Әкімшілік әділет — мемлекет, қоғам, адам мүддесіне тың бетбұрыс жасаған ауқымды және тың институт. Елімізде осы бағыттағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттар құрылып, өз қызметін бастағалы үш жылға жуық уақыт болды.
Әкімшілік рәсімдік — процестік кодекс (бұдан әрі — ӘРПК) Қазақстан Республикасының салалық заңдарында реттелмеген бөлігінде әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды реттейтініне назар аударсақ, әкімшілік сот осы аталған мемлекеттік басқару қатынастарынан туындайтын жария-құқықтық дауларды қарайды және шешеді.
Жалпы, татуластыру — жария билік органдарының жұмыс сапасын көтеруге ықпал жасауға бағытталған әкімшілік әділет институының тиімді инструменттерінің бірі десек болады. Әкімшілік сот ісін жүргізуде сот процестің бүкіл сатысында тараптардың татуласуы үшін шараларды қабылдайды, оларға дауды реттеуге жәрдемдеседі. Медиация — тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды реттеу болып табылады.
ӘРПК-нің 120 — бабында татуластыру рәсімдері көзделген. Яғни, тараптар өзара жол беру негізінде әкімшілік процестің барлық сатысында (кезеңінде) сот шешім шығаруға кеткенге дейін татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасу арқылы әкімшілік істі толығымен немесе ішінара аяқтай алады. Жауапкердің әкімшілік қалауы болған кезде тараптардың татуласуына жол беріледі. Дауды медиация және партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу сотта осы Кодекске және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі. Татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар немесе олардың өкілдері қол қояды. Татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім мәжбүрлеу тәртібімен орындаушылық талаптарға сай келуге және тараптарды татуластыратын шарттарды, сондай-ақ сот шығыстарын, оның ішінде өкілдер көрсеткен қызметке ақы төлеуге арналған шығыстарды бөлу тәртібін қамтуға тиіс. Сот тараптардың татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді бекіту туралы өтінішхатын сот отырысында немесе алдын ала тыңдауда қарайды.
Татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді бекіту туралы өтінішхатты қарау нәтижелері бойынша сот осындай келісімді бекіту не одан бас тарту туралы ұйғарым шығарады. Сот тараптардың татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімін бекіткен кезде сот талап қоюды толығымен немесе тиісті бір бөлігінде қайтару туралы ұйғарым шығарады. Ерікті түрде орындалмаған татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім сот келісім жасаған адамның өтінішхаты бойынша берілетін атқару парағының негізінде мәжбүрлеп орындатуға жатады. Сот (судья) тараптардың татуласуы үшін шараларды қабылдайды, оларға дауды процестің бүкіл сатысында реттеуге жәрдемдеседі. Сот татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді, егер оның шарттары заңға қайшы келетін болса немесе басқа да адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзатын болса, бекітпейді. Егер тараптар татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімге қол жеткізбесе немесе сот келісімнің шарттарын бекітпесе, әкімшілік істі талқылау жалпы тәртіппен жүргізіледі.
Жоғарыдағыларды ескере келе, әкімшілік сотта қаралған әкімшілік іс бойынша мысал келтірер болсам, мысалы, талап қоюшы ЖШС мемлекеттік сот орындаушысының әрекетін заңсыз деп тану және қаулысының күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша медиациялық келісімге келді. Медиациялық келісімде бір тарап атқарушылық құжатты қайтару туралы қаулының күші жояды және атқарушылық іс жүргізуді қайта бастайды, ал екінші тарап келісімнің талаптарын қабылдайды және талап қоюды толық көлемде қайтарып алады. Сөйтіп тараптар татуласып, бір келісімге келді.
Соңына айтарым, татуласу — дауласқандарды бір келісімге ымыраға келтіру, араздасқандарды ағайындыққа шақыру.
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының бас маман — сот отырысының хатшысы А.Мамаева