аумақтық сайлау комиссиясының әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы жарияланып отырады.

– Сайлау науқаны кезінде жұмыс жасайтын бақылаушыларды оқытуға сіздер де қатысасыздар ма?

– «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 14-бабының 11-1) тармақшасына сәйкес, аумақтық сайлау комиссиялары сайлау туралы заңнаманы түсіндіруді ұйымдастырады; сайлау процесіне қатысушыларды оқытуды ұйымдастырады және жүргізеді; сайлауды ұйымдастыру және өткізу бойынша саяси партиялардың өкілдерімен және сайлау процесінің басқа да қатысушыларымен семинарлар өткізеді. Осылайша, сайлау кезеңінде бекітілген жоспарға сәйкес, біз сайлау процесінің барлық қатысушысы үшін семинарлар ұйымдастырамыз және өткіземіз, соның ішінде сайлау туралы заңнаманы түсіндіру басты орында.

– Сайлау комиссиялары қалай жасақталады?

– «ҚР Сайлау туралы» Конституциялық заңның 10-бабына сәйкес, Орталық сайлау комиссиясын қоспағанда, сайлау комиссияларының құрамын тиісті мәслихаттар қалыптастырады. Сайлау комиссияларының өкілеттік мерзімі бес жылды құрайды. Аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін саяси партиялар ұсынысы негізінде тиісті мәслихаттар сайлайды. Әрбір саяси партия тиісті сайлау комиссиясының құрамына бір кандидатура ұсынуға құқылы. Саяси партия сайлау комиссиясының құрамына осы саяси партия мүшесі болып табылмайтын кандидатураны ұсынуға құқылы. Сайлау комиссияларының құрылу мерзіміне дейін кемінде он бес күн ішінде мәслихат белгілеген мерзімде саяси партиялардың ұсынысы болмаса, мәслихаттар сайлау комиссиясын өзге қоғамдық бірлестіктер мен жоғары тұрған сайлау комиссиясы ұсынысы бойынша сайлайды.

– Алдағы референдумға дайындық қалай жүріп жатыр?

– Қазақстан Президенті ҚасымЖомарт Тоқаев 27 маусымда Қазақстанда атом электр станциясын салу бойынша референдумды осы жылдың күзінде өткізу жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Үкімет нақты күнді белгілейтінін атап өтті. Жалпы референдумға дайындық ақпараттық науқан мен техникалық дайындықты қамтиды. Ол үшін аталмыш референдумның мақсаты мен маңызы туралы кең ақпараттық науқан БАҚ арқылы жүргізіледі. Ал сайлау комиссиялары референдум өткізу үшін барлық техникалық және ұйымдастырушылық жағдайды қамтамасыз етеді.

– Алматыда алдағы уақытта аудан әкімдерінің сайлауы жоспарланған ба?

– Өткен жылдан бастап аудандық және қалалық әкімдерді пилоттық режимде сайлау жөніндегі науқан өтуде. 2023 жылғы қарашада еліміздің 17 облысында 42 аудан мен облыстық маңызы бар үш қала әкімі тікелей дауыс беру арқылы сайланды. Алматыда аудан әкімдерін сайлау жоспарланбаған. Бүгінде аудан әкімдерін сайлау пилоттық режимде әзірге тек аймақтарда, халықтың жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысуын арттыру және әкімдерді тағайындау процесінің ашықтығы мен мөлдірлігін қамтамасыз ету мақсатында өткізілуде.

– Сайлау науқанының білім беру мекемелерінің ғимаратында өтуіне қатысты не айтасыз? Сайлау комиссиясының құрамында мұғалімдер болмау керек деген де сын көп айтылып жүр.

– Сайлау науқанын өткізу үшін білім беру мекемелерінің ғимаратын пайдалану кең таралған тәжірибе. Бұл орналасудың ыңғайлылығына және сайлау өткізу үшін қажетті инфрақұрылымның болуына байланысты. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңның 10-бабы 3-тармағына сәйкес, Орталық сайлау комиссиясынан басқа сайлау комиссиялары құрамын тиісті мәслихаттар қалыптастырады. Учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін саяси партиялар ұсынысы негізінде тиісті мәслихаттар сайлайды. Сайлау комиссиясының құрамына ұсынылатын адамдар оның жұмысына қатысуға келісім беру туралы өтініштерді қоса береді. Заң мұғалімдерге немесе басқа кәсіп өкілдеріне сайлау комиссиясы құрамына кіруге тыйым салмайды. Жалпы, Алматының аумақтық сайлау комиссиясының жұмысы сайлау процесінің ашықтығын, әділдігін, заңдылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Сайлаушылардың белсенділігін арттыру, мамандар мен бақылаушыларды оқыту, сондай-ақ ақпараттық жұмыс қаладағы демократиялық процесті нығайтуда шешуші рөл атқарады.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»

Пациент дәрігерге қаншалықты ерте қаралса буын ауруларын емдеу нәтижесі де жоғары болады

Алматыдағы №7 Қалалық клиникалық ауруханада күрделі ревматоидты артритпен ауыратын...

Қазақтың ақбас сиырын қайта көбейтуге кедергі жоқ

Қазақ даласында қазір сиырдың небір тұқымын кездестіруге болады. Мал...

Экономикадағы өсім: Статистикалық дектердің мәні неде?

Биыл алғашқы жеті айындаға есепті басшылыққа алсақ, ел экономикасының...

Логика реформ-4: Сильные регионы — сильная нация

Реформы в Казахстане на текущем историческом отрезке отличаются своей...

АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІ – ӘЛЕМДІК QS РЕЙТИНГІНДЕ «БЕС ЖҰЛДЫЗ» ҮЗДІК БЕЛГІСІНЕ ИЕ БОЛДЫ

Бүгін Қазақстан мен Орта Азиядағы педагогикалық бағыттағы көшбасшы Абай...