Тіл – ұлттың тірегі. Ұлттың ұлт ретінде дараланып, тарихы мен танымының, өзіндік болмысы мен бет-бейнесінің қалыптасуында тілдің ролі зор. Қазақтың қазақтығын танытқан – қазақ тілі. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, бас құжатымыз – Конституция қабылданып, оның 7-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп айқындалған болатын. Ата заңымызды бағдар ете отырып, бүгінде еліміздегі барлық қарым-қатыныс, мемлекеттік қызмет мемлекеттік тілде жүзеге асырылады. Сондай-ақ, еліміздегі «Тіл туралы» заңның 4, 13-баптарында дәйектелгендей, мемлекеттік тіл Қазақстанның бүкіл аумағында, мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу кезінде қолданылады.
Осы құжатқа сүйене отырып, тәуелсіздік алған сәттен бері сот iсi мемлекеттiк тiлде жүргiзiледi. Қажет болған жағдайда, орыс тiлi немесе басқа тiлдер мемлекеттiк тiлмен тең дәрежеде қолданылады. Бұл мемлекеттік тілді білмейтіндер құқығын талапқа сай қорғауға, халықаралық талаптар шеңберінен шықпауға негізделген.
Азаматтық істерді қарағанда да мемлекеттік тіл басты орында тұрады. Азаматтық процестік кодекстің 14-бабында оның тәртібі қарастырылған. Соған сәйкес, азаматтық істер бойынша сот істері қазақ тілінде жүргізіледі, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал заңда белгіленген жағдайларда басқа тілдер де қолданылады.
Осы жерде азаматтық істердің қай тілде қаралатыны неге байланысты деген заңды сұрақ туындайды. Заңда дәйектелгендей, сот ісін жүргізуде қай тілдің таңдалатыны сотқа талап қою (арыз) берілген тілге байланысты екенін ұмытпауымыз керек. Істің қай тілде қаралатыны арнайы сот ұйғарымымен белгіленеді. Өкінішке қарай, қазақ тілін жетік білмейтін заңгерлер, адвокаттар мен тергеушілер, хаттаманы өзі білетін тілде толтыратын құқық қорғаушылар соттағы мемлекеттік тілде қаралатын істердің аздығына тікелей себепші болып отыр. Банк, қаржы ұйымдары, кәсіпкерлер тарапынан жолданатын талап арыздардың да тілі көбінесе орысша. Бұған қоса, құжат толтырудағы жаттанды үлгілерге арқа сүйеген мемлекеттік қызметкерлер де мемлекеттік тілге шекесінен қарауды әдетке айналдырған. Ал шындап келген, мемлекеттік қызмткерлер, мемлекет атынан қызмет ететін құрылымдар мемлекеттік тілдің дамуына мүдделі болуға тиіс. Өздері қазақша жетік біліп, қазақ тілінде қызмет көрсетумен қатар, мемлекеттік тілде жұмыс істеудің жарқын үлгісін көрсетуге тиіс. Алайда, еліміздегі жағдай мүлде басқаша.
Адвокат, заңгер, тергеушілердің нұсқауымен арызын орыс тілінде беретіндер де сот барысында көп қиналады. Өйткені, олар өзі толық білмейтін тілде ойын түсінікті жеткізе алмайды. Қазақша ойлап, орысша сөйлеген соң, уәжі де шашыраңқы, сенімсіз шығады. Сондықтан, АПК-нің 14-бабы 3-бөлігіне сүйенген судья тараптар іс жүргізіліп отырған тілді білмеген немесе жеткілікті түрде білмеген жағдайда іс жүргізу тілін өзгертуге болатынын, немесе Кодексте белгіленген тәртіппен аудармашының қызметін тегін пайдалануға құқығы барын түсіндіреді. Егер талап қоюшының тілді білмейтіні анықталса, онда талапкердің жазбаша өтінішхаты бойынша сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы соттың ұйғарымы шығады. Бұл жерде жауапкердің де пікірін анықтауға маңызды. Егер жауапкер де сот ісін жүргізу тілін білмесе және іс жүргізу тілін өзгертуге қарсы болмаса, екі тараптың жазбаша өтінішхаты бойынша сот іс жүргізу тілін өзгерту туралы ұйғарым қабылдауға құқылы.
Бүгінде сот тарапынан азаматтардың мемлекеттік тілге деген құрметін арттыруға қатысты ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соттың кіріс-шығыс құжаттары мемлекеттік тілде әзірленіп, қазақша қаралатын істер санын көбейту үшін құзырлы органдармен жиындар, басқосулар ұйымастырылуда. Тіл – алдымен ұлтқа керек. Сондықтан, «қазақпен қазақша сөйлесіп, тілдің дамуына ұйытқы болайық.
Ғалия Абимұрат,
Алматы қаласы
Әуезов аудандық №2 аудандық сотының судьясы