«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабында айқын бекітілгендей, қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып табылады. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі.
Демек, Қазақстан Республикасының әрбір азаматы қазақ тілінде еркін сөйлей біліп, қазақ тілінде оқып, қазақ тілінде жазу арқылы мемлекеттік тілді толық меңгеруі қажет деп санаймыз.
Қай қоғамда да тіл мәселесі өзекті екені белгілі. Кейбір орталарда кекілжіңдердің көп болуының себебі де осы тіл мәселесінде.
Көп жағдайда көшеде жүрсек, қоғамдық орындарға, балалар ойын-сауық орталықтарына барсақ, тіпті ауладағы ойын алаңдарында отырсақ, орыс тілдік орта басым болып отырғанын байқаймыз.
Азаматтардың басым көпшілігі отбасында, қоғамдық ортада орыс тілінде сөйлеп, қазақ тілінің сөйлеу өрісін әлсіретуде. Басты кемшілігіміздің өзі де міне, осыда.
Тіл адамзатты байланыстыратын ұлттық құрал демекші, тәуелсіз елімізде өмір сүріп отырған ұлт өкілдерінің өздері де қазақ тілінде сөйлеп, қазақ тілін құрмет тұтады.
Өзге ұлт өкілдерінің достық пен бірлігін нығайту, мемлекеттік тілге құрмет сезімдерін қалыптастыру біздің мақсатымыз. Келешек ұрпақты ана тілін қадірлеуге, ұлтжандылыққа тәрбиелеу арқылы, тілімізге қуат беріп, жан бітіретін де, тілдің мәңгілік асқақтап, өркендеуіне де себепші болатын өзіміз екенін ұмытпағанымыз абзал.
Тіл қай елде болмасын қастерлі, құдіретті рухани, әрі тарихи құндылық. Атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Сол баға жетпес мұрамыз ұмыт болып қалмас үшін өз ұлтымыздың болашақ тағдырына бейтарап қарамайтын, саналы ұрпақ тәрбиелеуіміз қажет.
Ахмет Байтұрсынов «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» дегендей, күре тамырымыз болып табылатын қазақ тілінің мәртебесін көтеруді, оның қолдану аясын кеңейтуді әр азамат өзінен бастау ала отырып, өзіне жүктелген маңызды міндет деп түсіне білсе, тәуелсіздігімізді одан әрі нығайтып, жарқын болашаққа нық қадам басуымызға септігін тигізері сөзсіз.
С.Д.Шукурова, Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы