12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ЛУДОМАНИЯҒА ҚАТЫСТЫ ЗАҢ НОРМАСЫ КІМГЕ ҰНАМАЙ ЖҮР?

«Елімізде ерлі-зайыптылардың 38% пайызы лудоманияның кесірінен ажырасады» дейді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева. Бұл азарт ойындар алып келген қасіреттің бір түрі ғана. Ресми деректерге сүйенсек, 36 мыңнан аса адам осы дертке шалдыққан екен, ал есепке ілінбей қалғандар қаншама?

Құмар ойын өлімге итермелейді

Құмар ойын түбіне жеткен 735 қазақстандықтың өлімі де ойландырмай қоймайды. Дегенмен, бүгінге дейін жын-жыбырдың ісіне тосқауыл қояр ешкім болмады. Тіпті азарт ойындар жарнамасы даладағы үн тақтайда ілінуден басталып, соңында ұлттық арна бетінен бір-ақ шықты. Нәтижесінде еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін құмар ойынның хабарын әуенінен-ақ танитын хәлге жетті. Құдды өміріміздің ажырамас бір бөлігі сияқты. Өкініштісі, әдеттегі қоғамдық әдетімізге салып «осы дүниенің артында бір құдірет тұрған шығар, қолдан келер не шара?» деп көндігіп те кетіппіз. Десе де, мәселеге бұл жолы ешкім бейжай қарамады. Президенттен бастап, қара халыққа дейін лудоманияға қатысты заңның жасалуына белсенді атсалысты. Естеріңізде болса, ойын бизнесін, лудоманиямен күресті реттеуге арналған заң жобасы мәжілістің бірінші оқылымында-ақ мақұлданған еді. Дегенмен, заң жобасы 2 жыл қатарынан үздіксіз талқыланып, үкімет қорытындысын 1,5 жыл күтті.

Лудомания – әлеуметтік зұлымдық

Күні кеше Мәжілістің жалпы отырысында ойын бизнесі, лудоманиямен күресті реттеуге қатысты заң жобасының талқылауы өтті. Аталмыш жоба бойынша Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Елнұр Бейсенбаев баяндама жасады. Спикер сөз басында Президенттің Атырау қаласындағы Ұлттық құрылтайда: «ХХІ ғасырдың басты әлеуметтік зұлымдықтарының бірі – лудомания», – деген сөзін мысалға келтіріп, Мемлекет басшысының тапсырмасымен осы заңды қабылдау міндеті қойылғанын жеткізді. Заң жобасын дайындау барысында құмар ойындарға қатысуға және бәс тігуге құқығы шектелген адамдардың тізімі анықталыпты. Олардың алғашқылары өз-өзіне тыйым салғандар. Осы орайда құмар ойындарға тыйым салудың максималды мерзімі заң жобасы бойынша бір жылдан 10 жылға дейін ұзармақ. Белгілі болғандай, бір жыл өте аз. Оның үстіне, шектеу уақыты аяқталғаннан кейін ойыншылардың көбі баяғы әдетіне қайта басқан.

Ставка жасадың ба, қызметпен қоштас!

Құжаттағы тағы бір артықшылық тыйым салынған сәттен бастап мерзімінен бұрын аталмыш тыйымды тоқтату мүмкіндігінің алынып тасталуы. Осы тұста мүдделі топтар арасынан «сіздер адам құқығын шектейсіздер» деп жылт еткендер табылған. Лоббистердің кең таралған сүйікті аргументіне Елнұр Бейсенбаев: «Иә, біз ойыншылардың құқығын шектеп жатырмыз деп айтуға болады. Бірақ егер адам ойнағысы келсе және тыйым кесірінен ойнай алмаса, онда бұл оның өз жауапкершілігі. Өйткені өзін-өзі шектеуге қол қою кезінде ол барлық заңды міндеттемелерді өз бетінше қабылдады. Ешкім оны мәжбүрлемеді» деп жауап қатты. Ойын ойнауына тыйым салынған екінші топ «борышкерлер» екен. Борышкерлердің бірыңғай тізіміне енген тұлғаларды ойыннан шектеу дұрыс шешімдердің бірі дейді спикер. Бұл топ шамамен бас-аяғы 3,5 миллиондай. Баяндамашы олардың мемлекет алдында букмекерлік кеңселер мен казинолардың әлеуетті клиенттері қатарынан көрінетінін ескертті. Ойынхаларға кіруіне тыйым салынған үшінші топты мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құрайды. Бұл шамамен 280 мың адам. Елнұр Бейсенбаев аталмыш мамандық иелеріне кешірім болмайтынын ескертті. Өз сөзінде Бейсенбаев «Құрметті шенділер! «мен ставка жасадым және бірден жұмыстан айырылдым» деген жұмыс принципіне дайын болыңыздар», – деп мәселені төтесінен қайырды. Спикер осы тұста түйткілге қатысты петицияны ұйымдастырған және бұқара назарын мәселеге аудартқан қоғам белсенділеріне, соның ішінде Дидар Смағұловқа рақметін жеткізді. Маман сөзінше бірнеше күн ішінде петиция 30 мыңнан астам дауыс жинаған екен.

Балаларға энергетикалық сусын сатылмауы керек

Халық қалаулылары назар аударған келесі мәселе энергетикалық сусындарға қатысты. Олардың пікірінше, құмар ойындарға тәуелді азаматтар түні бойы ұйықтамай ойнау үшін энергетикалық сусындарды есепсіз пайдаланады. Сонымен қатар, АҚМА мәліметтері бойынша, бүгінде 200 мыңнан астам кәмелетке толмағандар үнемі құмар ойын ойнаушылар тізіміне енген екен. Бұлардың бұл қылығына энергетиктердің де әсері бар дейді Елнұр Бейсембаев. Энергетиктер алкогольге қарағанда қауіпті. Қазір тіпті 10 жастағы бала да энергетикалық сусынды еш кедергісіз сатып ала алады. Осыған байланысты, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін 21 жасқа дейінгі адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынбақ. Заң жобасындағы жаңашылдық, қоғамның ең сезімтал тұсы «есепке алу» жайы спикер баяндамасының үшінші тізбегінен бой көрсетті. Мәселеге қатысты құмар ойындарға тәуелді адамдарға медициналық оңалту тәртібі белгіленген. Ендігі тұста лудомандардың емделуге деген ынтасын басып жүрген динамикалық есепке алу жүйесі жасақталмайтын болып бекітіліпті. Яғни, медициналық құпия сақтала отырып, ойыншыларға консультациялық бақылау жүйесі енгізілмек.

Құмар ойынды жарнамалау – заңға қайшы

Баяндамадағы келесі пункт – құмар ойындар жарнамасы бар хабарламаларды жіберуге тыйым салу жайы. Медиадағы жарнамалық реттеу де назардан тыс қалмапты. Спикер бұл жайында: «Мұнда мен блогерлерге, әлеуметтік медиаға әсер етушілерге букмекерлік кеңселерді жарнамалау және насихаттау енді заңсыз болатынын ескерткім келеді. Ескертуге құлақ аспағандарға 200 мың теңгеден бастап айыппұл қарастырылады», – деп қысқа қайырды. Заң жобасы жайлы баяндамадағы соңғы пункт шетелдік букмекерлік кеңселердің, лицензиясы жоқ тотализаторлардың және онлайн-казинолардың интернет-ресурстарына толық тыйым салынатынына қатысты болды. Енді заң бойынша онлайн-казино ұйымдастырушылар 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, қылмыстық жауапкершілікке тартылмақ. Жалпы, заңда жүзден астам жаңа норма жасалыпты, біз соның негізгілеріне ғана тоқталдық. Сөз соңында Елнұр Бейсенбаев аталмыш заң жобасына қарсы болған лоббистік топтар жайлы айтып қалды. Маманның сөзінше олар тіпті 90-шы жылдардағы әдістермен әрекет еткен көрінеді. Жұмыс уақыты аяқталған соң, шенеуніктерді жабық кездесулерге шақырып, ол қолдан келмеген соң ақпараттық шабуыл жасаған көрінеді.

Ойыншылар жасына шектеу қойылады

«Мен екі мысал келтіріп берейін: біз құмар ойыншылар жасын 25-ке дейін, ал дәстүрлі лотереялар үшін 21 жасқа дейін көтеруді ұсындық. Нәтижесінде, Үкіметтің қорытындысында екі норма да қолдау таппады. Үкіметтің конституциялық құқықты бұзу туралы дәлелдері күлкілі. Сонымен қатар, қайшылықтар айқын. Бұл позицияда Үкіметтің цинизмі көрінеді. Министрлік бюджетті халықтың көз жасымен толықтыруға шешім қабылдады. Қазіргі уақытта танымал емес нормалардың басты лоббистері Қазақстаннан тыс жерде және Еуропаның бір бұрышында бізді бақылап отыр. Иә, біздің Үкімет қорытындысына қарсы шығып, 25 жасқа дейінгі шектеу нормасын көпшілік дауыспен қабылдауға шамамыз жетеді. Бірақ біз заң шығарушылар ретінде Мәжіліс регламентін және жалпы билік тармақтары арасындағы өзара іс-қимылды сақтауда қатаң тәртіпті ұстанамыз. Мемлекет басшысы айтқандай, біз әділ Қазақстан құрып жатырмыз. Егер құқықтық мемлекет құрғымыз келсе, билік тармақтары арасындағы заңмен белгіленген ойын ережелерін сақтауымыз керек. Ең бастысы, бұл жерде Үкімет қиыс баспасын. Депутаттар алдағы уақытта уәде етілген триллион теңгенің және олардан әділ салықтардың көлеңкеден шығарылуын қадағалайтын болады. Бұл заң жобасын әзірлеудің басты драйвері және локомотиві Мемлекет басшысы болды. Оның лудоманиямен күрестегі ұстанымының арқасында біз өте үлкен мүмкіндіктері бар лоббистерді жеңдік», – деп сөзін түйді спикер. Шендінің үндеуіне қарасақ, артында айтылмаған біраз сыр бардай. Аталмыш лоббистер кім, олар неге мемлекеттік мекемелерде алшаң басып жүреді?

Нұрбол ЖЫЛЫС, «Заң газеті»

Украина төңірегіндегі жағдай ушықты: Тоқаев тапсырма берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Украина төңірегіндегі жағдай ушығуына байланысты тапсырма берді.

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АЛАЯҚТАРДЫҢ АЗЫҒЫ БОЛМАУЫ ТИІС

Қазақ халқының дәстүрінде қайырымдылық пен жомарттық ерекше орын алады. Жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпай, мұқтажға қол ұшын созу – ұлтымыздың асыл қасиеттерінің бірі. Алайда соңғы уақытта қайырымдылық саласында орын алған кейбір келеңсіз оқиғалар осы түсініктерге қаяу түсірді.

Что угрожает единству общества? 

Депутат Мажилиса Парламента подозревает некие скрытые силы в проведении целенаправленной кампании по дестабилизации политической ситуации в стране с использованием социальных сетей и других онлайн-платформ.

Елімізде қаңтардағы демалыс күні ауыстырылды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдың қаңтарындағы демалыс күнін ауыстыруды көздейтін бұйрық дайындады.

Депутат мектеп бағдарламасына жаңа пән енгізуді ұсынды

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай мектеп бағдарламасына балалар Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын зерттейтін жаңа пән енгізуді ұсынды.