Білім саласын жандандыруда, ыңғайлы инфрақұрылым тарта отырып, сапалы білім мен тәрбие көзін қалыптастыруда әуелі ғимарат құрылысы дұрыс болу керек. Еліміздің әр өңірінде, тіпті әр ауданда жүріп жатқан мектеп салу жұмыстарын айтпағанда, бүгінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бұл саланың тіршілігіне дем бергендей. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан соң қызған жұмыс қарқыны әзірге оң сияқты. Әр облыста бұл жоба қызу қолдау тауып, аймақ басшыларының өзі құрылыс басына жиі барып жүр.
Расымен де қадағалауы мықты болғанда ғана сапалы, сыннан аулақ ғимараттар соғылатыны бұрыннан белгілі. Өткен аптада Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Целиноград ауданына барған еді. Осындағы Талапкер ауылына аялдаған аймақ басшысы ұлттық жоба аясында салынып жатқан 1200 орындық мектеп құрылысымен танысты. Бұдан бөлек, дәл осы елді мекенге тартылып жатқан су құбырының жұмысын да көрген. Жалпы, Целиноградта құрылыс қызған. Ал «Жайлы мектеп» жобасымен жеті мектеп салу жоспарланыпты. Ал біз айтып отырған Талапкер елді мекенінде екі білім ошағы тұрғызылуда. Бірі – мектеп-гимназия болса, екіншісі – ІТ мектеп-лицейінің құрылысы. Қос ғимарат құрылысын жүргізетін бір мердігер – «К.Г.С. Сауда» ЖШС. Серіктестіктің жауапты өкілі Жәнібек Ғалиасқаровтың сөзінше, қазір мұнда құрылыс-монтаждау, қасбеттік және ішкі әрлеу жұмыстары аяқталып қалған. Сонымен қатар инфрақұрылым, жол, электр желісін тарту, ауыз су, абаттандыру жұмыстары да басталған. Бір жақсысы – мұндағы құрылысқа қажетті материалдардың барлығы отандық өнім екен. Кездесуде Марат Ахметжанов құрылысты жіті қадағалауды, сапасына ерекше мән беруді тапсырып, бастысы, мектеп құрылысын уәделі мерзімде бітіру керектігін нықтап айтты. «Бұл мектептер пайдалануға берілсе, біз қалаға қатынап жүрген оқушыларымызды қуантамыз. Екіншіден, мектеп заманауи технологиялармен және материалдық-техникалық базамен жабдықталады. Балалар тамаша жағдайда білім алып, ең бастысы, талапкерлік шәкірттер Астанаға бармай, өз ауылында білім алатын болады. Үшіншіден, мектеп салу аяқталған соң ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары пайда болмақ», – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар Марат Ахметжанов мұндай маңызды білім саласындағы жобалардың сәтті де сапалы аяқталуын қамтамасыз ету үшін мүдделі мемлекеттік органдарға құрылыстың жоғары стандарттарының, жұмысты орындау мерзімі мен бюджеттік аспектілерінің сақталуына базар назар аударып, құрылыс барысын қадағалауды күшейтуді тапсырды. Келесі кезекте Марат Ахметжанов Талапкердегі салынып жатқан су өткізу құбырының жұмысымен танысты. Жақын арада мердігер компания бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында инертті материалдармен толтыру, содан кейін тығыздау бойынша қосымша жұмыстар арқылы нығайту жұмыстарын бастамақ. Құрылыс жұмыстары бітсе, аталған құбыр көктемгі су тасқынының алдын алуға мол септігін тигізеді. Айта кетейік, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында елдің барлық өңірінде көп орындық мектептердің құрылысы жүруде. Аталған жоба бойынша елде мектептерден орын тапшылығы болмайды, апаттық жағдайдағы және үш ауысымдық мектептер мәселесі де толық шешімін табатынға ұқсайды. Жалпы, «Жайлы мектептің» өзге мектептен айырмашылығын айтар болсақ, олар бірыңғай стандарт бойынша жобаланады.
Яғни мектеп кабинеттері, компьютерлік сыныптар, зертханалар мен шеберханалардың барлығы стандарт негізінде бір ізбен жабдықталады. Жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 2,3 трлн теңге бөлінеді. Ал мұндай қомақты сомаға 2023-2025 жылдары ел бойынша 740 мың орындық 400-ге жуық мектеп салу жоспарланған. Былтыр 461 мың оқушыға арналған 217 мектептің құрылысы басталған болатын.
Шернияз ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ


