Сарыарқаның сұлу өңірлерінің бірі – Ақмолада жаңа баспаналы болғандардың саны уақыт өткен сайын көбейіп келеді. Өткенде ғана облыс орталығы–Көкшетау мен Зеренді ауданындағы отбасылардың жайлы үйлерден пәтер алғанын айтқан болатынбыз. Ал Астана күні қарсаңында өңірге қарасты Қосшы қаласында халықтың әлеуметтік топтарынан шыққан 20 отбасы, яғни ҰОС ардагеріне, көп балалы аналар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастарға «DreamPark» тұрғын үй кешенінен жаңа пәтер берілді. Бұл 200-ге жуық отбасы пәтер кілтін алды деген сөз. Ал өткен аптада Бурабай ауданындағы 40-қа жуық отбасы қоныс тойын тойлады.
Аталған ауданға қарасты Щучинск қаласының элиталық тұрғын үй кешеніндегі жайлы пәтерлерге халықтың әлеуметтік осал топтарынан 9 отбасы ие болды. Ал жыл соңына дейін тағы да Бурабай ауданында барлығы 40 пәтер сатып алынбақ. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов тұрғындарға кілттерді тапсыра отырып, Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған жаңа бағдарламаның арқасында тұрғын үй мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік пайда болғанын атап өтті. «Бұл шара көпбалалы отбасылардың, ата-анасыз балалардың, мүмкіндігі шектеулі жандар және басқа да әлеуметтік маңызы бар санаттардың тұрғын үй жағдайларын жақсартуға мүмкіндік береді. Ең бастысы – баспанаға кезекті айтарлықтай қысқартуға септігі мол. Аталған бағдарлама бойынша облыс бойынша 900-ге жуық пәтер сатып алынады. Басты міндет – тұрғындарымыздың жайлы жағдайда өмір сүруі. Бүгінгі баспаналы болған әрбір отбасының шаңырағында жақсылық болып, құт-береке орнасын деген тілек айтамын. Балаларыңыз еліміздің бетке ұстар азаматы болсын», – деді Марат Ахметжанов. Баспаналы болған жандардың арасында көпбалалы ана Елена Кудаева тұрғын үйге кезекте 12 жыл тұрған. Оның айтуынша, жаңа пәтердің иесі болғанына біраз уақытқа дейін сенбепті. Қолына кілт тапсырылған соң ғана бұл қуаныштың рас екенін білген. «Менің ең қуанышты күнім десе болады. Бұл пәтер менікі екеніне біразға дейін сенбей келдім. Өзіммен бірге 8 баламның мәз болғанын көріп, жүрегім жарылардай қуанышқа кенеліп отырмын. Бізге пәтер өте ұнады, іші керемет және бөлмесі жарық, қабырғалары өте биік, кең. Осы бағдарлама үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына, облыс басшылығына алғыс айтамын», – деді Е.Кудаева. Тағы бір жаңалық, өңірде денсаулық сақтау қызметкерлері арасында кадр тапшылығын азайту, сондай-ақ Бурабай ауданында жұмыс істеу үшін арнайы мамандарды тарту мақсатында дәрігерлер үшін 45 пәтерлік үй салынған еді. Бұл игі іс өз нәтижесін берді. Облыста еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандарға тұрғын үй кілті табысталды. Яғни, 30 медицина қызметкері – жалпы практика дәрігерлері, эндоскопист, анастезиолог-реаниматолог, хирург, кардиолог, балалар консультациясының дәрігерлері мен педиатрлары қызметтік баспана алды. Сондай-ақ қуанышты шарадан соң аймақ басшысы Марат Ахметжанов Бурабай ауданынындағы құрылыс жұмыстарымен танысып, жаңғырту бағдарламасымен іске асып жатқан нысандарды көзбен көрді. Әкім алдымен ескі үйдің орнында салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылыс барысымен танысты. Аталған құрылыстың жалпы ауданы 3 084 шаршы метрді құрайды. 6 қабатты үйде лифт, шаруашылық қызметке арналған орын, балалар алаңы, автотұрақ, гараж кешені қарастырылған. «TASU COMPANY» ЖШС бас директоры Хасан Мұсахаджиевтің айтуынша, жобаға 480 млн теңге инвестиция салынған, үй осы жылдың қазан айында тапсырылмақ. Бір қызығы, тұрғындар дәл осы жаңа тұрғын үй құрылысын 10 жыл күткен еді. «Жаңғырту бағдарламасы жергілікті құрылыс компанияларына өз бизнесін дамытуға және ірі қаржылық жобаларға қатысу үшін жақсы беделге ие болуға мүмкіндік береді. Сондықтан әр нысанның сапалы салынуы олардың кәсібилілігіне байланысты», – деп атап өтті М.Ахметжанов. Мұнан соң Марат Ахметжанов биыл пайдалануға беруді жоспарлап отырған 400 орындық қалалық екі қабатты мәдениет үйінің құрылысын да тексерді. Жаңа ғимаратта кино, көрме және дайындық залдары, хореография, вокал студиясы, үйірме жұмыстары үшін кабинеттер жасақталатын болады. Мердігер компания өкілінің айтуынша, қараша айына дейін нысан мемлекетке тапсырылады. Қазір мұнда 45 адам жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта тағы да құрылысшылар саны артатын болады. Облыс басшысы абаттандыру мен көгалдандыруды қоса алғанда, нысанды мерзімінде толық аяқтаудың маңызды екенін атап өтті. Жаңа нысан пайдалануға берілген соң Щучинск қаласының тұрғындары үшін мәдениет орталығына айналуы керектігін баса ескертті. Ал көпфункционалды спорт сарайына барған облыс әкімі құрылыстың төмен қарқынын сынға алды.«Авторемстрой ЛДТ» ЖШС өкілінің айтуынша, мұндағы монтаждау, сыртқы қабырғаларды қалау жұмыстары аяқталыпты. Қазір нысанда ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы аталған спорт сарайында бассейн, гимназия, бокс, теннис, күрес және аэробика бөлмелері, сондай-ақ спорт залы жоспарланған. Ал ғимараттың сыйымдылығы ауысымына 235 адамға қарастырылған.
Шернияз ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ


