Елімізде соңғы уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы ақпараттар легі көбейіп кетті. Бұған не себеп? Ал зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдар үшін елімізде қандай қорғау шаралары қарастырылған? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің халықаралық құқық кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының докторы, заңгер Жанар Кегембаевамен сұхбаттасқан едік.

— Жанар Аманжанқызы, елімізде соңғы уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы ақпараттар легі көбейіп кетті. Бұл бұрыннан бар мәселе ме, әлде оның енді ғана шеті шығып жатыр ма?
— Шынында да, бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары өте көп. Бұған құқық қорғау органдарының ресми статистикасы дәлел. Мысалы, Қазақстанның Бас прокуратурасы күн сайын отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты полицияға 300-ге жуық арыз келіп түсетіндігін көрсетеді. Ал соңғы уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы ақпараттардың көбеюін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны күшейтетін заң қабылданғаннан кейін басталды деп ойлаймын. Өйткені, ендігі күні отбасындағы ұрып-соғу жағдайлары қылмыстық кодекспен қаралады. Құжатқа сәйкес, денсаулыққа қасақана ауыр не орташа зиян келтіруге қатысты жауапкершілік қатаңдатылды. Сондай-ақ, 16 жасқа толмағандарға зорлық-зомбылық көрсеткендерді де бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылды. Құқық қорғау органдары, ҮЕҰ, масс-медиа және әлеуметтік желілердің белсенді жұмысының нәтижесінде адамдар отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі туралы көбірек айта бастады. Бұл көмекке жүгінушілер санының артуына ықпал етті. Сонымен қатар, бұл жағдайға жұмыссыздық, табыстың төмен деңгейі, қаржылық тұрақсыздық, жұмыстағы проблемалар, отбасылық қатынастар тікелей әсер етеді. Үйдегі зорлық-зомбылық жағдайларының өсуіне объективті түрде COVID-19 пандемиясы да әсер етті деп есептеймін. Бұл кезде ұзақ мерзімді карантин және өзін-өзі оқшаулау отбасыларға экономикалық және психологиялық қысымды күшейтті, үйдегі зорлық-зомбылық жағдайларының өсуіне қолайлы жағдай жасады. Дегенмен бүгінгі күні құқық қорғау органдары мен әлеуметтік қызметтердің бақылауы мен мониторингі айтарлықтай күшейтілді. Бұл тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларының анықталуы мен тіркелуін жақсартуға әкеледі. Дегенмен мен нақты жағдайлардың саны бірнеше есе көп деп санаймын. Себебі, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен байланысты құқық бұзушылықтар жоғары латенттілікпен сипатталады. Көптеген жәбірленушілер құқық қорғау органдарына жүгінуден бас тартып жатады. Сонымен қатар, көптеген жәбірленушілерде өз құқықтары мен қолдау, көмек көрсететін ресурстар туралы ақпарат жоқ. Қазіргі таңда арыздардың көбеюі құқық қорғау органдары мен сот жүйесінің тиімділігіне деген сенімсіздікті жеңудің оң тенденциясын көрсетеді.
— Зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдар үшін елімізде қандай қорғау шаралары қарастырылған?
— Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көмектесетін ең бірінші сенім телефоны «111» бар. Одан бөлек, қарапайым 102, сосын тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмектесетін үкіметтік емес бірнеше қоғамдық ұйымдар да бар. Жалпы, жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оларды қолдауға және бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге бағытталған шаралар кешенін әзірлеу жөніндегі жұмыс ұлттық деңгейде де, халықаралық деңгейде де жүзеге асырылады. Бастысы Конституциямыздың 1-бабында көрсетілгендей: «Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары». Сондықтан, біз, Конституцияның осы бабына сену арқылы мемлекеттен қорғауды, қолдауды сұрай аламыз. Осы тұрғыда ағымдағы жылдың сәуір айында отбасы, балалар мен әйелдер институтын қорғауға бағытталған басқа заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы екі заңның қабылдануы еліміз үшін үлкен қадамдардың бірі болды деп санаймын. Қолданыстағы заңнамаға енгізілген бұл түзетулер әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейтіп қана қоймай, сонымен қатар отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көмек көрсетудің кең инфрақұрылымын құруға негіз болды. Бұл орайда зорлық-зомбылықтың құрбаны болған балаларды қорғау бойынша арнайы бағдарламаларды енгізу аса маңызды. Айта кету керек, Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіруге көп көңіл бөлінеді. Тәуелсіздік жылдарында 15 халықаралық құжат ратификацияланды, оның біріншісі Бала құқықтары туралы Конвенция болды, оның барлық баптары бүгінде елдің заңнамалық актілеріне енгізілді. Балалардың құқықтарын реттейтін 45-тен астам нормативтік құқықтық актілер қабылданды. Ел Үкіметі балаларды зорлық – зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарын әзірлеп, қабылдады. Қазақстанда 2024-2028 жылдарға арналған қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен әріптестік жасап қамтамасыз ету тұжырымдамасы да қабылданды (құқық бұзушылықтың алдын алу саласында).
— Ал қандай жағдайларда мемлекет зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдарға сот процесінсіз заңгерлік көмек, не болмаса қолдау көрсетеді?
— Мемлекет «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» заңда көзделген қорғау нұсқамасының тетігі арқылы сот процесінсіз де зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдарға заңгерлік көмек пен қолдау көрсете алады. Зорлық-зомбылық қаупі болған кезде, бірақ әкімшілік қамауға алуға немесе қылмыстық процесте ұстауға негіз жоқ болса, полиция органдары қорғау нұсқамаларын шығара алады. Бұл нұсқамалар жәбірленушінің пікірін ескере отырып, зорлық-зомбылық жасаған адамға орындау үшін қолхатпен беріледі. Қорғау нұсқамасы жәбірленушімен кез келген тәсілмен қудалауды, баруды және келіссөздер жүргізуді қоса алғанда, байланысқа тыйым салуды көрсетеді. Нұсқаманың көшірмесі жәбірленушіге беріледі және 24 сағат ішінде прокурорға жіберіледі. Бұл бұйрық 30 күнге созылады және ішкі істер органдары оның орындалуын үнемі тексеріп отырады. Нұсқаманы бұзу әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады. Ал бұзушы профилактикалық есепке қойылады және ішкі істер органдарының бақылауында болады.
— Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін не істеу керек?
— Менің ойымша, мектеп жасынан бастап балаларға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы айтып, оларды этикалық және құқықтық біліммен қамтамасыз ету керек. Ерте жасынан берілген құқықтық білім оларға өз құқықтарын түсінуге және қорғауға мүмкіндік береді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға көмектеседі. Сондай-ақ, олардың зорлық-зомбылықтың құрбаны немесе куәгері болуы мүмкін жағдайлардың алдын алады. Сонымен қатар, зорлық-зомбылық кезінде қалай әрекет ету және қайдан көмек сұрау керектігін үйрену арқылы балалар өзін-өзі қорғау дағдыларын үйренеді деп есептеймін. Ол үшін мектеп қабырғасында белгілі бір педагогикалық жиындар, тәрбие сағаты, тіпті арнайы қосымша сабақ енгізу қажет. Әрине, бұл кешенді әрі жоспарлы әрекетті талап етеді. Өйткені аталған тақырыптарды мектеп бағдарламасына енгізу, балалардың жасына сәйкес тақырыптарды бейімдеу, қауіпсіз және қолдау көрсететін білім беру ортасын құру үшін психологтармен, тәрбиешілермен және заңгерлермен біріге отырып жұмыс жасалу қажет.
— Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Ақбота Ерболқызы