12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Ақылтай ҚАСЫМОВ, доғарыстағы судья: «СУДЬЯЛАРДЫ ДОҒАРЫСҚА ШЫҒАРУҒА АСЫҚПАУЫМЫЗ КЕРЕК»

Судьялардың зейнет жасына, 63 жастан кейін қызметін жалғастыруына тең мүмкіндіктің берілмеуіне, доғарысқа шыққан соң көңілі қалаған салада қызмет істей алмауына қатысты мәселе көп. Содан болар, артықшылығынан гөрі шектеуі басым сот саласына қызығатындар аз. Осы түйткілдердің төркініне тереңірек үңілу үшін доғарыстағы судья, сот саласындағы беделді тұлғаның бірі Ақылтай Қасымовты сөзге тартқан едік.

– Ақылтай Ахметжанұлы, судьялардың доғарысқа кетуіне қатысты әртүрлі пікір айтылуда. Наразылықты да естіп жатырмыз. Дау неден туды? Жалпы, доғарыстағы судья кім? Бұл мәртебеге судьялардың бәрі ие бола ала ма? Алдымен осыған тоқтала кетіңізші…

– Алдымен доғарыс деген сөздің мәнін ашып алайық. Доғарыс ұғымының мағынасы судьяны құрметпен қызметтен шығару дегенді білдіреді. Орысша айтқанда «отставка». Бұл орайда құрметпен деген сөз «Сот жүйесі және судья мәртебесі туралы» заң бойынша айқындалған негізгі ұғым. Мұның мәні тәжірибесі мол, қызметін мінсіз атқарған, қателіктерге жол бермеген, тәртіптік жауапкершілікке тартылмаған судьялар доғарысқа кете алатынын білдіреді. Біздің сот саласында доғарысқа кеткен судьяның саны көп емес. Көптеген әріптесіміз бұған әртүрлі себеппен жете алмай жүр. Біреудің қызмет өтілі жетпесе, біреудің жұмысында кемшілік болып, енді бірі әртүрлі кедергіге ұшырап, доғарысқа іліге алмауда. Басқа мемлекеттік қызметтерде доғарыс болғанымен, құрметпен жұмыстан шығарылу деген жоқ. Доғарыстағы судья – ерекше мәртебе. Аталмыш заңда доғарысқа 20 жыл өтілі бар судьялар шығатындығы жайлы талап айқындалды. Сонымен қатар, судьялық лауазымға тағайындалу жасын отыз жылға көтеріп, бүгінгі таңда судья 20 жыл жұмыс істеп, елу жасында доғарысқа кете алатын болды. Бірақ ол зейнетақы, яғни сот саласында тағайындалатын өмір бойы қамтамасыз етілу мүмкіндігін ала алмайды. Бұл үшін ерлерге 63, әйелдер 61-ге келгенге дейін тағы да он жыл жұмыс істеу керек. Сондықтан доғарысқа негіз ретінде айқындалған жиырма жыл қағаз жүзінде ғана қалды. Екіншіден, бізде заң бойынша доғарысқа шыққан судьялар басқа мемлекеттік органдарға қызметке тұра алмайды. Прокуратура немесе полиция қызметінен доғарысқа кеткендерге мұндай шектеу жоқ. Олар қалаған құзырлы орындарына барып, қызметке кіреді. Мәселен, бүгінде прокуратурадан зейнетке шыққан білімді азаматтар Жоғарғы Сотта кеңесші болып қызмет атқарып жүр. Ал, алпыс үшке толмаған судьяларда мұндай мүмкіндік жоқ. Осы жағы түсініксіз. Болашақта бұл мәселе шешімін табуы керек. Әйтпесе, доғарысқа шыққан судьялар үшін қиын жағдай қалыптасып отыр.

– Олай болса, судьясыз қалып жүрмейміз бе? Қазыларымыздың бәрі жаппай доғарысқа кетіп қалуы мүмкін ғой?

– Бұл да ойланатын мәселе. Судья неге кетеді? Бүкіл әлемде судья өте мәртебелі лауазым. Бұл ерекше назар аударуды қажет ететін мәселе. Мұны біз сот саласында жүргенде талай көтердік. Жиырма жыл өтілімен доғарысқа кетуге құқылы болса, 24 айлық жалақыны түгел беру керек. Өмір бойғы қамтамасыз ету бойынша зейнетақысын да алсын. Содан соң қай жерде болса да жұмыс істеуге мүмкіндік берілсін. Жиырма жыл судья болып, бұл құқықты иеленуге оның еңбегі сіңді. Неге талап бәріне ортақ емес? Мен өзге мемлекеттік қызметкерлерді айтып жатқан жоқпын. Оларда жұмыс істейтіндер зейнет демалысына алпыс үш жасында шығу керек. Ал, құқық қорғау органында талап ортақ болу керек.

– Сіз қалай шықтыңыз доғарысқа? Зейнет жасына жеткен боларсыз?

– Мен зейнет жасынан соң төрт жылдай жұмыс істеп доғарысқа шықтым. Бірақ мұндай мүмкіндік бәрінде бола бермейді ғой. Оның үстіне, судья болуға ұмтылатындар жыл өткен сайын азайып барады. Себебі, жұмыс ауыр, жауапкершілігі мен талабы көп. Судьяның жеке өмірі жоқ сияқты, әбден жан-жақтан қысып тастаған. Сегіз сағат бойы қызметте, демалысы бір күн ғана. Күнұзақ бала-шағасын көрмейді. Өз басым балаларымның қалай өскенін сезген жоқпын. Әйеліме рақмет, екі балама дұрыс тәрбие беріп, қатарға қосты. Жастар мұны түсінді. Өмірдің қызығын көруге шек қоятын мұндай жұмыстың қажеті не? Аудандарға мүлде ешкім барғысы келмейді. Оларда бүгінде 300- ден астам судьяның орны бос тұр. Өйткені, жалақы бар болғаны 300 мың теңге көлемінде. Мұндай қаржыны судьялар басқа жұмыстан оңай табады. Жұмыс жүктемесі де көбейіп барады. Ал, күн сайын жағымсыз ақпарат, дау. Қысқасы, судья қызметінде қуаныш жоқ. Қоғам тарапынан да сот жүйесіне қатысты теріс пікір көп айтылады. Менің жасым үлкен, тәжірибем де мол. Соның өзінде қонаққа барған кезде өзімнің судья екенімді айтпаймын. Мұны үй иесі ғана біледі. Ал басқа танымайтын қонақтар сұраса, жауаптан сытылуға тырысамын. Себебі, судьямын десең бітті, әркімнен естігені бар, бірден судья оңбаған, парақор, әділетсіз деп шыға келеді. Осының бәрі судьялық қызметтің мәртебесіне кір келтіріп, оны тартымсыз етуде.

– Неге мұндай деңгейге жетті? Шын мәнінде судья деген ең құрметті лауазым емес пе?

– Бұл мемлекеттік саясаттың теріс салдары. Үкімет соттың жағымды образын қалыптастыру керек. Сот жұмысының қиындығы бар. Онда жүргендердің бәрі парақор және біліксіз емес. Бірлі-жарым заң бұзған судьяларға әрекетіне сай шара қолданылып жатыр. Қылмысқа барған сот болса қылмыстық жауапқа тартылады. Ал, этикалық нормалар мен істі қараған кезде заңды өрескел бұзса қызметтен шығарылады. Өкінішке орай, бізде депутаттар болсын, лауазымда жүрген кісілер болсын бәрі де сот саласы жемқорлыққа батқан, әділетті емес деп айыптап, судьяларды сүтке тиген күшіктей етіп қояды. Шын мәнінде көп мәселе қоғамда етек алған құқықтық нигилизмге байланысты. Үкіметтік органдарда, коммерциялық ұйымдарда болсын, барлығында ешкім заңдылықты елемейді.

– Расында бізде заң үстемдігіне қатысты мәселе көп. Қарапайым азаматтарды былай қойғанда, көзі ашық, көкірегі ояу, ел алдында жүрген азаматтар да заңдылықты сақтауға немқұрайлы қарайды. Мұның себебі неде?

– Әрине, мұның бәрі мәдениеттен, білімнен, заңның үстемдігіне деген сенімнен. Мысалы, жапондықтардың саны көп болғанымен, сотқа жүгінуі аз, дауды өз арасында шешеді. Тәртіпті сақтайды, құқықбұзушылыққа бармайды. Ал американдықтарда істің саны көп. Олар әрбір сұрақ бойынша соттасады. Бұл жақсы емес. Сот азаматтық дауды шешудің оңтайлы тәсілі бола алмайды. Бірақ бұдан жақсысын адамзат әлі ойлап таба алмай келеді. Роботтар шешуі мүмкін. Бірақ оған қашан жететініміз белгісіз. Айтпағым, американдық егер құқығы бұзылса, адвокатқа алдымен менің әрекетім заңды ма, заңсыз ба деген сұрақ қояды. Адвокат қай жерде заңды, қай жерде заңсыз екенін, өзінің оны қалай шеше алатынын айтады. Ал, бізде Кеңес одағынан бері қалыптасқан дәстүр бойынша дауды шешу үшін таныс іздейді. Мұның арты сыбайластыққа, әділетсіздікке алып келеді. Сосын кім жаман, судья жаман болып шығады.

– Не істеу керек?

– Мұны тек заң жолымен өзгерту қиын, бұл жұмыс мектептен басталу керек. Үкімет, депутаттар, судьялар бәрі заңды сақтауы керек. Бізде қай-қайсысы да заңды бұзуға бейім. Осыдан мәселе туындайды. Үкіметтің саясаты үлкен рөл ойнайды. Мен соңғы кезде солардың ұстанымын мүлде түсінбей жүрмін. Қазір ескі Қазақстан деп, бұрынғы кадрларды жұмыстан босатып жатыр ғой. Мүмкін IT саласына, өзге де қызметтерге шетелде оқыған, озық ойлы, бірнеше тіл білетін жастарды тарту қажет шығар. Бірақ сот саласына мұндай ұстаным сай келмейді. Әлемдік тәжірибеде судьяның жасы үлкен болған сайын құрметті. Жалпы сот саласына басқаша көзқарас керек. Біздің заңнамада соттың ерекше мәртебесі айқын көрсетілген. Кадр таңдау ісінде осы ұғымды басшылыққа алу керек. Кеңес одағы кезінде заң факультетінің ішінде прокурор-сот бөлімі болды. Онда жасы үлкен, біліктілігі жоғары, ойы озық мамандар даярланды. Болашақ прокурорлар мен судьяларға прокуратураның рөлі, сот жұмысының мәні, моральдық келбеті жайлы тереңдетіліп оқытатын. Жас екенбіз деп судьялар ойына келгенін істеп жүре алмайды. Судьялық лауазымның өзіндік қызмет этикасы бар. Соның бәрі осы бөлімшеде айтылатын. Мен облыстық сотта төраға болып жүрген кезімде жас судьяларға «тәулікте 24 сағат болса, біз 25 сағат судьямыз. Жұмыста да, көшеде де, ұйықтап жатсақ та, қонақта да судьямыз. Судьялық ерекше мәртебе. Судьяны барлық жерде құшақ жайып қарсы алып, құрмет көрсетіп, бар дәмдісін алдына тосады, машинаңды МАИ тоқтатпайды деген сөз емес. Біз тіпті судья деген қызметтік куәлікті ешкімге көрсетпеуіміз керек. Барлық жерде ешкім ескертпе жасамайтындай жүріп, әрқашан жоғары тәртіп үлгісін көрсетуіміз керек» деп айтатынмын. Қандай озық оқу орнын бітірсе де, жастардың судья ретінде қалыптасуы үшін уақыт керек. Бұрынғы кадрларда тәжірибе бар. Олардың осы потенциалын пайдалану сот жүйесі үшін өте маңызды.

– Мұны қалай жолға қоямыз?

– Меніңше, судьялық әлемдік талаптарға сай өмірлік лауазым болу керек. Жалпы доғарыс тәртібін өзгертуіміз қажет. Қазіргі таңда Жоғарғы Соттың басшылары бұл үрдіске тікелей қатысады. Менің ойымша, доғарысқа шығару мәселесі басшылыққа тәуелді болмауы тиіс. Өйткені, судьяның отыз жылдық қызметінде әртүрлі жағдай орын алуы мүмкін. Бүгінгі немесе алда болатын басшылар болсын судья көңілінен шықпаса доғарысқа шығармау үшін неше түрлі айлаға барып, ұсыныс бермеуі мүмкін. Доғарысқа шығу судьяның жеке құқы болуы керек. Ол Жоғары Сот Кеңесіне өтініш беріп, мәселе сол ұйымда қаралуы қажет. Судьяның Жоғарғы Сот басшылығына тәуелді болуы, тәуелсіздік қағидатын бұзады. Сол себептен бұл шараға басшылар араласпау керек. Доғарысқа шығаруда судьяның жұмысы заң негізінде қаралуы керек. Оған төрағаның шешімі қажет емес. Төраға қанша жерден әділетті, демократиялық көзқараста болғанымен, ол бәрібір адам. Сондықтан бұл мәселеде судья оның шешіміне тәуелді болмай, өзінің адалдығын, мінсіздігін нақты құжатпен дәлелдеу керек. Сол кезде доғарысқа қатысты наразылық туындамайды. Оған шын мәнінде лайықтылар кетеді.

– Ал жалпы қай кезде доғарысқа кеткен дұрыс?

– Негізі бүкіл әлемде судья үшін зейнет жасы жоқ десе де болады. Өйткені, судья болу үшін тәжірибе керек. Өз басым басшы да болып, судьялық лауазымды да атқардым. Осы кезеңде жинаған ойым, сана-сезімім өзімде тұр. Тәуба, мен сот саласында 43 жыл қызмет етіп, 67 жасқа келгенде өз еркіммен доғарысқа кеттім. Алайда бәріне бірдей мұндай мүмкіндік туа бермейді. Бізде алпыс үш – жастың шегі деген түсінік бар. Оған жеткен соң судьялар «тағы да екі жылға қалдырыңызшы, менің уақытымды созыңызшы» деп жалынуға мәжбүр. Жазбасаң алпыс үште кетіп қаласың. Жоғарғы Соттың алпыс үшке келген судьялары ары қарай да жұмыс жасауы керек. Өйткені, судьяның сана-сезімі адам тағдырын шешу барысында толысып, жетіле түседі. Сосын алпыс үш жас пайғамбар жасы деген бар ғой. Оның алдында Алла тағала. Жауапкершілікті бұл жастағылар терең сезінеді, ардан, әділеттен аттамауға тырысады. Бізде алпыс үшке келген Жоғарғы Сот судьяларының бәрін жұмыстан шығарып жатыр. Олар кімге кедергі келтірді? Мұндай судьялар жұмыс істеуі керек. Әрине, денсаулығы сай болуы тиіс. Дімкәс, жылына екі-үш рет ауруханаға жататын судьялардан пайда жоқ. Ал, денсаулығы жақсы болса, өмір бойы жұмыс істей беру керек. Басқа елдерде мәселен, Ресейде Жоғарғы Сот төрағалары 80 жасқа дейін жұмыс істейді. Қайталап айтамын, кадрлар құрамын жаңарту басқа салаға қажет болса да, сот саласына тиімді емес. Өйткені, сот ерекше жүйе. Судьяларды басқа мемлекеттік қызметкерлермен салыстыруға болмайды.

– Жалпы сіздіңше сот саласының өзекті мәселесі не?

– Бірінші мәселесі – соттардың тәуелділігі, екінші мәселе – заңдардың әділетсіздігі. Осы екі фактор салдарынан сот шешімдері әділ шықпайды.

– Қалайша, сонда сіздің де шешімдеріңіз әділетсіз болды ма?

– Заңды болды, бірақ үнемі әділ бола бермегенін мойындаймын. Өйткені, біздің заңдарда заңдылық пен әділеттілік қағидаты тең емес. Сондықтан заңды деген шешім кейде әділетсіз болады. Екеуіне бірдей қол жеткізу мүмкін бола бермейді. «Иванов деген соттың жеке ісі» деген кеңес кезінде түсірілген кино бар. Онда құрбы екі қыз мектепте бірге оқиды. Біреуі Ивановтың баласы, екіншісінің ата-анасы ажырасып, ісі Ивановқа келіп түседі. Кеңес заңы бойынша күйеуі мен әйелінің қанша тапқанына қарамастан, тіркелген мүлік жұбайларға тең бөлінеді. Бұл отбасында әйел көп табатын. Күйеуінің табысы аз болғанына қарамастан, сотта отбасының мүлкі теңдей бөлінді. Әйелі бұл шешімге наразы болды. Бір күні судьяның қызы үйіне қонаққа келгенде ашумен әйел осы жағдайды оның бетіне басты. Шын мәнінде шешім заңға сай. Бірақ әйел онымен келіспейді. Өйткені, ол әділдікті сезінбеді. Міне, бізде де осындай заңды болғанымен, әділдікке қайшы шешім көп. Сотқа наразылықтың негізінде де осы мәселе жатыр.

– Заңдылық пен әділдікті қалай теңгереміз? Бұл мүмкін бе?

– Біздің заңдардың көбін өзгерту керек. Заңды қабылдағанда бірінші ұстанатын қағида әділеттілік болуы тиіс. Сонда соттар әділ де заңды шешім шығаратын болады. Заң әділетті болуы үшін заңшығармашылығы жүйесін тұтастай өзгерту керек. Бізде отыз жылдан келе жатқан құрылым бойынша үкіметтің келісімінсіз, тексеруінсіз заң өтпейді. Тіпті, депутаттардың заңшығарушылық бастамасымен ұсынған заңды атқарушы билік теріс қорытынды беріп, қайтарып тастайды. Тағы бір мәселе, Ресейде және өзге де елдерде сот заңға бастамашылық жасай алады. Біздің Жоғарғы Сотта мұндай құзырет жоқ. Негізі бұл ұйымға осындай құқық берілуі керек. Өйткені, соттар заңдарды пайдаланатын бірден-бір ұйым. Сондықтан оларға заңның артық-кем тұсы бәрінен анық көрінеді. Заңдарға қандай толықтыру керек, нені алып тастау керек екенін тәжірибе жүзінде зерделейміз. Өкінішке қарай, соттардың ұсыныстары қабылданбайды. Оларды өткізу үшін Үкіметке жалынуымыз керек. Бір қарағанда, депутаттар біз айтып жүрген мәселелерді көтеріп жатқан сияқты. Бірақ, сөз бен істің арасы тым алшақ. Ешқандай прогресс, қозғалыс жоқ.

– Демек, заңдар өмірден алшақ жатыр екен ғой?

– Иә, өмірде басқаша. Бүгінгі таңда экономикамен байланысты қылмыстар өте көп. Соларға қатысты қаншама адам заңсыз түрмеде отыр. Қаншама кәсіпкер бизнесінен негізсіз айырылуда. Олар үнемі шулап, құқы бұзылғанын айтып Президентке жүгінеді. «Судьялар әділ емес, олар біздің құқымызды қорғамайды» деп бар кінәні судьяларға аударады. Ал, біз заңнан аса алмаймыз. Осындай әділетсіздіктерді біз істерді қарау барысында көреміз. Бірақ істі әділдігімен шешуге қолымыз қысқа.

– Соттағы қазақ тілінің қолданылуы да өзекті мәселе болып тұр. Бұл жерде де азаматтардың заңды құқығы бұзылуда. Судьялардың қазақ тілін білуі міндеттелмей, бұл мәселені шеше алмайтынымыз анық…

– Біріншіден, қазақ тілі жалғыз сот саласының мәселесі емес. Бұл үлкен мемлекеттік мәселе. Ол Үкіметтің пәрменімен шешілуі керек. Қазір қазақша қаралатын істердің саны көбейді. Бірақ та біздің осы сот саласындағы істер жүз пайыз қазақша өтпейді. Мұның бірінші себебі адвокаттар қазақ тілін білмейтіндіктен арызды орысша жаздыртып алады. Ал, тиісті заң бойынша арыз қай тілде жазылса, сот өндірісі сол тілде жүруі керек. Қылмыстық істерді тергейтін тергеушінің көбі қазақша білмейді. Олар арыз қазақша түсіп жатса да, ретін тауып орысшаға ауыстырады. Орысша тергелген іс сотқа орыс тілінде келіп түседі. Жәбірленуші қазақ, айыпталушы қазақ, прокурор қазақ, бірақ іс орысша жүреді. Мемлекеттік қызметкерге мемлекеттік тілді білу заң жүзінде міндеттелмей, бұл мәселе шешілмейді. Бүгінде қазақ тілі аударма тілге айналды. Дұрыс тәржімаланып жатса бір сәрі ғой, Өкінішке қарай, аудармалар дұрыс емес. Соның салдарынан қазақ тілі, ойдың, ұғымның мәнін бере алмайтын түсініксіз тілге айналып барады. Мысалы, судьяның доғарысқа кетуіне орай Президенттің жарлығы, Сенаттың қаулысы шығады. Солардың орыс тіліндегі нұсқасында «Освободить Касимова Акылтая Ахмеджановича от должности судьи Верховного Суда связи с уходом в оставку» деген сөйлем қазақ тілінде «Ақылтай Ахметжанұлы Қасымов орнынан түсуіне байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты судьясының қызметінен босатылады» деп жазылады. Мұны оқығандар судья қызметтен жағымсыз факт бойынша босатылған екен деп түсінуі мүмкін. Қазақша мағынасы орысшасынан мүлде бөлек. Қазақ тілін дамытамыз деп осындай күлкілі шаруалар істейміз. Бұдан соң қалай мемлекеттік тілдің мәртебесін көтереміз. Шын мәнінде қазақтың тілі біраз басқа тілдерден бай, сөздік қоры ауқымды. Алайда, сол байлық дұрыс пайдаланылмай, тілімізді нақты ұғымдарды жеткізуге қабілетсіз етудеміз.

– Сұхбаттың негізгі мәселесі доғарыс жайлы ойымызды қорытындылап, сұхбатымызды аяқтасақ.

– Шынында да бұл мәселе сот саласына, сот билігіне байланысты болған соң талқылап жатырмыз. Бүгінде оны шешуге қатысты оңтайлы ұсыныстар бар. Солар ескеріліп, сот саласы қарыштап даму керек. Сот саласы дамымай, демократия орнамайды. Олай болмаса, елдің келешегі болмайды. Бұл менің пайымым емес, әлемдік тәжірибе көрсеткен нәтиже. Сондықтан елдің бағы, жарқын келешегі үшін сот жүйесін дамытудың барлық мүмкіндігі іске қосылуы керек.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»

Енді баспана беру кезінде кезекке тұрған мерзім ескеріледі

Баспана кезегіне бұрынырақ тұрғандар сәйкесінше пәтерге алдыңғы кезекте ие болады.

Желтоқсанда көптеген қазақстандық үшін ұялы байланыс пен интернет қымбаттайды

Байланыс туралы заңға сәйкес, операторлар баға мен тарифтерді өздері анықтайды.

Серік Сәпиев Қарағанды ​​облысының спорт басқармасын басқарады

Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев мемлекеттік қызметке оралып, Қарағанды ​​облысының спорт басқармасын басқарады.

Украина төңірегіндегі жағдай ушықты: Тоқаев тапсырма берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Украина төңірегіндегі жағдай ушығуына байланысты тапсырма берді.

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АЛАЯҚТАРДЫҢ АЗЫҒЫ БОЛМАУЫ ТИІС

Қазақ халқының дәстүрінде қайырымдылық пен жомарттық ерекше орын алады. Жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпай, мұқтажға қол ұшын созу – ұлтымыздың асыл қасиеттерінің бірі. Алайда соңғы уақытта қайырымдылық саласында орын алған кейбір келеңсіз оқиғалар осы түсініктерге қаяу түсірді.