ЖОБА СӘТТІ ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Ақмола облысы ішкі саясат жанындағы «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі Көкшетау қаласы тұрғындары арасында мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында «Үйде сөйле» жобасын жүзеге асыруда.

Жобаға қаланың жасөпірімдері аса қызығушылық танытып жүр. Акция қаланың біраз аудандарын қамтыды. Мысалы, 9 шілде күні Сулейменова 22 тұрғын үй кешені ауласында викторина ұйымдастырылды. Жоба аясында тұрғындар және балалар арасында қазақ ұлттық музыкалық аспаптары, киіз үй жабдықтары жайлы қазақша сұрақ-жауап конкурстары өткізіліп, қатысушылар мен жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар тапсырылды. Әнші-бишілер өнерлерін ортаға салып, танымдық іс-шараның қызықты өтуіне өз үлестерін қосты. Қала тұрғындары игі бастамаға дән риза. – Өңірімізде өтіп жатқан «Үйде сөйле» патриоттық жобасы өз жанкүйерлерін табуда. Ассамблеяның бастамасымен өтіп жатқан жобаға еңбектеген сәбиден еңкейген қарттарға дейін аса қызығушылық білдіріп жатыр. Біздің аулада уақыт өте көңілді өтуде, ең бастысы – баршамыз жұмылып қазақ халқының әдет-ғұрпы мен тілін насихаттап жатырмыз. Өскелең ұрпақ мемлекеттік тілді еркін меңгеруі керек, бұл бағытта біздің мемлекет тарапынан нәтижелі жұмыс жасалып жатыр. Аулада викторина өте керемет өтіп жатыр, бұл іс – шара тек қазақ тілін үйретіп қана қоймай, оған қоса мына біздерді біркісідей жұмылдыруда, – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Сайран Құттыбаева. Жоба шеңберінде «Кім жылдам?» сайысы ұйымдастырылды, қатысушылар сұрақ жауап жарысында жылдамдық пен білім деңгейін көрсетті. Ең белсенді қатысушылар мен жеңімпаздарға сыйлықтар тапсырылды.

– Мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында 12 шілде күні Центральный шағын ауданы 59 тұрғын үй кешені ауласында «Үйде сөйле» жобасының «Кім жылдам» сайысы ұйымдастырылды. Бурабай ауданындағы «Звездный континент» лагерінде де мемлекеттік тілді насихаттау акциясы өтті. Іс-шараның мақсаты – балалардың тіл туралы танымдық деңгейін көтеру, білімді, жан-жақты болуға үйрету, ой-өрісін, ойлау қабілеттерін дамыту, шығармашылыққа, шапшаңдыққа баулу, балаларды озық ойлы болуға тәрбиелеу. Мемлекеттік тілді білуге деген қызығушылықтарын ояту, халықтың мәдени мұрасын зерделеу арқылы патриотизмге тәрбиелеу. Сайысқа балалар белсенді қатысты, осындай пайдалы іс-шараларды біздің мекеме әрі қарай жалғастыра бермек, – деп хабарлады Ақмола облысы ішкі саясат жанындағы «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі басшысының міндетін атқарушы Айгүл Нұрмағанова. Айгүл Бейсембайқызының берген ақпаратына жүгінсек, мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған «Үйде сөйле» жобасына 200-ден астам қала тұрғыны тартылған, оның ішінде «Жансая» тұрғын кешенінің балаларымен өткізілген викторинаға 80 адам, Сарыарқа шағын ауданының 38 үйінің балаларына арналған сайысқа 70 жасөспірім, Сүлейменов көшесіндегі 22 үй балаларының арасында өткен ойынға 25 адам және Центральный шағын ауданының 59 үйдің тұрғындарынан ойынға 30 жеткіншек қатысты. Мекеме басшылығы бұл акция жалғасын табады деп сендірді. Мемлекеттік тілді насихаттаудан басқа Ақмола облысы ассамблеясы «ТҰЛҒАТАНУ» жобасын да қолға алған, осы шара аясында Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығына арналған танымдық кеш өткізді. Іс-шараға Көкшетау қалалық Аналар кеңесі, «Ассамблея жастарының» мүшелері мен өңірлік ассамблеяның құрылымдарының өкілдері қатысты. Іс-шара Көкшетау қалалық кітапханалар жүйесі ұйымдастырған «Ұстаз салған сара жол» көрмесімен басталды.

– Жастарды қазақ мәдениетіне, ғылымына, өнер мен әдебиет қайраткерлерінің өмір жолына арналған танымдық іс-шараларға қоғамды, әсіресе өскелең ұрпақты белсенді тартуға, қазақстандық патриотизмді насихаттауға, Қазақстан этностарын жақындастыруына және қазақ халқының мәдени мұрасын танымал етуге бағытталған «Тұлғатану» жобасын жүзеге асыруға «Қазақстанның орыс, славян және казак қауымдастықтары» Ақмола облыстық филиалы және басқа да қоғам белсенділері атсалысты. Жиын барысында филология ғылымдарының кандидаты, Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік университеттің доценті Сәбит Нұрмұхамбетұлы Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығы туралы мәліметтер айтты. Кеште ұлы ағартушының шығармалары дәріптелді. Басқосу керемет музыкалық нөмірлермен аяқталды. Жалпы, танымал да тарихи тұлғаларға арналған осындай жиындар тұрақты негізде өткізіліп тұрады. Соңғы жылдары Ақмола өңірлік ассамблеясының жұмысы жанданып келеді. Оған дәлел, этномәдени бірлестіктердің белсенді де нәтижелі жұмысы, облыста 46 этномәдени бірлестік тіркелген, оның ішінде достық үйінің ғимаратында 17 ЭМБ кабинеті орналасқан. Биыл облыстың этномәдени бірлестіктері 10 мыңға жуық адамды қамтыған шамамен 300 іс-шара өткізді. Олардың ішінде Масленица, «Шопен кештері», корей жаңа жылы «Соллал» және «Чусок», қырғыз мерекесі «Ақ қалпақ», татар мерекесі «Сабантуй», оның аясында биыл алғаш рет Бәйге ат-спорт жарыстары ұйымдастырылды, шешен-ингуш фестивалі өтті. «Санги Кабуд» тәжік ұлттық-мәдени орталығының «Бірлік» скверін ашуы, «Песня – душа народа» жыл сайынғы казак фестивалі, Славян жазуы мен мәдениеті күніне орай «Классикалық әдебиет, заманауи білім бренді ретінде» ғылыми-практикалық семинар өткізілген. Осы іс-шаралардың барлығы облыстың мәдени өмірін байытуға және этностардың әртүрлі өкілдері арасындағы достық қарым-қатынасты қолдауға, сондай-ақ қонақтарды облыс этностарының мәдени мұрасының байлығы мен алуан түрлілігімен таныстыруға мүмкіндік берді. Этномәдени бірлестіктердің қатысуымен сондай ақ, соңғы уақыттарда этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қызметін интеграциялауға және мәдениетаралық дамытуға, мемлекеттік тілді және қазақстандық патриотизмді ілгерілетуге бағытталған облыстық Ассамблеяның және «Қоғамдық келісім» – «ЕЛ БІРЛІГІ» мен «ДОСТЫҚ ДӘМІ» жобалары іске асырылуда.

Бақыт ЖҰМАБАЙ

Әкімшілік жазаның мақсаты – жазалау емес, тәрбиелеу

Қоғамдағы құқықтық тәртіпті сақтау – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі....

Абай университетінде Ғылым декадасының салтанатты жабылу рәсімі өтті

Бүгін Абай университетінде «Ғылымдағы цифрлық серпіліс: жасанды интеллект дәуірі»...

Тәуелсіздік – мемлекеттік тіл тірегі

Тәуелсіздік - құндылығы жоғары қастерлі ұғым. Тәуелсіздік - елдің...

Судьялардың әдеп стандарттары

Құқықтық мемлекетте сот билігінің беделі мен тиімділігі судьялардың кәсіби...

Апостиль: халықаралық құжат айналымының кепілі

Халықаралық құқықтық қатынастардың дамуына байланысты бір мемлекетте берілген ресми...