12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Балаға қай тілде білім берсең, түбі сол ұлтқа қызмет етеді

Ұлтты өзгелерден даралайтын – тарихы мен тілі, салт-дәстүрі мен ділі. Тарих тасқа жазылады, діл жүректе сақталады, ал тілдің тағдыры – сол ұлттың ұстанымы мен  ынта-ықыласына тікелей байланысты. Өз тілін бағаламаған, өз тілінде сөйлемеген ұлттардың жағдайы көпке белгілі. Біріккен Ұлттар ұйымы келтірген мәліметке сенсек, әлемдегі 7000-ға жуық тілдің бүгінде 45 пайызы жойылу алдында. Қазақ тілі осы жойылу қаупі төнген тілдер қатарына қосылмас үшін әрбір азамат мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге атсалысуы керек.

Еліміздің Конституциясында да, «Тіл туралы» заңында да қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесі бекітілген. Ал осы мәртебенің құжат жүзінде қалмауы сіз бен бізге байланысты. Қазақ тілін қажет тілге айналдырудың тетігі көп. Оның ең негізгі бесігі – отбасы. Бесік жырын ана тілінде тыңдаған, тілі қазақша шыққан бала қазақша ойлайды, қазаққа жаны ашиды. Осы ретте орыстың көрнекті жазушысы Владимир Дальдің  «Кім қай тілде сөйлесе, ол сол халықтың өкілі» немесе Мұстафа Шоқайдың «Балаға қай тілде білім берсең, түбі сол ұлтқа қызмет етеді» деген сөзінен асып тұжырым жасау қиын. Әлбетте, баламыз бен немереміздің өзге тілде сөйлегенін, көп тіл білгенін мақтан тұтқан дұрыс шығар. Бірақ, басқа тілде еркін сөйлеген баланың ана тілінде кібіртектеп тұруы дұрыс емес. Бұл баласына қазақша үйрете алмаған, қазақша сөйлете алмаған ата-ананың кінәсі. Сондықтан, қоғамда ұл-қызының мемлекеттік тілді білмегені үшін ата-анасы ұялатындай, өзін кінәлі сезінетіндей көзқарас қалыптастыру маңызды.

           Қазақ тілінің мәртебесін биіктетуге қызмет ететін келесі бір орта – балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары. Кез келген білім ордасына барсаңыз мемлекеттік рәміздер көздің жауын алады, көңілге мақтаныш сыйлайды. Даналар мен ғұламалардың айтқан нақыл сөздерін де көрнекі жерге ілу – жастарды ұлттық рухта тәрбиелеудің негізі. Алайда, бізде әлі күнге аралас мектептер көп. Соның кесірінен тілі шұбар балалар өсіп келеді. Білімнің бастауы мектеп болғандықтан, балалардың алдымен қазақ тілінде қаріп танып, ғылымға бет бұруына жағдай жасау өзекті.

           Бұдан бөлек, мемлекеттік тілдің мәртебесіне көтеруге биліктен бастап, барлық құзырлы орындар жауапты.  Біз мемлекеттік тілді меңгермегендерді мемлекеттік қызметке қабылдамайтындай ереже қабылдауымыз керек. Себебі, мемлекеттік қызметкер – елдің айнасы. Ал өзі қазақ тілін білмеген қызметкер өзгелерге қандай үлгі көрсетуі мүмкін?

           Өзім қызмет ететін сот саласында да мемлекеттік тілге қатысты мәселе жоқ дей алмаймыз. Әрине, бүгінде сот құжаттарының барлығы 100 пайыз қазақша дайындалады. Дегенмен, мемлекеттік тілде қаралатын сот істерінің саны әлі де аз. Бұған істі орысша жүргізуді жеңіл көретін тергеушілердің, хаттаманы орысша толтыруға әуес полиция қызметкерлерінің, талап арызды орысша жазуға бейімделген заңгер, адвокаттардың теріс әсері тиіп жатқанын жасыру артық.

           Сот тарапынан қазақ тілінің маңызы мен мәнін арттыру мақсатында құзырлы орган өкілдерінің қатысуымен көптеген іс-шаралар, басқосулар ұйымдастырылып келеді. Осындай жиындарда тілге деген құрмет пен қажеттілік өзімізден басталатынын айтып, айналамызға ой салуға тырысамыз. Расында, мемлекеттік тілдің мерейін көтереміз десек, алдымен өзіміз қазақша сөйлейік, отбасымызды, өзіміз қызмет еткен ортаны қазақша сөйлеуге үндейік. Қазақ тілі қазаққа керек!

М.Онласов

Түркістан облысы мамандандырылған

ауданаралық әкімшілік сотының судьясы​​ 

Тараптарды азаматтық істер бойынша хабарландыру

Азаматтық процесс — бұл сот пен процеске қатысушылар арасындағы...

Электронды сот төрелігі

Сот төрелігі - іс жүргізу тәртібімен жасалатын, азаматтық және...

Көліктегі қылмыстар туралы

Механикалық, оның ішінде автомобильдік көлік, дұрыс емес пайдаланған жағдайда...

ЗАҢНАМАДА ӘЙЕЛДЕР ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛҒАН БА?

Әрбір қоғамның құқықтық жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылатын әйелдер...

Электронды сот төрелігінің тиімділігі

Ғылым мен техника қарыштап дамыған қазіргі уақытта өркениетті елдерде...