12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

– Андрей Иванович, Ақмола – табиғат ерекше байлық сыйлаған аймақ. Өңірде еліміздің туристік әлеуетін іске асырудың үлкен мүмкіндігі жатқанын білеміз. Бүгінде бұл әлеует қалай пайдаланылуда?

– Иә, Ақмола облысы – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында айрықша басымдыққа ие өңірлердің бірі. Аймақ өзге облыстардан фауна мен флораға бай әртүрлі ландшафттарымен және бай мәдени мұрасымен ерекшеленеді. Онда туризмнің әлеуеті жоғары бағыты – сауықтыру мен экотуризмді дамытудың табиғи мүмкіндігі зор. Басқаны айтпағанда, тек Бурабай демалыс аймағы өңір ғана емес, тұтас елдің мақтанышы. Облыста мұны барынша пайдаланып, халық игілігіне айналдыруда атқарылып жатқан іс аз емес. Яғни, өңірде туризмнің дамуына айрықша көңіл бөлінуде. Осының арқасында салада қолжеткен табыстар да жыл сайын артып келеді. Жалпы, облыстың туристік кластеріне 600-ден астам кәсіпорын кіреді. Оларда 22 мыңнан астам ақмолалық жұмыс істейді немесе жұмыспен қамтылған халықтың 5,3 пайызы яғни, 421,4 мың адам осы саладан өз несібесін айырып жүр. Өңірде былтыр туристерді орналастыру бойынша 16,5 млрд теңгенің қызметі көрсетілді. Бұл бұрнағы жылдармен салыстырғанда 29 млрд теңгеге артық болып, республика бойынша аймақ туризмі үшінші орынға шықты. Былтыр облысқа 956,7 мың турист келді. Олардың 404,2 мыңы демалыс орындарында демалып, 17,2 мыңы санаториялық-курорттық ұйымдарда болды. Ал, мемлекеттік ұлттық табиғи қорықты 535,3 мың адам тамашалады. Өңірдегі Щучье-Боровская және Зеренді курорттық аймақтары еліміздің туристік әлеуетін іске асырудың басым бағыты. Оларға жылына 1 миллионға жуық адам келеді. Оның 3 пайызы шетелдік туристер. ШБКА-ның жалпы 3470 бөлмесі бар. Сыйымдылығы 9 мыңнан астам төсек болса, оның 198-і орналастыру орны. Осы тұста айта кететін бір мәселе «Бурабай» шипажайының рекреациялық жүктемесі небәрі 345 мың адамға есептелген, ал өткен жылы туристер саны 3 есеге артып кетті. Бұл белгілі бір жүктемені арттырып, бірқатар проблемаларды туындатып отыр. Енді 2024 жылдың соңына қарай өңірімізге туристік сапармен келетіндер маны бұдан артып, 1,2 миллионнан астам адамға жетуі мүмкін.

– Осы тұрғыда мемлекет тарапынан қандай көмек болғанын қалайсыздар?

– Жалпы, мемлекет туризм саласын дамытудың бірқатар шараларын бекіткен. Биылдан бастап, кәсіпкерлерге туристік нысандарды салу құнының 10 пайызы, жол бойы қызметінің 10 пайызы, саяхат мақсатындағы автобус пен микроавтобус және тау-шаңғысы жабдықтарын сатып алу шығынының 25 пайызы өтеледі. Театр киім ілгіштен басталатын болса, туризм үшін бірінші қажеттілік – әжетхана. Мемлекет мұны да ескеріп, кәсіпкерлердің санитарлық-гигиеналық желілері үшін ай сайынғы шығынын өтеуге дайын. Сонымен қатар туристік пакет аясында балалардың авиабилеттерін субсидиялайды. Бұл ел ішінде балаларымен саяхаттауға ниетті ата-аналар үшін үлкен жеңілдік деп білемін.

– Аймақ туризміне инвесторлар тарапынан қызығушылық бар ма?

– 2023 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 27,8 млрд теңге болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 158 пайызға жоғары. Былтыр 65-тен астам инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Олар емдеу-сауықтыру орталығының құрылысы, курорттық қонақүйлердің, демалыс аймақтарының және балалар сауықтыру-спорт кешенінің құрылысы, демалыс аймақтарын қайта құру, «Aqbura Plaza» қонақ үйі бар қала орталығын салу, Бурабай, Ақкөл аудандарында «Wyndham Residence Aqkol Club» курорттық қонақ үйінің құрылысын бастау, демалыс аймағы мен «Авеню» қонақ үйінің құрылысын, «Орман» демалыс орнын кеңейту жұмыстары басталды. Бурабай ауданына мемлекеттік инвестицияның үлесі 10 млрд теңге болды. Бұл қаржы мәдениет үйлерін, демалыс орталықтарын, спорттық-сауықтыру кешендерін салуға және қайта жаңартуға жұмсалды.

– Бұл жеткілікті ме? Жалпы, туризмді дамытуда қандай кедергілер бар?

– Әрине, бұл үлкен көмек. Десе де, туристік салада жұмыс істеуге ниетті кәсіпкерлер үшін шешімін күткен мәселелер аз емес. Соның бірі туристік нысандарды салу үшін жер телімдерін алудың қиындығы, бұл өте ұзақ үрдіс. Кәсіпкерлер жер иеленуге құлықсыз. Ал, туристерді көптеп қабылдау үшін жаңа демалыс орындары ашылуы керек. Сондықтан заңнамалық түрде жер телімдерін алу жолдары жеңілдетілуі керек деп есептеймін. Сонымен қатар, кадр тапшылығы да бар. Туризмде 20-30-ға жуық маман жұмыс жасайды. Өйткені, турист бірнеше қызметті пайдаланады. Олар қоғамдық тамақтандыру орындары, такси, саяхат, көңіл көтеру қызметі. Егер бір демалыс базасы салынса, оның айналасына шағын бизнестің бірнеше түрі шоғырланады. Туризм осылай дамиды. Шетелдіктер үшін мысалы отельдерде болып, бассейнге түсу қызықсыз. Олар табиғаты көркем, тарихи жерлерге саяхат жасағысы келеді. Өткен жылы 1 млн 300 мың турист келсе, соның 80 мыңы шетелдік болды. Бұл аз. Оның бірден-бір себебі біздегі туристерге көрсетілетін қызметтің толыққанды дамымауы. Шетелдіктерді қызықтыру үшін туристік өнімдер қажет. Бұл үлкен қаржы салуды қажет етеді. Біздің адамдар осы жерде тез табыс табуды қалайды. Мұндай қарым-қатынастың нәтижесі оң бола бермейді. Бұл алдымен кадр мәселесіне қатысты. Бізде жай ғана жақсы аспаздар жетіспейді. Елімізде туризм саласы бойынша мамандық иеленуге ынталылар аз. Біздіңше осы мамандық бойынша грант саны арттырылса құба-құп. Біз өз тарапымыздан түрлі семинар-тренингтер өткізіп, қызметкерлердің кәсіби дағдысы мен мәдениетін көтерудің мүмкіндіктерін жасап жатырмыз. Биылдың өзінде үш осындай шара өтті. Алда тағы да бірнеше семинар-тренинг өткізуге дайындық жасаудамыз.

– Отандастарымыздың көпшілігі Бурабайдан гөрі, шетелде демалғанды дұрыс көреді. Бұл таңдауларын олар отандық туризм бағасының қымбаттығы және оның сервиске сай еместігімен байланыстырады. Демек, мұнымен келісесіз ғой.

– Иә, келісемін. Бұған бірден-бір себеп – жаңа айтылған мәселелер. Дегенмен, Бурабайдағы мереке «демалыс күні» болып есептелетінін түсіну керек. Бізде қымбат қонақүйлер бар, олардың бағасы жаз маусымының қызған кезінде күніне 200 мың теңгеге дейін жетеді. Сонымен қатар, қолжетімді, бюджетке қолайлы нұсқалар да бар. Жалпы, баға сегменті 25 мың теңгеден 200 мың теңгеге дейін өзгереді. Барлығы туристердің сұранысына байланысты. Ортақ душ пен дәретханасы бар демалыс орталықтары да, люкс қонақ үйлері де бар. Алдыңғыларына 2000 теңге төлеп кіріп, ішіне шатыр тігіп, демала аласыз.

– Шамамен 3-4 жыл бұрын көлдің көрінісін жауып тұрған қоршаулардан көз алу мүмкін емес еді. Жағажайдан бос орын табу қиын болатын. Әлі де солай ма?

– Мұның себебі ұлттық саябақтар өз аумақтарын дербес басқарады және демалысты дамытуға жағдай жасау үшін оны уақытша жалға береді. Жалға алушылар өз кезегінде қызмет көрсетіп, өз қаражаттарын салып, аумақты абаттандыру мен тазалықты қадағалайды. Әрине, аумақтарды қоршау кезінде олар белгілі бір дәрежеде шектен шығып, бүкіл жағажай аймағын қала тұрғындарынан жауып тастады. Бұл орайда жағажайды тегін пайдалана алатын жергілікті халықтың мүддесі ескерілмеді. Бірақ былтырдан бері мәселені шештік. Қазір өткен жылдармен салыстырғанда жалға алушылардың санын 2 есеге жуық қысқарттық. Яғни, қазіргі таңда адамдар үшін тегін суға түсу орындары жеткілікті, бірақ біз әлі де мұндай алаңдарды көбейтіп жатырмыз. Тегін жерде, әрине, ыңғайсыз болады. Мәселен, қоқыс көп. Егер жалға берушілер келісімшарт бойынша аумақты үнемі тазалауды талап етпесе, онда қоғамдық орындарда жағажайлар мен оның маңындағы аумақтарды мінсіз таза ұстау әрдайым мүмкін емес. Демалушылар қоқыс қалдырады, бірақ біз онымен де жұмыс істеп жатырмыз. Қазіргі уақытта аумақтар мүмкіндігінше жиі тазартылады. Шипажайдың өзін дамытуға келетін болсақ, бүгінде Бурабай шипажайы инфрақұрылымы дамыған демалыс орындарының бірі деп айта аламын. Бұл нені білдіреді: жолдардың барлығы дерлік жөнделді және жақсы жағдайда, демалыс орны түгелге дерлік асфальтталған, жаяу жүргіншілер мен серуендеу алаңдары, велосипед алаңдары бар. Республикадағы бірде-бір ұлттық саябақ мұнымен мақтана алмайды. 

– Щучье мен Бурабайдың қандай қарқынмен дамып жатқаны анық. Зеренді өңірі ше?

– 2023 жылы облыс әкімдігінің қаулысымен курорттық аймақтың туристік әлеуетін дамытуға бағытталған жалпы құны 6241,1 млн теңгені құрайтын 31 инфрақұрылымдық жобаны кезең-кезеңімен іске асыру көзделген Зеренді курорттық аймағын 2025 жылға дейін дамыту жоспары бекітілді. Жазғы маусымға дайындық аясында туристік орындарға асфальт төсеу жұмыстары жүргізіліп, жол жамылғысы жөнделді, 143 тірек пен жарықтандыру құрылғыларымен барлық демалыс аймағының бойы жабдықталып, бейнебақылау камералары орнатылды. Қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлер, жағажай қолшатырлары, киім ауыстыратын кабиналар, сыртқы құрғақ шкафтарды сатып алуға және орнатуға қаражат бөлінді. Демалуға арналған беседкалар, жаяу жүргіншілер жолдарына орындықтар мен қоқыс контейнерлері орнатылды. Туристік сайттар бұрын орнатылған талшықты-оптикалық желілерге өз инвестициялары есебінен интернет сигналын қабылдау күшейткіштерін орнатады. Зерендіде 3 стационарлық СГУ орнатылды.

– Өңірдің болашақ даму жоспары қалай?

– Ішкі туристер ағынын арттырудың орта мерзімді перспективалары жоғары рекреациялық және туристік әлеует, зәкірлік инвестициялық жобаларды іске асыру, туристік өнімді елдің дамып келе жатқан ішкі нарығында өсіп келе жатқан туристік сұранысқа бағдарлау, туризмнің емдеу-сауықтыру және экологиялық түрлерін дамыту маңызды. Жалпы, жоспар көп, жақсы әлеует те жеткілікті. Биыл туристер ағыны және өңірдің дамуы бұдан да жақсы болады деп болжап отырмыз.

– Өңірдегі жасыл экономиканың енгізілу деңгейі қалай? Кәсіпкерлер тарапынан бұған ынта бар ма?

– Бұл тұрғыда мақтана алмаймыз. Бүгінгі таңда жасыл экономиканың енгізілу деңгейі бес пайыздың ар жақ, бер жағында. Бұл электр энергиясын 15-20 пайызға үнемдеуге мүмкіндік беріп отыр. Дегенмен кәсіпкерлер бұл бастаманы қолдауға соншалықты ынталы емес. Бұған біріншіден, қажетті жабдықтардың қымбаттығы себеп. Егер мемлекет тарапынан оларға кеткен шығындардың белгілі бір бөлігі өтелетін болса, белсенділік артар ма еді. Бірақ өкінішке орай, ондай қолдау жоқ. Екінші себебі, өңірде жылдың сегіз айы суық. Төрт ай ғана ауа райы жылы болады. Бұл жасыл энергияны қолдануға кедергі. Дегенмен, Болашақ – жасыл энергияныкі. Жылу энергияларының азаюы қаласақ та, қаламасақ та, олардың баламалы көздерін өндіріп, тұтынуға алып келеді. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмысты жандандырмақ ниеттеміз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»

Сотталғандар арасында діни сауаттылықты арттыру

2024 жылы 14 қараша ҚАЖ Департаменті #3 мекемесіне Дінді...

Соңғы аялдама

Үйдің қос қабырғасына телміре қарап, қалың ойдың қамауынан шыға...

Сот ісін жүргізудегі қазақ тілінің қолданысы

Мінекей, қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болғанына 30...

Қазақстан Республикасы Судьяларының ІХ съезі

Ағымдағы жылдың 4 қазанында Қазақстан Республикасы Судьяларының ІХ съезіне...

Пробация есебіндегі жастар арасында үстел теннисінен жарыс өтті

Сырдария аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен пробация есебіндегі азаматтар...