Бүгінгідей ақпараттық заманда тараған мәліметтерді бақылап, қадағалап отыру өте қиын. Мемлекеттік тіркеуден өтіп, арнайы лицензиямен жұмыс істейтіндіктен бұқаралық ақпарат құралдары айтылған сөздің жауаптылығын жақсы түсінеді. Сондықтан, БАҚ тілшілері өзі жариялайтын ақпараттың шындығына, негізділігіне көз жеткізіп барып, оқырманға ұсынады. Десек те, қазіргі кезде БАҚ-пен таласып ақпарат тарататын блогерлердің, әлеуметтік желіде ешбір ақпаратты сүзгіден өткізбей жариялайтын азаматтардың заңдық жауаптылыққа мән бермейтіні өкінішті. Кейбір азаматтар біреулердің абырой-беделіне нұқсан келтіру үшін әдейі жалған ақпарат таратып жатады. Ал кейбірі сол дүрмекке еріп кінәсіз азаматтардың беделіне нұқсан келтіріп жатады.
Қазақта «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» деген тағылымды сөз бар. Сондай-ақ, сөздің жауаптылығын сезінген халқымыз «Бір елі ауызға екі елі қақпақ», «Ауыр істің салмағы білекке түсер. Ащы сөздің салмағы жүрекке түсер» деп ойнап айтсаң да, ойлап айту қажеттігін ертеден ескерткен. Бірақ, мұны қаперінде ұстамайтындар саны соңғы кезде тіпті көбейіп кетті. Соның салдарынан сот тәжірибесінде «Ар-намысты, қадiр-қасиеттi және iскерлiк беделдi қорғау» туралы талаппен жүгінетіндер көп. Әрі бұл заңды да.
Азаматтық кодекстің 143-бабына сүйене отырып, азаматтар өзінің ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді сот тәртібімен теріске шығаруды талап етуге толық құқылы. Егер мұндай мәліметтер БАҚ бетінде жарияланса, әлеуметтік желілерде көрініс тапса, азаматтар өзінің ар-намысына, iскерлiк беделiне нұқсан келтiретiн мәліметтер туралы терістеу берілуін талап ете алады. Яғни, ақпарат құралы өі жариялаған мәлімет шындыққа сай келмеген жағдайда, жәбірленушінің талабымен ақпаратты тегiн терiске шығаруы тиiс.
Бұқаралық ақпарат құралы терiске шығаруды не жауапты жариялау туралы азаматтың талабын орындаудан бас тартқан жайғдайда не бiр айдың iшiнде жарияланым жасамаған жағдайда, іс сотта қаралады.
Сот өз құзыретін пайдалана отырып сот шешiмiн орындамаған тәртiп бұзушыға айыппұл салуға құқылы. Айыппұл азаматтық iс жүргiзу заңдарында белгiленген тәртiп пен мөлшерде салынады. Айыппұл төлеу тәртiп бұзушыны сот шешiмiнде көзделген әрекеттi орындау мiндетiнен босатпайды.
Сондай-ақ, ар-намысына, іскерлік беделіне нұқсан келген азамат БАҚ арқылы өзіне қатысты ақпаратты терістеп қана қоймай, жалған ақпараттың таралуы салдарынан өзіне келген залалдың және моральдық зиянның орнын толтыруды талап етуге құқылы. Моральдық залалдың көлемін сот анықтайды.
Құқықтық мемлекетте кез келген заңсыздық үшін жауаптылық бар. Сондықтан, кез келген азамат өзі жариялайтын ақпараттың растығына көз жеткізуі маңызды. Тексерілмеген ақпарат бір адамның беделіне ғана нұқсан келтіріп қоймай, оның жақындарына да теріс әсер ететінін ұмытпағанымыз жөн.
М.М. Амиров,
Алматы қаласы
Медеу аудандық сотының төрағасы