Халқымыз әрқашан да қарапайым еңбек адамдарын құрметтеп, олардың әрбір ісіне өздерінің алғыстарын білдіріп отырған. Ел Президентінің әділетті Қазақстанда еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілетінін айтуы, соған орай, мемлекетімізде «Еңбек адамына құрмет – елге құрмет» саясатының қалыптасуы осының жарқын көрінісі. Мұндағы басты мақсат жалпы қоғамның адал еңбекке деген құрметін арттыру болып табылады. Елімізде өзінің терең білім-білігімен, кәсіби шеберлігімен, адами қасиеттерімен жұртшылықтың ризашылығына бөленіп жүрген қарапайым еңбек адамдары аз емес. Солардың қатарында өмірінің елу жылға жуық уақытын медицина саласына арнаған Қымбат Кәрібжанқызы да бар.
Антқа адалдық
Қымбат Кәрібжанқызы Ақмола облысы Ерейментау ауданының Елтай ауылында туып-өсті. Отбасындағы сегіз баланың үлкені. Қазақ отбасында тұңғыш баланың рөлі барлық уақытта ата-анамен бірдей болған. Бұл заңдылық Қымбат Кәрібжанқызын да айналып өтпеді. Артынан ерген інісіңілілерінің жоғары білім алуы мен өмірден өз орындарын табуы жолындағы үлесі зор. Оларға ақыл-кеңесін беріп, оқуға өзі апарды. Ол тек бауырларына ғана емес, сонымен қатар, айналасындағыларға, бүкіл ауылға қамқор бола білді. Ешкімнен көмегін аямады. Тумысынан қамқор Қымбат Кәрібжанқызының өмірлік мамандығын медицина саласымен байланыстырмауы мүмкін емес еді. Оны өзгеге болыссам деп тұратын туабітті жаратылысы 16 жасында Целиноград облыстық медицина училищесіне әкелді. Оқуға түсіп, 1973 жылы акушер мамандығы бойынша бітіріп шықты. Кеңес тұсында қазақ бөлімдері мүлде болмайтын. Алайда, бұл ауылдық мектепті қазақша бітірген қайсар қыздың арманын мұқалтпады. Өзінің ізденімпаздығы мен оқуға деген құштарлығының арқасында орыс бөлімінде білім алды. Қатарының алды болып, сабақты жақсы оқыды. Диплом алған соң бұрынғы Целиноград, қазіргі Ақмола қаласының облыстық ауруханасына медбике болып орналасты. Теориялық білім-білігін практикамен ұштастырып, тәжірибе жинады. Бұдан кейінгі еңбек жолын өзінің туған ауылы Елтайда жалғастырды. Осындағы фельдшерлік-акушерлік пунктте 25 жыл меңгеруші болып жұмыс істеді. Өзі медбике, өзі терапевт, өзі акушер Кәрібжанқызы әрқашан да басы ауырып, балтыры сыздағандардың қасынан табылды. Ол уақытта жедел жәрдем көлігі жоқ, ауылды күні-түні жаяу аралайтын. Науқастар мен аяғы ауыр немесе толғақ қысқан әйелдерге дер кезінде көмек көрсету жолында ол күн мен түнге, ауа райына, демалысқа, мерекеге қарамайтын. Ақтүтек боран, түннің жарымы болса да қобдишасын көтеріп, бұйырған көлікке отырып дәрігерлік жәрдем керек үйге кете беретін. Жұмыс барысында талай қызықтар мен қиындықтарды бастан өткерді. Қыстың қақаған аязында аяғы ауыр әйелдерді ауданға ат шанамен тасыды. Сондай бір оқиға жаңа жылға санаулы минуттар қалғанда орын алады. Желтоқсанның отыз бірі, елдің бәрі жаңа жылды қарсы алу қамымен абыр-сабыр болып жатқанда, есік қағылады. Бет-аузын ақ қырау басқан ер кісі әйелінің босанайын деп жатқанын айтып көмек сұрайды. Қыстың қаһарына мінген шағы, ақ қар, көк мұз, онысымен қоймай Ақмоланың ақтүтек бораны ұйытқып тұрған, анау-мынау көлік жүру мүмкін емес еді. Жаңағы кісі К-700 айдап (үлкен трактор) келіпті. Бәрін тастап бірге кеткен Қымбат өздері адасып кетуге шақ қалып, ауылдың шетінде орналасқан үйге зорға жетеді, әйелді аман-есен босандырып, ертеңіне бір-ақ қайтады ғой. Мұндай кездермен жұмыс барысында талай мәрте бетпе-бет келген акушер мыңдаған ана мен баланың өмірін сақтап қалған екен.
Шыңдалу жолы
Жас-кәріге қарамай, кім болса да ауырған жанның қасында өзі бірге жүрді. Қағаз жазып беріп, фельдшерлік пунктте тыныш отыру бұл кісінің болмысына жат қасиет. Содан болар, елтайлықтар «біздің Қымбат дәрігер» немесе «Қымбат үйге кіргенде-ақ жазылып кетеміз» дегенді аса ықыласпен айтады. Қ.Кәрібжанқызының өмірлік ұстанымы кез келген сәтте, қандай жағдайда да адамға қолұшын созу. Содан болар, бұл кісінің аузынан ешқашан да «жоқ» деген сөз шықпайды. Пойызбен жол жүріп бара жатқанында егіз баланы босандырып алуы соның дәлелі. Балаларға да, анаға да дер уақытында көрсетілген медициналық көмек олардың тез оңалып кетуіне септігін тигізген. Кейіннен белгілі болғандай, сол пойыздың әр вагонында дәрігерлер болған. Бірақ, солардың ішінде жолсеріктер көмек сұрағанда «жоқ» демей, Гипократ антына адалдық танытқан осы кісі ғана екен. Кейіннен сол ананың сұрастырып жүріп Қымбат апайды іздеп тапқаны да өз алдына бір әңгіме. Қымбат Кәрібжанқызы кіндігін кескен талай бала бүгінде қоғамымыздың әр саласында елдің өсіп-өркендеуіне атсалысып жүр. Жүрегі кең апамыз солардың әрқайсысын өз баласындай көріп, олардың әрбір жетістігін мақтан тұтады. Бар өмірін жұмысқа арнаған Қымбат Кәрібжанқызы нағыз кәсіби маман. Жоғары санатты медбикенің еңбегі елеусіз қалған жоқ, ол талай марапат пен мадақтаулардың иегері. Бұл кісі мансап қуған адамдардың санатынан емес. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» – деп хакім Абай жырлағандай, әрқашан да өзіне сенді. Кейіннен еліміздің бас қаласына көшіп келіп, балалар үйінде, ғылыми медициналық орталықтың кардиохирургиялық бөлімінде жұмысын абыроймен жалғастырды. 2016 жылы Травматология және ортопедия ғылыми зерттеу институтынан зейнеткерлікке шықты. Өмірінің әр кезеңінде бірге жұмыс істеген әріптестері мен ауылдастарының ерекше ықыласына бөленген Қымбат Кәрібжанқызы бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ардақты әже.
Түймегүл СМАҒҰЛҚЫЗЫ, «Заң газеті»



