Азаматтық процесс — бұл сот пен процеске қатысушылар арасындағы құқықтық қатынастардың күрделі жүйесі, әрқайсысы азаматтық іс жүргізу құқығының белгілі бір нормаларының негізінде пайда болады. Азаматтық іс жүргізу құқықтық қатынастарының міндетті субъектілері: бір тараптан — сот, екінші тараптан процеске қатысушылар болып есептеледі. Сонымен бірге азаматтық іс жүргізу құқықтық қатынастарының пайда болуы, өзгертілуі, тоқтатылуы іске қатысушы тұлғаның ерік білдіруіне байланысты. Құқықтық қатынастардың пайда болуы үшін осы қатынастарға қатысушылардың құқық қабілеттілігі мен әрекет қабілеттілігін айқындайтын құқық субъектілігі болуы керек.
Сот жүргізу ісінде тараптардың құқығы мен міндеті де маңызды. Осы орайда атап өтер жайт, іске қатысушы тұлғаларды тиісті түрде хабардар ету соттың міндеті болып табылады. Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінде процеске қатысушыларды тиісті түрде хабардар етудің бірнеше нысандары қарастырылған:
Соттың шақыру қағазын жеткізу, электрондық пошта немесе ұялы телефон арқылы хабарлама жіберу, сондай-ақ хабарламаны немесе қоңырауды жазуды қамтамасыз ететін басқа да электрондық байланыс құралдарын пайдалану.
Хабарламалар мен шақырулар істі сот талқылауына дайындау туралы шешім қабылданған күннен немесе шақырылған адамның сотқа уақтылы келуге және іске дайындалуға жеткілікті уақыты болуы үшін есеппен сот талқылауының күні белгіленген күннен бастап келесі күннен кешіктірілмей жіберілуі тиіс.
Хабарламаларды уақтылы жолдау істердің заңда белгіленген мерзімде қаралуын қамтамасыз етеді және азаматтардың сот жүйесіне сенімін арттыруға ықпал етеді.
Іс жүргізу әрекет қабілеттілігіне толық көлемде 18 жасқа толған азаматтар, сондай-ақ егер неке жасы белгіленген тәртіпте төмендетілсе, 18 жасқа толмай неке құрған адамдар ие болады. Сотта 14 және 18 жас аралығындағы кәмелеттік жасқа толмағандардың, сондай-ақ әрекетқабілеттілігі шектеулі деп танылған азаматтардың құқықтары, бостандықтары және заңды мүдделері олардың заңды өкілдері, яғни ата-аналары, асырап алушулары немесе қорғаушылары арқылы қорғалады.
Е. Сәдуақасов, Ұлытау облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының іс жүргізушісі