Ербол ТІЛЕШОВ, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы:
– Сұхбатымызды қазіргі қазақ тілінің жалпы жағдайы туралы әңгімеден бастасақ. – Әрбір тілдің сақталуында бірнеше негізгі алғышарт бар. Біріншіден, ол тілде сөйлеушілер саны жеткілікті болуы керек. Аллаға шүкір, әлемде 18 миллионнан астам қазақ бар болса, соның басым көпшілігі өзінің ана тілін жақсы біледі және жаза алады. Яғни, бұл тілдің сақталуының ең алғашқы мықты кепілі. Екіншіден, қазақ тілі барлық стильдік тармағы сараланған, жетілген, дамыған ұғымдық, әдеби, ғылыми базасы қалыптасқан сөздік қоры мол тіл. Үшіншіден, қазақ тілінің Қазақстан Республикасы сияқты тәуелсіз Отаны бар. Төртіншіден, бұл тілде білім алып жатқан миллиондаған ұрпақ бар. Бесіншіден, қазақ тілі мемлекеттік тіл және халықаралық кеңістікте де қолданылатын тіл. Міне, осындай негізгі алғышарттар қазақ тілінің жағдайы жаман емес, мыңдаған тілден жоғары екенін паш етеді. Ал қазіргі тілге байланысты мәселелер уақыт келе шешімін табады. Әлбетте ана тіліміз, мемлекеттік тіліміз үшін тиісті жұмыстар да, қажетті күрес те жалғаса береді. Бұл тілді нығайтады.
– Ал қазақ тілі ғылым тіліне айнала алды ма?
– Ғылым тілі – ғылыми ойлаудың жемісі. Осындай ғылыми ойлау, біздің ойымызша өзіне тән қисынмен, тұжырымдармен ең алғаш Абайдың қарасөздерінен байқала бастағанын аңғарамыз. Одан кейінгі кезеңде Алаш зиялыларынан осы үдеріс айрықша аңғарылады. Бір ұлттың ғылыми ойлауы үшін, әлбетте, оның жазба мәдениеті болуы шарт. Қазақта өз тілінің табиғатына сай жазу дәстүрі Ахмет Байтұрсынұлынан басталады. Әрине, діни ағартушылардың да, Ыбырай, Абай, Мәшһүр-Жүсіп, Шәкәрімнің де жазғанын білеміз. Біз мұнда қазақ тілінің табиғи ерекшеліктерін дәл, бұрмаламай беретін жазу үлгісін айтып отырмыз. Сондықтан да өз тілінде қалай ойласа, ойы да солай дәл қағазға түсетін жазуды, яғни әліпбиді түзген, оның әдістемелік және ғылыми негіздерін жасаған Ахаң. Сол себепті оны «ұлт ұстазы» деп атаймыз. Осы ұлт ұстазының әліпбиімен сауаттанған ұрпақ ойын жүйелеп, жинақтап қағазға түсірді. Соның көмегімен оның ойлау кеңістігі күшейді. Ахаң мектебінің дәуірлік зор маңызы жөнінде замандас рухани інісі М.Әуезов: «Ахаң – еңбегі жанған жанның бірі. Істеген ісінің жемісі – артынан келе жатқан жастар. Оның арты Ахаң мектебіне тізіліп, кіріп жатқан жас буын, жаңа өсіп келе жатқан қазақ әдебиеті Ахаңды өзінің басшысы деп санайды. Қаламынан тамған бал ем болудан айнымайды, әлі де болса, өмірінің ұзақ болып, еңбегінің өнімді болуын тілеуден қазақ баласы қайтпайды» деп дәл бағасын берді.
– Иә, Ахаңның жазуынан сауат ашқан, білімін шыңдаған ұрпақ, оның ішінде ең дарынды топтың өзі де ұлттық ғылымның қалыптасуына зор үлес қосқанын білеміз. Соларды талдап таныстыра кетсеңіз.
– Дұрыс айтасыз, ұлт ұстазынан кейінгі буыннан аса дарынды қаламгерлер, қайраткерлер шықты. Олар тек ақындар, жазушылар ғана емес, сонымен бірге үлкен оқымыстылар да болды. Атап айтсақ, М.Тынышпайұлы «Қырғыз-қазақ халқының тарихы бойынша материалдар», М.Дулатұлы «Есеп құралын», Х.Досмұхамедұлы «Жануартану», Ж.Аймауытұлы «Психология», «Жан жүйесі және өнер таңдау», Е.Омарұлы «Жазудың жаңа ережелері», М.Жұмабаев «Педагогика», Т.Шонанұлы «Оқу құралы. Хрестоматия», Қ.Кемеңгерұлы «Қазақ тарихынан» және тағы да басқа Алаш зиялылары оқу құралдары мен оқулықтар, жалпы ғылыми, әдістемелік еңбектер жазу барысында қазақтың ұлттық ғылымын да қалыптастырғанын баршамыз жақсы білеміз. Бұл үдеріске А.Байтұрсынұлының Оқу-ағарту министрі, Академиялық орталықтың жетекшісі болғаны тікелей ықпал еткенін айтуға тиіспіз. Осының нәтижесінде біздің ұлттық ғылымның негізі қаланды. Бұл шын мәніндегі ұлттық ренессанс болғанын да айрықша атаймыз. Кеңестік саясаттың барлық салаға тікелей араласуы, ұлттық құндылықтың орнына коммунистік идеологияның орнығуы және Алаш қайраткерлері мен қаламгерлерінің мұрасына тыйым салынуы осы үдерісті тоқтатты. Оның орнына марксизм-ленинизм шеңберімен жүруге тиісті ғылыми таным келді. Қазақ ғылымы ғылымның табиғатына сәйкес келетін еркіндік дәуіріне тәуелсіздік тұсында ғана қолы жетті.
– Қазақ тілін IT технологиялар тіліне айналдыру үшін не істеу керек?
– Әлбетте, Қазақстанда ғылым ең алдымен қазақ тілінде дамуы тиіс. Осыны ескеріп, былтыр министрлік қабылдаған «Қазақстан Республикасында тілдерді дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында» ғылым тіліне жеке бағыт берілген. Осы негізгі бағыт аясында қазақ тілінің ғылым тілі ретінде дамуының барлық аспектілері қарастырылған. Атап айтқанда, қазақ тіліндегі терминологияны жетілдіру, қазақ тілінің ұлттық корпусын көбейту, қазақ тілін IT технологиялар тіліне айналдыру деген сияқты. Бұл бағытта Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы және еліміздегі жетекші университеттер атсалысуда. Қазір байқасаңыздар жасанды интеллект жөнінде көп айтыла бастады. Бұл да қазақ тіліне тікелей қатысты өзекті және маңызды мәселе. Күні кеше Атыраудағы Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің бүгіні мен келешегіне байланысты: «Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық», – деді. Иә, ғылыми ойдың адамы қашан да ағартушы. Егер қазақ тіліне байланысты айтар болсақ, ана тіліміздің қоғамда өзінің мемлекеттік мәртебесіне ие болуы үшін әрбір саналы қазақ азаматы ағартушы болуы тиіс деп ойлаймыз.
– Ендеше осы кезеңдегі қазақ ғылымы жайына тоқталсаңыз.
– Отандық ғылым әсіресе, қазіргі кезеңде дұрыс және тиімді даму жолына бағытталды деп ойлаймын. Мемлекет басшысының жарлығымен Ғылым және жоғары білім министрлігінің құрылуы бұл бағытқа жаңа серпін берді. Ғылымға бөлінетін қаржы еселеп көбейді. Қазір Астана мен Алматыдағы ғалымдар ғана емес, өңірлердегі ғалымдарымыз да мемлекеттік гранттар арқылы нәтижелі жұмыс атқаруда. Байқасаңыздар, бұқаралық ақпарат құралдарында ғылым жөнінде жағымды жаңалықтар көбейді. Қазақ ғылымы екі негізгі бағытта дамуда. Біріншісі – ғылыми зерттеу институттары болса, екіншісі – университеттердегі ғылым. Әсіресе, техникалық, жаратылыстану салаларында жетістіктер баршылық. Өңірлік университеттерге зерттеу мәртебесі берілгені де қазақстандық ғылымның дамуына өзіндік үлес қоспақ. Оларға қоса Ұлттық ғылым академиясының өзінің байырғы мәртебесінде қайта құрылуы да бәрімізге үлкен үміт оятады.
– Қазақ ғылымының халықаралық деңгейдегі байланыстары жөніндегі әңгімеге ойыссақ.
– Қазіргі дәуір – жаһандану дәуірі. Стратегиясы күшті мемлекет жаһандану үдерісімен үйлесіп өмір сүруді ойлайды. Осы ретте, ғылым саласында Қазақстан жаһандық өзекті мәселелерді үнемі назарда ұстайды. Ғылым және жоғары білім министрлігі, оның басшысы Саясат Нұрбекұлы халықаралық байланыстарға айрықша мән береді. Мысалы, «Coursera» жобасының бастамашысы болды. Бұл шетелдік мықты ғалымдар мен мамандардың дәрістері, қазіргі кезде оның қазақ тіліндегі нұсқасының аса үлкен қоры жасалды. Сонымен бірге, елімізде аз уақыттың ішінде шетелдің танымал 12 университетінің филиалдары ашылды. Бұл қазақ ғылымының дамуына үлкен серпін беруде.
– Ғылымның әртүрлі салаларындағы ана тіліміздің қолданысына байланысты көзқарасыңыз?
– Осы сұрағыңызға байланысты ең алдымен мектептің, жоғары оқу орындарының оқулықтары мен оқу құралдары қай деңгейде дегенді ойлап көрейік. Мектеп оқулықтары жөнінде сын толастамай тұр. Бәлкім, кейбір ағайын мектеп оқулығы мен ғылымның арасы қаншалықты байланысты дер. Әлбетте, байланысты, өйткені ол әдістеме ғылымы. Жоғары оқу орындарының оқулықтарына келсек, ол ғылымның әдіснамасы. Егер қазақ тілінде мамандар бірнеше ондаған мамандық бойынша дайындалады десек, онда солардың ортасында қазақ тілі, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы, қоғамтану, мәдениеттану, философия сияқты бірнеше мамандықты айтпасақ, өзгелерінің басым көпшілігі орыс тілінен аударылған оқулықтармен оқуда. Олардың көпшілігі тікелей тәржімәланып берілген. Сонда ана тіліміздің әртүрлі ғылымдар саласындағы қолданысы қандай дегенді ойлана беріңіз. Тіпті, өзім жақсы білетін қазақ филологиясы саласындағы оқулықтардың көпшілігі әлі күнге дейін кеңестік дәуірде жазылған, жаңаланбаған оқулықтар мен оқу құралдары. Әрине, ішінде бүгінгі күннің сұранысына жауап беретіндері де бар. Десек те, ескіргендері көп. Дәл осыдан шығатын қорытынды ілгеріде айтқанымыздай тіліміздің әлеуеті осы ғылым саласында да өзінің барша мүмкіндіктерін аша алмауда. Оны диссертациялардың стилінен, ғылыми терминдердің қалыптасуынан көруге боларлық. Қазақ тілі ұлтымыздың рухы болса, онда оны сақтауға, жасампаз етуге баршамыз атсалысуға міндеттіміз. Тілдің ерекше маңызы жөнінде қай елдің болсын ойшылдары, қаламгерлері, елшіл тұлғалары қаншама сөз қалдырса, ендеше ол шынында да әрбір ұлттың сақталуы мен дамуының ең басты шарты болғандығынан. Сол себепті де қазақ тілі дәл бүгін биліктен де, бұқарадан да жаппай қолдауды күтеді.
– Қазақша ғылыми жұмысын қоғайтындар көп пе?
– Қазіргі кезеңде қорғалған барлық диссертациялық жұмыстардың жартысына жуығы мемлекеттік тілде. Ғылыми жобалардағы қазақ тілінің үлесін көтеру аса қажет. Біздің ойымызша, қазақ тілі ғылымда өзінің лайықты орнына ие болады. Себебі, мемлекеттік грант бойынша жоғары білім алатындардың көпшілігі қазақ тілінде оқиды. Осылардың ішінде ғылымға келетіндері жетерлік. Бұл тілдің болашағы деген сөз. Мәселе қазіргі кезде саннан нақты сапаға, нәтижеге бару. Бұл ретте жақсы бастамалар баршылық.
– Уақытыңызды арнап ой бөліскеніңізге рақмет!
Ұлбала ТІЛЕУҚЫЗЫ, «Заң газеті»