Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында орта кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне арнайы тоқталып: «Соңғы жылдары қабылданған шаралардың арқасында шағын және ірі бизнес тұрақты дами бастады. Алайда орта кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де бәсең. Жаңа экономикалық үлгіге көшу үшін оны «қолмен көтеруге» тура келеді» деген еді.
Қазақстан даму банкі таныстырған екінші деңгейдегі банктерде (ЕДБ) орта және ірі бизнеске кепілдік берудің жаңа тетіктері әзірленді және ел Үкіметінің «Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің кредиттеріне ішінара кепілдік беру ережелерімен» бекітілді. Ереже аясында Қазақстан даму банкі (ҚДБ) кепілдігін беру құралдарына екі жаңа тетік енгізіледі. Олар: тәуекелдер үшін комиссияны субсидиялай отырып, кәсіпкерлік субъектілеріне ҚДБ кепілдігін беру; ЕДБ-нің жеңілдетілген қаржыландыруын ұсына отырып, кәсіпкерлік субъектілеріне ҚДБ кепілдігін беру. Тәуекелдер үшін комиссияны субсидиялай отырып, ҚДБ кепілдіктері жаңа өндірістерді құру және қолданыстағы өндірістерді жаңғырту үшін орта және ірі инвестициялық жобаларды іске асыратын Қазақстан кәсіпкерлеріне беріледі. Кепілдік сомасы – 3,5 млрд теңгеден 20 млрд теңгеге дейін. Кепілдік мерзімі – 10 жылға дейін. Кәсіпкерлер экспорттық сатуды ұлғайту үшін айналым қаражатын толықтыруға ЕДБ-нің қысқа мерзімді қаржыландыруын пайдалана алады. Мұндағы кепілдік сомасы – 1 млрд теңгеден 7 млрд теңгеге дейін. Кепілдік мерзімі – 3 жылға дейін. ҚДБ кепілдігін бергені үшін республикалық бюджет есебінен комиссия төленеді. Бұл ретте ҚДБ кепілдігі кәсіпкердің ЕДБде алған қарыз сомасының 90%-на дейінгі көлемін құрайды. Жыл соңына дейін ҚДБ осы тетік аясында кемінде 100 млрд теңге сомасына кепілдік беруді жоспарлап отыр. Кепілдік берудің жаңа құралдары орта және ірі бизнеске ЕДБ-де капиталға қол жеткізу үшін көбірек мүмкіндік ашады және инвестициялық жоспарлар мен экспорттық келісімшарттарды жүзеге асыруға көмектеседі. ЕДБ өз кезегінде ҚДБ кепілдігі түрінде жоғары сапалы кепілді пайдаланудың арқасында кредиттік тәуекелдерді төмендете алады және қаржыландырылатын жобалар санын ұлғайта алады. Тұтастай алғанда, ҚДБ мен ЕДБ арасындағы ынтымақтастық ымырасы ұзақ мерзімді қарыздарды құрылымдау мен қаржыландырудағы экономикалық өсуді қамтамасыз ету мақсатында орта және ірі бизнестің дамуын ынталандыра отырып, кредиттік ресурстардың қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді. ҚДБ биыл жаңа тетік аясында алғашқы мәмілені мақұлдады. Бұл – «Састобе» инновациялық кешені» ЖШС каустикалық сода мен поливинилхлорид (ПВХ) өндіретін зауыт салу жобасы. Жобаны іске асыру үшін 15 млрд теңге сомасына «Қазақстан халық банкі» АҚ пайдасына ҚДБ-ның кепілдік беру тетігі қолданылатын болады. Түркістан облысындағы жаңа зауыт қазақстандық мамандар үшін 346 жұмыс орнын ашады. Өндірістің толық қуатымен зауыт жылына 100 мың тоннаға дейін каустикалық сода және 120 мың тонна ПВХ шығарады. Осы арада Қазақстанда ПВХ өндірісі жоқ екендігін айта кеткен жөн шығар.
Е.КЕБЕКБАЙ, «Заң газеті»


