ТУРИЗМГЕ САЛЫНҒАН ИНВЕСТИЦИЯ ӨЗІН-ӨЗІ АҚТАЙДЫ

Ақмола облысындағы әлеуеті мол саланың бірі – туризм екенін ескерсек, өңірге жыл сайын миллиондаған туристер мен қонақтардың ағылатыны рас. Бұл – облыстағы бюджет қазанына тәуір түсім. Бүгінде Көкшетау мен Бурабайға келетіндер саны да жылма-жыл артып отыр. Мысал, осы саладан түскен салық көлемі былтыр 21 пайызға өскен. Барлық сома – 3,5 млрд теңге.

Апта басында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен өткен отырыста туризмді дамытудың жай-күйі мен келешегі жайлы мәселелер қаралды. Жиында туризм басқармасының басшысы Андрей Подгурский өңірде стратегиялық бағыттарға бағытталған үш базалық аймақ белгіленгенін айтып, ішкі туризм бойынша даму көрсеткіштеріне тоқталды. «Үш базалық аймақ бойынша айтар болсақ, бұл – Бурабай, Зеренді, Ерейментау және Қорғалжын аудандарындағы емдеу-сауықтыру және рекреациялық орталықтары. Астана қаласы жанында Аршалы, Целиноград аудандары мен Қосшы, Ақкөл қалаларында, сондай-ақ, Біржан сал, Бұланды және Сандықтау аудандарындағы орталықтар табиғи ландшафты нысандар болып табылады», – деді басқарма басшысы. Расымен Ақмола өңірі, оның ішінде Көкшетау мен Бурабай, Зеренді жеріне туристер жыл бойы толастамай келеді. Басқарма басшысының сөзінше, облысқа келген қонақтар үшін 600ден астам туристік кәсіпорын жұмыс істейді. Статистикалық мәліметке сәйкес, өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс аймағына 1,3 миллион адам саяхаттаған көрінеді. Ал оның 18,2 мыңға жуығы – шетелдік туристер. Андрей Подгурскийдің айтуынша, облыста ішкі туризмдегі ерекше орын – Бурабай курорттық аймағы. Жалпы республикадағы өңірлер арасындағы туризм саласында Ақмола облысының даму көрсеткіші жоғары десек болады. Сондай-ақ, саланың ауқымын кеңейту үшін алда да көп жұмыстар атқарылады. Соның бірі – Ақкөл өңірі. Ақкөлдің ерекшелігі сол, мұнда туризмді дамытуда табиғи әлеуеті жеткілікті және ыңғайлы логистикалық байланыс жағы да жолға қойылған.Соған орай кейінгі жылдары бұл өңірде келешегі зор инвестициялық жобалар жүзеге аса бастайды. Бұл болашақта туристерді тартудың қосымша нүктесіне айналмақ. Айтпақшы, былтыр облыс әкімінің қаулысымен Зеренді курорттық аймағын дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспары бекітілген еді. Осыған орай, туризмге қатысты 31 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру көзделген. Қазір мұндағы туристік нысандар жазғы демалысқа дайындық үстінде. Жолдарға түнгі жарықшамдар орнатылып, бақылау камералары да қойылған. Сонымен қатар, былтыр жыл соңында қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлер, жағажай шатырлары, киім ауыстыратын кабиналар мен дәретханалар сатып алуға 4,7 млн теңге қаражат бөлінді. Сондай-ақ, «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде демалуға арналған орындар, жаяу жүргінші жолының бойына орындықтар, қоқыс тастайтын контейнерлер орнатылыпты. Туристік компаниялар да өз қаражатымен интернет жылдамдығын арттыру үшін қосымша жұмыстар атқаруда. Өңірде дәл осы салаға инвестиция құюға ынталылар жоқ емес. Мемлекеттен де бөлінген қаражат жеткілікті. Облыстағы туристер көп келетін жерге қонақүйлер салу, курорттық демалыс орындарын көбейту, түрлі орталықтар мен спорттық нысандар құрылысы жылма-жыл артып та келеді. Жиында абаттандыру мен санитарлық жағдайға қатысты түйткілді мәселелер мен оларды шешу жолдары сөз болды. Жол бойындағы қызмет көрсету нысандары мен санитарлық-тұрмыстық нысандарды жақсарту және көбейту мәселелері қаралды. Облыс әкімі Марат Ахметжанов алдағы маусымда адам қарасы үзілмейтін демалыс аймақтарындағы тазалық мәселесін көтеріп, жауапты мемлекеттік органдардың абаттандыру және санитарлық тазалау бойынша жұмысының талапқа сай еместігін сынға алды. Бұған қосымша туризм бойынша барлық көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз етуді, инвестиция тарту, инфрақұрылым жүргізу және тұрғындарға қызмет көрсетуді жақсарту бойынша жұмысты жандандыруға нақты тапсырмалар жүктеді. «Бурабай шипажайы өңіріміздің танымал брендіне және еліміздің туризм секторындағы даму флагмандарының біріне айналды. Туристік ағынның жоғары болуы бірінші кезекте абаттандыру және санитарлық жағдайға байланысты екенін ескерсек, шешілуі тиіс бірқатар мәселелер анықталды. Осы фактілердің барлығы келген туристердің шағымын аңғартады. Шағымдар бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде, әлеуметтік желілерде жарияланып отырады. Мұндай жағдайларға жол берілмеуі тиіс», – деді отырыста облыс басшысы. Марат Ахметжанов жазғы кезеңде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру туралы да атап өтті. «Бірінші кезекте балаларды сауықтыру орталықтары мен лагерьлерге қабылдауға дайындық жұмыстарын уақытында аяқтап, рұқсат беру құжаттарынсыз объектілерді ашу фактілеріне жол бермеу қажет. Бұдан басқа, су айдындарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды күшейту керек. Балаларды бақылауды күшейту үшін ата-аналармен тұрақты негізде ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу қолға алынады», – деп қорытындылады өз сөзін өңір басшысы. Айта кетейік, Ақмола облысында биыл 130 мыңнан астам оқушы демалады. Облыс әкімдігінің ресми парақшасында көрсетілгендей, қала сыртындағы және мектеп жанындағы жазғы сауықтыру лагерьлерден бөлек, 1300 шығармашылық үйірме мен студия, 2900 еңбек жасағы, көгалдандыру бригадалары, зияткерлік жұмыспен қамтудың 560 нысаны және 549 спорт секциялары ұйымдастырылмақшы. Мәдениет, спорт және білім беру саласындағы мемлекеттік тапсырысты іске асыру бойынша 28 мыңға жуық балаға түрлі үйірмелерге тегін қатысу мүмкіндігі берілмек. Ең бастысы – жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін басты назарда болуы қажет.

Шернияз ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ

ҚАЗАҚСТАН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІ АРАСЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ ЖАҒЫНАН КӨШ БАСТАДЫ

Қазақстан Орталық Азия елдері арасында әлеуметтік қолдау көрсету бойынша...

Социальная поддержка в Казахстане: региональный лидер в Центральной Азии

Казахстан занимает ведущие позиции среди стран Центральной Азии по...

В Казахстане пройдет общереспубликанский открытый урок «Мен таңдаған жол»

​Сегодня, 7 апреля, мы отмечаем Всемирный день здоровья —...

Тіл – тәуелсіздіктің тірегі

Тәуелсіздік – кез келген мемлекеттің ең қастерлі құндылығы. Ал...

Социальная ответственность

В ОБЛАСТИ АБАЙ РАЗВЕРНУЛАСЬ МАСШТАБНАЯ ЭКОЛОГИЧЕСКАЯ КАМПАНИЯ В РАМКАХ...