2024 жылдың екі айында тұрғын үй құрылысы өткен жылмен салыстырғанда 12%-ға артып, 356.6 млрд тг болған. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді. Елімізде тұрғын үй мәселесі қай кезде де өте өзекті. Мемлекет жыл сайын тұрғын үй құрылысы және бағдарламаларының саны мен азаматтар үшін тиімділігін арттырып жатыр. Бағдарламалар барлық жастағы және әртүрлі әлеуметтік топ өкілінің барлығын қамтымақ.
2000 жылдан бері қазақстандықтар үшін тұрғын үй құрылыс жинағы енгізілді. Жылдық сыйақысы 2% болатын “Отбасы банкі” арқылы салымшылар тұрғын үй сомасының жартысын төлеп, қалғанын төмен пайыздағы несие арқылы ала алады. “Тұрғын үй” заемы бойынша 3,5-нан 5%-ға дейін, ал “Аралық” заем бойынша, пайыздық үстемақы 6%-дан 10%-ға дейін.
Еліміздегі ипотекалардың 95%-ы мемлекеттік қолдау арқылы беріледі. 2022 жылғы мәлімет бойынша ипотекалық бағдарламаларға 3.3 трлн теңге бөлінген. Бағдарламаларды атап көрсетер болсақ: Отбасы банк — 2.1 трлн (63%), “Баспана хит” — 0.6 трлн (18%), “7-20-25” — 0,5 трлн (15%) және басқа бағдарламаларға 0.1 трлн теңге (0.1%) қаржы жұмсалған.
Әр жылда тұрғын үй салу көлемі 200 мың шаршы метрге артады деп жоспарланып отыр. Мұны несиелік және жалға берілетін тұрғын үй құрылысы, «Отбасы банкінің» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары мен «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ коммерциялық банктердің ипотекасын субсидиялау және т.б. сияқты мемлекеттік қолдаудың әртүрлі бағыттары жүзеге асырмақ.
Осы жылы «Отбасы банкі» АҚ әртүрлі әлеуметтік топтарға жеңілдетілген шартпен бірқатар мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар дайындады. Атап айтсақ, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе тәрбиелеп отырған отбасыларға, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға және «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы отбасылар мен аналарға арналған “«2-10-20» және «5-10-20» бағдарламалары”.
“Отбасы банктің» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова: “Тұрғын үй тапшылығы әсіресе өңірлер мен моноқалаларда қатты сезіледі. Лайықты жұмыс пен тұрғын үй жағдайының жоқтығынан жастар шаһарларға көшіп жатыр, — д. Бұл үрдіс соңғы бес жылда үдей түсті. Халық санының ең көп өсімі Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе облысында байқалады”,- дейді.
Аталмыш мәселені шешу үшін Алматы, Астана, Шымкент қалалары мен ШҚО, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарынан өзге барлық аймақтағы 35 жасқа дейінгі Жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасы жасалды. Сондай-ақ 1000 жас ғалымды қолдау үшін берілетін “Жас ғалымдарға” арналған бағдарлама да бар.
Сондай-ақ бірқатар сала бойынша ауылдық жерде жұмыс істеуге аттанған кез келген жастағы азаматтар азаматтар үшін “Дипломмен ауылға” бағдарламасы арқылы да баспаналы болуға болады.
Барлық қазақстандықтарға арналған “7-20-25” бағдарламасы. Кез келген азамат 7%-бен жаңадан салынған үйді 25 жыл несиеге алғашқы 20% жарнаны төлеп, сатып ала алады. Жалпы, қазақстандықтардың «7-20-25» бағдарламасына деген сұранысы төмендеген емес. Осы жылдың үш айында 25 млрд теңгеге 1467 қарыз берілген. Бағдарлама іске асырылған 2018 жылдың шілдесінен бастап 999.2 млрд теңгеге 73.2 мың несие рәсімделіпті.
Жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз тұрғын үйді жалға беру бағдарламасы. Тек Астана, Алматы, Шымкент қалаларында қызмет ететін жастар қатысады. Олардың жасы 35-тен аспауы шарт.Кезекте тұрудың қажеті жоқ.
Сонымен қатар ел азаматтарының тұрғын үй жағдайын жақсартуы мақсатында Зейнетақы жинақтарының белгілі бір пайызын алуға рұқсат етілген. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының дерегінше, 2021-2023 жылдары 1,4 миллион өтініш орындалды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: Бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасында азаматтарды тұрғын үймен қамту мәселесі де қарастырылған. Онда:
“– 7 жылда 111 миллион шаршы метр тұрғын үй саламыз;
— Барлық проблемалық үйлердің құрылысын ортақ үлеспен аяқтаймыз;
— 40 мыңға жуық апатты және тозығы жеткен тұрғын үй иелерін жаңа баспанамен қамтамасыз етеміз;
— «7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотекалық несиелендіру жалғасады;
– Жаппай тұрғын үй құрылысы жүргізілетін аудандарда инженерлік желілердің құрылысын жандандырып жатырмыз” делінген.
Соңғы 8 жылда тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 2 есеге жуық өсті. 95 млн. шаршы метр салынды, оның ішінде жеке тұрғын үй құрылысы 44%-ды қамтиды.


