Жыл сайын отандық заңнама базасы жаңа құжаттармен толығуда. Азаматтардың талап-тілегіне сай дайындалған маңызды құжаттың бірі — «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңы еді. Бұл заңға Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2022 жылдың 30 желтоқсанында қол қойып, ол 2023 жылдың 3 наурызынан бастап қолданысқа енгізілген еді.
Бұған дейін елімізде банктер мен қаржы ұйымдарын сауықтыруға, оларды қолдау мен банкрот деп тануға көңіл бөлінді. Соның арқасында банктер мен қаржы ұйымдары аяқтарынан нық тұрып, жұмысын жүйелеуге мүмкіндік алды. Ал мұндай қамқорлық жеке тұлғаларға жасалмағаны мәлім. Көпшілік тарапынан жиі айтылған ұсыныс-тілектерге орай, Президент арнайы тапсырма беріп, «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңының қабылдануына ұйытқы болды.
Міне бір жылдан аса уақыттан бері заң Қазақстан Республикасының азаматтары төлемге қабілетсіз болған кезде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеуде басты құрал ретінде қолданылып келеді. Бұдан бөлек аталмыш заң төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін, сондай-ақ соттан тыс және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдануға арналған негіздерді, оларды жүргізу тәртібі мен шарттарын белгілейді.
Банкроттық туралы заңда көрсетілгендей, азаматтар бұл процедураның үш түрін қолдана алады. Олар: соттан тыс, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.
Айталық, тұрақты табысы болмай, қарызын төлеуде қиындыққа тап болған азаматтар төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы өтініш бере алады. Мұндай жағдайда қарыздарды 5 жылға дейін бөліп-бөліп төлеу мүмкіндігі көзделеді. Ол үшін екі тараптың – борышкер мен кредитордың келісімі қажет. Ал берешек 5 млн теңгеден асқанда төлемді қалпына келтіру сот органымен жүзеге асырылады.
Банктер мен микроқаржы ұйымдары алдындағы қарызы 5 жылдан асқан азаматтар; қарызы 12 ай ішінде өтелмеген азаматтар банкроттық рәсімін бастай алады. Соттан тыс банкроттықты қолдану туралы өтінішті азамат «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы береді. Сондай-ақ «Е-салық азамат» қосымшасы арқылы да құжаттарды тапсыру мүмкіндігі қарастырылған. Яғни, соттан тыс банкроттық рәсімі 5 млн теңгеден аспайтын берешек кезінде қолданылатынын ескергеніміз жөн.
Ал берешек сомасы 1 600 АЕК-тен жоғары немесе 5 млн теңге болған жағдайда сот банкроттығы рәсімі қолданылады. Бұл рәсім барысында борышкердің мүлкі сатылуға жатады.
Банкроттық – азаматтардың төлем қабілетін қалпына келтіріп, қаржылық жағдайын жақсарту үшін мемлекет тарапынан берілген қолдау. Бірақ, бұл мүмкіндікті жауаптылықтан жалтарып, берешекті қайтармау үшін қолдануға болмайды. Әрі банкрот деп танылған азаматтарға белгілі бір шектеулердің қарастырылғанын да ұмытпағанымыз жөн.
М.Джанабаев,
Алматы қаласы
Медеу аудандық сотының судьясы