Ауылға арналған тағы бір бағдарлама өзінің мақсатына жетпеді. Бұл Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2021–2025 жылдарға арналған ұлттық жоба. Оны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 247,6 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 408 млрд теңге, өзге қаржы көздері есебінен 354,6 млрд теңге бөлінген екен. Соған қарамастан, агроөнеркәсіптік кешенде жұмыс орындарын ашу бойынша межеленген көрсеткіштерге қол жетпепті. Осылайша былтыр қыркүйек айында аталған Ұлттық жоба күшін жойған. Бұған не себеп болғаны белгісіз.
Бұл жөнінде Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Серік Егізбаев мәлімдеді. Дәстүрлі жиында 2023 жылғы бюджеттің атқарылуы бойынша Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның есебі тыңдалған болатын. Тәуелсіздік жылдары Үкімет тарапынан агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мақсатында 12 бағдарламалық құжат әзірленгені белгілі. Алайда, олардың барлығы жоғарыда айтылған ұлттық жоба секілді толықтай іске асырылмады. Ең таңғаларлығы, мұның себептері сарапталып, жауапты тұлғалардың жауапкершілігі қаралмады. Бұл жағдайға Ауыл шаруашылығы министрлерінің қайта-қайта ауысуы да ықпал етсе керек. Өйткені, тәуелсіздік кезеңінен бері салада 20 министр ауысыпты. «Қойшы көп болса, қой арам өледінің» кері. Егізбаев мырзаның айтуынша, енді тағы да Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданыпты. Жуырда ғана 2024–2028 жылдарған арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған «Мықты агроөнеркәсіптік кешен» атты жаңа ұлттық жоба әзірленген. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараты бойынша, оны жүзеге асыруға 15,5 трлн теңге қаражат қажет. Бұрынғы бағдарламаларды іске асыру тәжірибесін ескерер болсақ, кезекті ұлттық жобаның өміршеңдігі үлкен күмән тудырады. Үкіметтің «Агроөнеркәсіптік кешенді» дамыту бағдарламаларының сабақтастығы бойынша жүйелі шаралар қабылдау керектігі айқын көрініп тұр. Жоғары аудиторлық палата келтірген мәлімет те ауыл шаруашылығында қалыптасқан мәселенің ауқымды екенін көрсетеді. Мәселен, 2023 жылы Казагрофинанс ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу бағдарламасына бөлінген 20 млрд теңгенің тек 43,5 пайызын ғана игеріп, қалған 11,3 млрд теңгені өз есепшотында қалдырыпты. Бөлінген қаражаттың осылайша әжетке жаратылмауы Президенттің ауыл шаруашылығы техникасын жылына 10 пайызға дейін жаңарту жөніндегі тапсырмасының орындалуын алыстата түскені анық. Сол секілді «Азық-түлік корпорациясы» акционерлік қоғамы да ауа райы салдарынан зардап шеккен фермерлерді қаржыландыру үшін бөлінген 31,4 млрд теңгенің 26,6 млрд теңгесін игермеген. Пайыздық мөлшерлемені субсидиялау бағдарламасы бойынша да осындай жағдай. Уәкілетті органдар қаражатты жергілікті бюджетке жіберіп, оны 100 пайызға игердік деп мәз болып есеп береді.
Ал жергілікті атқарушы органдар түрлі себептермен қаражатты ауыл шаруаларына уақытылы жеткізбейді, кейде тіпті агроөнеркәсіптік кешенге бөлінген нысаналы трансферттерді өңірдің басқа мәселелерін шешу үшін пайдалануға тырысады. Бұл орайда олар шаруалардың төлем қабілетсіздігін, процестердің шектен тыс реттелуін, бюджеттен қаражаттың кешіктіріліп келетінін және тағы басқа да сылтауларды алға тартады. Ал жүргізілген талдау бұл бюджеттің сапалы жоспарланбауы мен дұрыс болжанбауының салдары екенін көрсетіп отыр. Жиында қосымша баяндама жасаған Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Татьяна Савельеваның айтуынша, бөлінген қаражат пен нәтиже көрсеткіштері арасындағы сәйкессіздік көп. Мұндай жағдай әртүрлі бағытта болады. Мәселен, шығындар азайып, көрсеткіштер жақсарса, кейде соңғылары кеміп немесе өзгеріссіз қалады. Мәселен, Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, спорттық іс-шараларға қатысушылардың саны 2 есеге жуық қысқарып, нақты шығындар бұрын бекітілгеннен 1,7 есеге асып кеткен. Және бұл жалғыз факт емес. Көрсеткіштер көбінесе орындауға ыңғайлы мәндерде жоспарланады. Сонымен қатар, 177 макрокөрсеткіштің 22-сіне қол жеткізілмеген және 86-сының орындалуы туралы дерек жоқ. Бұл жағдай барлық макрокөрсеткіштердің 60 пайыздан астамына тең. Мұның бәрі мемлекеттік органдарда бюджетті атқару бойынша толық және объективті ақпараттың жоқтығын көрсетеді. Сондықтан жүргізіліп жатқан ауқымды цифрландыруды ескере отырып, Үкіметке Ұлттық статистика бюросымен бірлесіп, бағалауға байланысты деректерді дайындау мерзімдерін қайта қарау қажет. Квазимемлекеттік сектор қызметінде жүйелі проблемалар сақталуда. Оның бірі – бюджетке тәуелділік. 2023 жылы квазисектор субъектілерін қаржыландыру 1 триллионнан астам теңгеге жетті. Бұл ретте пайдаланылмаған қаражат көлемі 2021– 2022 жылдар деңгейімен салыстырғанда (46 млрд теңге) 2,5 есеге артып, 118 млрд теңге болған. Сонымен қатар, сатып алу жүйесі адал бәсекелестікті қамтамасыз етпейді. 2023 жылы бір көзден сатып алу көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 3 есеге артып, 2 трлн теңге болыпты және оның үштен бір бөлігі ішкі холдингтік операциялар арқылы жүзеге асырылған. Жыл сайын депутаттар түрлі зерттеулерге, сауалнамаларға және консультациялық қызметтер көрсетуге бөлінген бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігі туралы мәселе көтереді. Бұл шығыстар бюджеттік жобаларды қарау кезінде депутаттардың бастамасымен бірнеше рет қысқартылған. Осыған қарамастан, 2023 жылы бұл шығыстар 2 есеге артыпты. Көбінесе мемлекеттік органдар өздерінің функционалдық міндеттерін ведомстволық бағынысты ұйымдарға береді. Мемлекеттік қызметшілер бюджеттік шығындармен нақты байланысы бар сапа көрсеткіштерін де жасай алмайды. Факторлық еңбекақы төлеу жүйесіне көшіп, соңғы екі жылда ынталандыру ретінде қосымша ақшалай төлемдердің екі есе өсуі мемлекеттік қызметшілердің жұмысына әсер еткен жоқ. Сондықтан Үкімет Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, мемлекеттік аппарат қызметінің тиімділігін арттырудың жаңа тәсілдерін әзірлеп, енгізу қажет.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»