ASSYLTAS қоғамдық қорының «100 өлең» жобасы биыл Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің 130 жылдығына арналады. Қазақ жазба ақындарын қолдау, өлеңдерін насихаттау, жұрт арасында өлең жаттауды қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған жоба биыл бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Қор жыл сайын 100 өлеңнің тізімін жасап, БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы жұртшылыққа жариялайды.
Оны үміткерлер 100 күн ішінде жаттап алуы тиіс. Бұл сайысқа кез-келген жастағы азаматтар қатыса алады.
«Бұған дейін 4 жыл қатарынан жеңімпаздарға автокөлік сыйлап келдік. Бұл дәстүр биыл да жалғасып, жеңімпаз су жаңа темір тұлпарды тізгіндейді. Финалдық сайысқа өткен қатысушылардың ешқайсысы жүлдесіз қайтпайды», – дейді ASSYLTAS қоғамдық қорының жетекшісі Рауан Оқас. Оның айтуынша, қазірдің өзінде жобаға қатысуға 700 адамнан өтініш келіп түскен. 100 өлеңді мүдірмей жатқа айтқан үміткерлер арасында үш жеңімпазға Assyltas қорының атынан арнайы сыйлықтар табысталады.
Бұл байқауда 2020 жылы Едіге Қайыртайұлы, 2021 жылы Ақерке Жанмұратқызы, 2022 жылы Алуа Асқар, 2023 жылы Әділжан Қазыбай жеңімпаз атанған болатын.
ASSYLTAS қоғамдық қоры 2018 жылы TAS Group компниясының басшысы Дулат Тастекеевтің бастамасымен құрылған болатын. Ондағы басты мақсат – инновацияға ден қойып, қазақ тілін қалың бұқара, іскерлік ортаның тіліне айналдыру, қайырымдылық жасау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және ұлттық мүдде жолында еңбек ету. Бұл бағытта қор қазіргі кезде 12 жобаны жүзеге асыруда. «100 өлең» жобасы соның біреуі.
Қазақ тілінің аясын кеңейту, өңірді дамыту, қазақ өнерін қолдау, қазақ спортын дамытуды қолдау, қайырымдылық жобаларды іске асыру, талантты азаматтарға қолдау көрсетуді алдына міндет етіп қойған қоғамдық қордың жобалары бүгінгі таңда тек Қазақстан ғана емес, алыс-жақын шет елдердегі қандастар арасында де өте әйгілі болып отыр.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ «Заң газеті»


