Егін шаруашылығының өнімділігін арттыру ел экономикасына өлшеусіз үлес қосары анық. Мұны Мемлекет басшысы да жиі айтып келеді. Ақмола облысындағы 50 мың шаршы метрге жуық жерді алып жатқан «Астана» ЖШС-де алты өндірістік корпус бар. Осы корпустарда 13 өндірістік желі өнім шығарумен айналысады. Дұрысы, аталған зауытта гербицидтің 29, инсектицидтің 11, фунгицидтің 6 және тұқым өңдеуге қажетті дәрі-дәрмектің 7 түрі өндіріледі. Дұрысы, бұл серіктестікте елдегі ауыл шаруашылығы саласы үшін маңызды химиялық дәрі-дәрмек шығады.
Көп жылдан бері қажетті затты өндіріп келген кәсіпорын тауары елдегі барлық өңірдің диқандарына ұнаған. Осыдан кейін өнім өткізу аумағын тіптен кеңейтіпті. 15 жыл бойы Қазақстанның ауыл шаруашылығы құрылымдары тұтынған сапалы дәрілер осындай артықшылықтың арқасында импорттық тауарға айналыпты. Бір кездері, яғни тоқырау жылдары, егін егуде көп қиындық болды. Жер құнары азайып, топырақ тозды. Егін алқаптарын жабайы арам шөп басып, оны құртудың жолын таппаған шаруалар әбден дал болғаны бар. Химиялық өңдеуге дәрі-дәрмек болғанмен, оның өзі шетелден келеді әрі бағасы да қалтаға жеңіл емес еді. Мұндайда ел қазынасы да ортаятыны анық. Қысылтаяң шақтан шығу үшін қалайда бір амал табу керек еді. Жоғарыда айтқандай, «Астана нан» ЖШС шаруаларға қажеттіні дер кезінде байқап, жаңа өнім шығаруды бірден бастап кеткен болатын. Бұл бастама Қазақстандағы ең жетекші саланың бірі – ауыл шаруашылығы үшін ғана емес, аталған серіктестікте еңбек ететін азаматтар үшін де көп жаңалық, көп жақсылық әкелді. Жаңа жұмыс орындарынан бөлек, сырттан келетін тауарға тежеу басталып, химиялық дәрі-дәрмектің бағасы да түсті. Бұл жерде ел Үкіметінің қолдауының арқасында кәсіпорын тамырына қан жүгірді деп әбден айтуға да болар. Бір қызығы, 2000-жылдардың басында кәсіпорын өніміне күмәнмен қараушылар көп болғанын жасыра алмаймыз. Оны сейілту үшін өнімді тәжірибеден өткізу керектігі бесенеден белгілі.

Сол уақытта Целиноград ауданындағы «Родина» агрофирмасы» ЖШС-дан жалға алынған цехта қажетті құрылғыларды орнатып, «Премис-25» тұқым өңдейтін алғашқы өнім шығарылды. Егін алқабындағы зиянды арамшөптің тамырын құрту үшін қажетті «Барс супер» гербициді де өндірілетін болды. Сол кезде егіннен алынған алғашқы өнімнің көлемі мол болды. Бұл тәжірибеден өткен химиялық дәрі-дәрмектің сапасы мен өзіндік салмағын еселей түскендей еді. Сол кезден бастап кәсіпорын жұмысы тіптен ілгерілей түсті. Серіктестік осы мақсаттағы шаруасының ауыл шаруашылығы үшін айтарлықтай тиімді екеніне біржола көз жеткізген соң, жаңа биіктерді бағындыра бастады. Енді кәсіпорын гербицидтің бірнеше түрін өндіруді қолға алды. Әлемдік ғылыми жетістіктер мен озық үлгілерге сүйене отырып, оларды мұқият зерттеп алды. Артынша биология және химия өнеркәсібінің нағыз майталмандарын жұмысқа тартып, өнім сапасын уақыт өте арттыра берді.
Осылайша, отандық өндіріс құрған «Астана нан» серіктестігі өнімдерінің жиырмадан астам түрін өз сауда маркасымен шығаратын болды. Алғашқыда өндіріс егістік алқаптағы арамшөпті жоятын дәрі-дәрмек шығарса, бүгінде әртүрлі зиянкестен, аурудан қорғайтын өнімді де қоса өндіреді. Еліміздің әр өңірінде ауа райы, су сапасы, өсіретін дақыл түрі әр алуан екені белгілі. Солтүстікте бидайдан бөлек, мал азығы ретінде жүгері өсірілсе, оңтүстікте күріш немесе мақтамен даңқы шыққан облыстар бар. Бір айта кетерлігі, кәсіпорын өнімі кең-байтақ еліміздің барлық өңіріне жарамды. 300-ден аса қызметкері мен ғалым-инженерлері бар кәсіпорын қазір тұтынушылардың талап-тілегіне орай сервистік қызмет көрсетуде. Алдымен гербицид, инсектицид, пестицид алқапқа себілер алдында тірек шаруашылықтарда тәжірибеден өткізіледі. Осылайша, өз ісіне мейлінше жауапкершілікпен қараған кәсіпорын түпкі нәтижеге қол жеткізу үшін халықаралық стандарттарға және заманауи технологияларға сүйене отырып, өздері өндіретін химиялық дәрі-дәрмектің тиімділігіне баса назар аударып келеді.
– Талай жанға азық болған киелі жер бір жылдары, егемендіктің елеңалаңында қатты тозды. Расы сол, топырақты баптамаса, күтпесе, еткен еңбегің зая кетіп, берекенің азаятыны белгілі. Әсіресе, егін еккен ағайынға арамшөптен келетін зиян көп. Бұл зауыттың өнімі біздің өңірде кездесетін әртүрлі арамшөптен арылуға көп көмегін тигізіп келеді, – дейді өңірдегі «Құлан» шаруа қожалығының басшысы М.Болатов. Міне, жылжыған уақытпен бірге өз өнімдерінің сапа құнын арттыра білген «Астана нан» ЖШС жыл өткен сайын дамып қана келе жатқан жоқ. Олар елдегі асыраушы саланың алға басуына да көп мұрындық болып отыр.
Шернияз ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ


