ОТАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР – МЕМЛЕКЕТ ТІРЕГІ

Елде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту және оны экономиканың негізгі драйверіне айналдыру аса маңызды мәселелердің бірі екені сөзсіз. Шағын ғана кәсібінен нәсіп тауып, отбасының берекесін кіргізіп, бала-шағасының несібесін молайтқан кәсіпкерлер мемлекеттің де болашағын бекемдей түседі. Жыл санап мемлекеттік бағдарламалар мен бюджет қоржынынан арнайы бөлінетін гранттардың көмегімен өзінің шағын кәсібін ашып табысы артып шаруасы дөңгелеген шағын және орта кәсіп иелерінің қатары көбейіп келеді. Ақмола облысында да аталған салада айтарлықтай ілгерілеушілік байқалады. Ақмола облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ербол ОСПАНОВТЫ облыстағы кәсіпкерлік саласы мен өңірдегі отандық өндірістің жай-күйін сұрап әңгімеге тартқан едік.

– Ақмола облысында кәсіпкерлікпен айналысу деңгейіне қандай баға берер едіңіз? Отандық өнімдердің шетелдік тауарлармен бәсекелестікке төтеп беруі аса күрделі мәселеге айналған тұста өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жайы қалай?

– Шағын және орта бизнес жалпы мемлекеттің экономикалық дамуының негізгі тіреуі. Көп жағдайда дәл осы сала арқылы халықтың жұмыспен қамтылуы ішкі нарықтың отандық тауарлармен толтырылуы және бәсекелі орта қалыптастырумен тікелей байланысты. Облыс аумағында, яғни жыл басында алынған деректер бойынша шағын және орта бизнес саласында 142,7 мың адам немесе экономикалық белсенді халықтың үштен бірі жұмыспен қамтылғанын атап өткен жөн. Бүгінгі таңда мемлекетпен бизнес жүргізу шарттарын жақсарту және әкімшілік жүктерді төмендету жөнінде жүйелі шаралар жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар кәсіпкерлік секторды ынталандырудың тікелей шаралары қарастырылған. Үкіметтің осы жылдың 7 ақпанындағы кеңейтілген отырысында кәсіпкерлік саласында сапалы өзгерістердің оның ішінде мемлекеттік қолдау шараларының басымдық қолжетімділігі қажеттігі атап көрсетілген. Қазіргі уақытта шағын және орта бизнесті дамыту және қолаудың бірыңғай кешенді бағдарламасы жасалған. Ол «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының бірігуін қарастырады. Бұл жерде негізгі басымдық бәсекеге қабілетті импортты алмастыратын және экспортқа бағдарланған салаларды дамытуға берілгенін атап кеткен жөн.

– Жергілікті шағын және орта бизнес субъектілері мемлекеттік қолдауға және оның қамқорлығына қаншалықты қол жеткізе алып отыр? Субсидиялық көмек яки несие басқа да қаржылық тұрғыда шағын және орта бизнес саласына демеу болып жатыр ма? Мұндай көмек беруде кімдерге басымдық беріледі?

– Жоғарыда аталған БЖК және ҚЗЭ мемлекеттік бағдарламаларының шеңберінде шағын және орта бизнес субъектілері несие сыйақысының проценттік мөлшерлемесін субсидиялау, несиелерді ішінара кепілдендіру, грантты қаржыландыру және жетіспейтін инженерлік инфрақұрылымдарды өткізу түрінде мемлекеттік қолдау шараларын пайдалана алады. Жаңа жобаларды субсидиялау бойынша бюджетті бөлуде өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарына басымдық беріледі. Қаржылық қолдау субсидиялау және кепілдендіру бағыт тары бойынша мемлекеттік қолдаудың қаржылық агенттігі – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры. Кәсіпкерлер online. damu.kz. немесе egov.kz порталдары арқылы мемлекеттік қолдау алу үшін электронды өтінім бере алады немесе жоба жүзеге асырылатын жердегі өңірлік филиалға жүгіне алады.

– Осы бағытта мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен қанша қаражат бөлінді?

– Соңғы жылдары шағын және орта бизнес саласына мемлекеттен бөлінетін қолдау қаражатының көлемі ұлғайып келеді. Биыл Ақмола облысында бизнесті дамыту және қолдау жөнінде бағдарламаларды жүзеге асыруға 1 шілдедегі жағдай бойынша барлығы 477 жобаға 9,4 миллиард теңге мемлекеттен қолдауға ие болды. Сонымен бірге 2019– 2024 жылдар кезеңінде «Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін өңірлік қаржыландыру» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде 150 миллион теңге оның ішінде «Даму» қоры 100 миллион және жергілікті атқарушы органдар 50 миллион теңге қаржы бөлген. Бұл қаражат Көкшетау қаласында сонымен қатар қалаға әкімшілік бағынысты елді мекендерді қосқанда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін одан әрі қаржыландыру үшін «Қазақстан халық банкі» АҚ-да орналастырылды. Бағдарламалар шеңберінде 6 қарыз алушы жалпы 160 миллион теңге несие сомасында қаржыландырылды.

– Өңірде мемлекеттік бағдарламалардың аясымен қолдау нәтижесінде түрлі салаларда жаңадан ашылған бизнес қаншалықты көбейді?

– Иә, мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен бизес субъектілерін қолдауға мол мүмкіндіктер туғаны рас. Аталған бағдарламаларды жүзеге асыру өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік, халыққа түрлі қызмет көрсету және басқа да салаларда бизнес нысандарының ашылуына және олардың кеңейтілуіне жол ашты. Мемлекеттік қолдау шараларын көрсетудің нәтижесінде әрекет ететін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 0,5 пайызға өсіп 58,210 мың бірлікті құрады. Ал осы шағын және орта бизнес нысандарында жұмыс істейтін адамдардың саны бірден 0,9 пайызға өсіп 142,704 мың адамға жетті. Тек жыл басынан бері ғана шағын және орта бизнестен 76,1 миллиард теңге сомасында салық түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17,2 пайызға жоғары болып отыр. Жаңадан шағын және орта кәсіпкерлік нысандары ашылуының арқасында жаңадан 3346 тұрақты жаңа жұмыс орындары құрылды. Салыстырмалы түрде былтырғы деректерді келтіре кетейін. Шағын және орта кәсіпкерлік саласында өндіріс көлемі 1,6 триллион теңгені құраған. Шағын және орта бизнестің жалпы қосылған құны – 989,5 миллиард теңге немесе 26,8 пайызға жетті. Аталған мәліметтер Ұлттық статистика бюросымен жарты жылға кешіге отырып қалыптастырылады. Жалпы, өңірде бизнес субъектілері үшін қолайлы бизнес-климатты одан әрі жақсарту үшін барлық шаралар қабылдануда. Кәсіпкерлікті дамыту жұмыстары одан әрі жалғастырылатын болады.

– Отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілетті болуы әрі нарық сөресінен шетелдік өнім сатушылардың тасасында қалып ығыстырылып кетпеуі үшін отандық өнімдерді сатып алуға өңірде қаншалықты назар аударылған?

– Отандық тауар өндірушілерді қолдау жөнінде жүргізілетін жұмыстар шеңберінде облыс әкімдігімен мемлекеттік органдар және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің тауарларын жоспарланған сатып алулар бойынша ақпараттарды талдау және жинау жүзеге асырылады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жергілікті өнімнің үлесі мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар және жүйе құрушы кәсіпорындар сатып алуларында Ақмола облысы бойынша 45,9 пайызды құрады. Яғни, жалпы сатып алу сомасы 648,4 миллиард теңге болса, шағын және орта бизнестен сатып алу 297,4 миллиард теңгеге жетті. Отандық бизнестің дамуына ұлттық компаниялар мен жер қойнауын пайдаланушылар, ірі кәсіпорындар да сүбелі үлестерін қосып келеді. Мәселен, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ-ның Ақмола облысындағы өкілдігі, Самұрық-Қазына контракт, «QazBioPharm» ұлттық холдингі» акционерлік қоғамы еншілес компаниясы 53,9 пайыз сатып алған. Жалпы сатып алу сомасы 1,7 миллиард теңгені құраса шағын және орта кәсіпкерлік үлес 0,9 миллиард теңгені құраған. Жер қойнауын пайдаланушылардың қолдау көмегі айтарлықтай жоғары. Олар 77,3 пайыз көлемінде сатып алған. Сатып алудың жалпы сомасы 251,4 миллиард теңге болса, оның ішінде шағын және орта кәсіпкерлік саласынан сатып алынған өнім көлемі 194,4 миллиард теңгеге жеткен. Жүйе құрушы кәсіпорындардың да үлесі аз емес. Жалпы сатып алу сомасы 47,3 миллиард теңге оның ішінде шағын және орта бизнес 14,3 миллиард теңгеге жетіп жығылған.

– Отандық оның ішінде жергілікті ақмолалық өнімді дамыту бойынша қандай жұмыстар жүргізілетініне тоқтала кетсеңіз.

– Облыс әкімдігі ұлттық компаниялармен, жүйе құраушы кәсіпорындармен, жер қойнауын пайдаланушылар жергілікті өнімдерді дамыту мәселелері бойынша меморандумдар жасасу жұмыстарын күшейтуде. Сондай-ақ, бизнес-форумдар өткізу, диалог алаңдары, жергілікті өндірушілерді қолдау жөніндегі семинарлар, оның ішінде «Қазақстандық қамту» интернет-порталының басымдықтары туралы жергілікті қамту идеологиясын дамытуға баса назар аударылып келеді. Мемлекеттік сатып алуларда жүйе құраушы кәсіпорындардың, ұлттық компаниялардың сатып алуларында жергілікті қамтудың дамуына мониторингтер де жүргізіліп келеді. Мұнымен қоса өнеркәсіп және құрылыс министрлігі «Қазақстандық қамту» интернет-порталын жүргізіп оның шеңберінде отандық өндірушілерді ақпараттық-маркетингтік қолдау көрсетуде. Яғни, онда тауар, жұмыс және қызмет пен оларды жеткізушілердің мәліметтер базасы, бірыңғай тауарлар каталогы, «СТ-KZ» берілген сертификаттар туралы ақпараттар, ұлттық компаниялар, жүйе құраушы кәсіпорындар және мемлекеттік органдар сатып алған тауар, жұмыс және қызмет туралы ақпараттар, республикалық индустрияландыру картасына қосуға әлеуеттілердің жобаларды жергілікті қамту сараптамасы бойынша қажетті көмек береді. Бұл орайда «Жер қойнауын пайдалану бойынша операциялар өткізу кезінде қолданылатын тауарлар, жұмыстар мен қызметтер тізілімі» ақпараттық жүйесі аса маңызды. Бұл реестр тіркелген өндірушілер мен жеткізушілерге автоматты түрде жер қойнауын пайдаланушылармен жүргізілетін тауар, жұмыс және қызметтерді сатып алу конкурстары туралы ақпараттарды жолдайды. Сондай-ақ, ол жер қойнауын пайдаланушылардың есептерінің барлық мәліметтерін, сатып алуларда жергілікті қамтудың үлесі есебі бойынша ұсынылған мәліметтердің нақтылығын автоматты түрде тексеріп шығады. Сондықтан барлық жер қойнауын пайдаланушылар реестрде тіркеуден өтуге міндетті. Ақпараттарды өңдеу толықтай автоматтандырылған. Бұл адами факторды алып тастап толықтай барлық процестің мөлдірлігін қамтамасыз етеді. Реестрге сағатына 10 мыңға жуық адам кіріп-шығады. Бұл жерде индустриялды-инновациялық қызмет субъектілері шығындарының бөлігін өтеу Қазақстан аумағында қолдануға рұқсат етілген, көпшілікке танымал халықаралық стандарттарға сәйкес сапа менеджменті жүйесі мен тауарлар, жұмыстар мен қызмет сертификаттандыру кезінде келтірілген шығындар бойынша жүргізіледі. Оның ішінде тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сертификаттау және сапа менеджменті жүйелерімен байланысты консультациялық қызметтерге, сертификатталған аудит және сертификатталған тауарлар, жұмыстар мен қызметтер сынағы және сапа менеджменті жүйелерін өткізуге, тауарлар, жұмыстар мен қызметтер және сапа менеджменті жүйелерімен байланысты қызметкерлердің біліктілік квалификациясын арттыруға бөлінеді. Аталған шығындар өтеуге ұсынылған сомадан 50 пайыз мөлшерінде расталады. Бірақ бір субъектіге үш айлық есепткі көрсеткіштен аспауы тиіс. Отандық өндірушілердің шығындарының бір бөлігі өтеледі. Өнімдерді сертификаттау және олардың халықаралық стандарттарға сәйкес болуына барынша назар аударылады.

– Әңгімегіңізге рақмет! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ

Әлихан Бөкейханов және құқықтық мемлекет идеясы: тарихи мұра мен заманауи сабақтастық

Әлихан Бөкейханов – қазақ тарихындағы аса ірі тұлғалардың бірі,...

Мемлекеттік тілдің сот жүйесіндегі қолданылуын жетілдіру мәселелері туралы

Құрметті әріптестер, құрметті мемлекеттік тіл бойынша жауапты мамандар! Бүгінгі кездесудің...

Алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершіліктің өзекті мәселелері

Алаяқтық – қоғамдағы ең кең таралған әрі қауіпті қылмыстардың...

Almaty Half Marathon 

МАССОВЫЙ СПОРТ В АЛМАТЫ СТАНОВИТСЯ ХОРОШЕЙ НАЦИОНАЛЬНОЙ И КРЕАТИВНОЙ...

Согласно миссии ООН

В АЛМАТИНСКИЙ ВОЕННЫЙ ГАРНИЗОН С РАБОЧЕЙ ПОЕЗДКОЙ ПРИБЫЛ ЗАМЕСТИТЕЛЬ...