«…Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бір реттік науқан емес…» Иә, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экоакциясы туралы осылай деген еді. Президент пәрменімен бастау алған бүкілхалықтық науқан бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде өтуде. Шараға осы уақытқа дейін 750 мыңға жуық жан қатысқан. Олар 160 мың тоннадан астам қоқысты жинап, қоршаған ортаға қамқорлық танытқан.
Бұл акцияға Ақмола өңірі де етене атсалысуда. Мысалы, облыста 6 сәуір мен 11 мамыр аралығында атаулы акция өтті. Онда 70 тонна қоқыс қалдығы шығарылған. Одан кейінгі «Киелі мекен» деп аталған апта тарихи-мәдени ескерткіштер аумағын абаттандыру жұмыстарына арналды. Ал «Жасыл аймақ» апталығында ақмолалықтар 16 мың түп ағаш отырғызған. Осы секілді апта басында «Таза Қазақстан» road-эстафетасы Ақмола өңірінен бастау алды. Айта кетейік, атаулы бастамаға ұйытқы болғандар – AMANAT партиясы, «Жасыл даму» АҚ және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ. Қоршаған ортаға қамқорлық танытуды мақсат еткен бір топ экобелсенділерден құралған тазалық керуені Ақмоладан Алматы облысына жолға шықты. Олар Қарағанды, Жамбыл және Алматы өңірлерін басып өтіп, Қонаев қаласына дейін жетуді ниет еткен. 1200 шақырымды артқа тастап, жол-жөнекей кездескен қоқыстарды тазартпақшы. Атаулы науқанға екі мыңнан аса адам қатысады деген жоспар бар. Олардың сапында ҚР Парламенті Мәжілісінің, жергілікті мәслихаттардың депутаттары, қоғам белсенділері және «Жастар рухы» Жастар қанатының еріктілері бар. Нақтырақ айтсақ, іс-шараға AMANAT партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Қазақстанның қайталама шикізатты қайта өңдеушілер қауымдастығының басқарма төрағасы Батырбек Әубәкіров секілді тұлғалар қатысты. Акцияның ашылу салтанатында сөз сөйлеген AMANAT партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек: «Таза Қазақстан» өзімізден басталады. Еліміз ең алдымен өз отандастарымыз үшін таза әрі жайлы болуы керек. Сондықтан Мемлекет басшысы бұл мәселені жалпыұлттық деңгейге көтерді. Тазалық пен тәртіп өмір сүру нормасына айналуы тиіс. «Таза Қазақстан» road-эстафетасы тас жолдардағы қоқыс мәселесін шешіп қана қоймай, қоғамды біріктіреді, экологиялық мәдениет пен сананы қалыптастырады», – деді. Эстафетаға «Бір команда – бір облыс» қағидаты бойынша құрылған командалар қатысуда. Топ құрамына Мәжіліс және мәслихат депутаттары кіреді. Олар тазалық жұмыстарын жүргізумен қатар өңірлерде тұрғындармен кездесіп, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экоакциясын насихаттайды.
Бұл туралы «Жастар рухы» Жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова мәлімдеді. «Бұл акцияның басты ерекшелігі – еріктілер тек қоршаған ортаны қоқыстан тазалап қана қоймай, өңірлердегі, аудан, ауылдардағы жас достарымызды қатарға қосып, олардың да атаулы акцияға атсалысуын, науқанның жалпыұлттық сипат алуын насихаттайды. Сондай-ақ шомылу маусымы басталды. Өрт болу қаупі де жазғы мезгілде өте жоғары. Сол себепті біз жастармен кездесуге барғанда осы бағыттарда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын да қолға аламыз», – деді ол. Ал ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев шараның жастар үшін маңыздылығын тілге тиек етті. «Мен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының амбассадоры ретінде науқанға жастарды көбірек тарту қажет деймін. Себебі жас буын – еліміздің қозғаушы күші. Ұлан-байтақ кең даламыздың иесі де солар. Сондықтан экологиялық мәдениетті өскелең ұрпақтан бастап қалыптастырсақ, келешекте «Таза Қазақстан» ұғымын ұлтқа ұғынықты, оның сөз емес, іс жүзіндегі көрінісін көре аламыз. Шыны керек, бұл акциялардың өтуінің өзі біздегі экологиялық түсініктің кемшін екенін білдіреді», – деді. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында әр апта сайын «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы Ақмола аумағында өтуде. Онда қатысушылар қоршаған ортаны қоқыстан тазалап, көгалдандыруды қолға алған. Елді мекендердегі ластанған аумақтардың картасы әзірленді. Соның негізінде елдегі жол бойындағы аумақтардан, өнеркәсіптік аймақтардан, тұрғын аудандардан, әлеуметтік нысандардан және басқа да көптеген аумақтардан 475 учаске анықталды. Осы тұста AMANAT партиясының мүшелері мен «Жастар рухы» Жастар қанатының еріктілерінің еңбегін ерекше айта кету керек. Мәселен, бір ғана 27 сәуірде партиялықтар Қазақстанның әр аймақтарында 55 мың түп ағаш отырғызған. Ал былтыр 302,7 млн түп ағаш егілген. Сонымен қатар 39 ірі өнеркәсіптік кәсіпорында ауаның ластануын бақылайтын автоматтандырылған жүйе орнатылды. Ақмолада бастау алған эстафета барысында тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу ісі туралы да айтылды. Меже – қоқыстарды қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесін 36%-ға дейін ұлғайту. Айта кетейік, бұл жолғы эстафетада жиналған қоқыс та қайта қажетке жаратылады.
Шернияз ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ


