Мемлекетте әр кәсіптің орны ерекше. Елдің ілгерілеуіне атсалысқан, дамуына үлес қосқан әр кәсіп иесінің жұмысы бағаланбай қалған емес. Мемлекет тарапынан кез келген саланың алға басуына жағдай жасалып қана қоймай, осы салада тер төгіп жүрген жандарды ынталандыруға қатысты шаралардың да жіті назарда ұсталып келе жатқаны сөзіміздің жарқын дәлелі.
Тарихты парақтағанда байқағанымыздай, біздің елімізде кәсіби мерекесі белгіленбеген мамандық аз. Тіпті, ішкі істер органдарында еңбек етіп жүргендің ортақ мерекесінен бөлек, жол полицейлері, тергеуші, анықтаушы, криналистердің де төл мейрамы талай уақыттан бері тұрақты атап өтіліп келе жатқанына көпшілік куә. Сондай-ақ, отандық медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесінен бөлек, мейірбикелер, терапевтер, хирургтар, педиатрлар мерекесі бар екенін бәріміз білеміз. Ал осы ретте судьялар мен сот қызметкерлерінің кәсіби мерекесінің айқындалмауы сала мамандарының көңіліне қаяу салатыны рас. Бірақ, бұл олқылық та осыдан екі жыл бұрын шешімін тапты.
Осылайша 2022 жылы кәсіби мерекелер күнтізбесі тағы бір мерекемен толықты. Бұл жолы Үкімет қаулысымен 24 маусым – Судьялар мен сот қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде белгіленген болатын. Кәсіби мерекенің ресми түрде бекітілуі сот ұжымына үлкен қуаныш, ерекше серпіліс сыйлады. Өйткені, бұған дейін арнайы судьялар мерекесінің жоқ екені талай мәрте айтылып, көпшілік талқысына салынғаны есімізде.
Әсіресе, бұл бастаманың шешімін табуына сот ардагерлері ерекше белсенділік танытты. Сот жүйесінің жандануына еңбегі сіңген, саланы дамытуға септігін тигізетін тетіктерді жетік білетін ардагерлер кәсіби мерекенің маңызына көпшіліктің көзін жеткізуге барынша тырысты.
Расында, кәсіби мерекенің аға буын мен кейінгі буын арасындағы алтын көпірді жалғайтыны, сотқа деген сенімді нығайтып, үшінші билік өкілдеріне деген құрметті қалыптастыратыны талассыз. Мұндай мықты аргумент сот ұжымы арасында да өзіндік қолдау тапты. Осындай негізді ұсыныс, орынды пікірдің арқасында 2022 жылы қазақстандық судьялар кәсіби мерекесі алғаш рет атап өтті.
Осындай мүмкіндікті пайдаланып, барлық әріптестерді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Таразыларыңыз тең тартып, әділдік жолындағы қызметтеріңіз жемісті бола берсін! Еліміздің сырты жаудан, іші даудан аман болғай!
Э.Акбаев,
Батыс Қазақстан облыстық сотының судьясы