Адам баласының саналы және адамгершілікпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруы – ол мәдениеттілікпен басталуы қажет екенін білеміз. Бұл жемқорлыққа қарсы стратегияның негізгі құралы десек қателеспейміз. Тұлғаның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеті дегеніміз, ол сол тұлғаның қоғам қауіпсіздігіне және игілігіне сыбайлас жемқорлықтың зияны туралы білімін қамтитын қасиеті. Ол индивидтің жай ғана сыбайлас жемқорлықты төзбеуі ғана емес, сонымен қатар оны жоюға, онымен күресуге талпынуы болып табылады. Демек, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет дегеніміз ол жемқорлыққа қарсы белсенді азаматтық позиция.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана ұғымы қоғамдық сананың барлық нысандарын қамтиды. Бұл интегративті ұғым, себебі ол өзіне әртүрлі ғылым саласынан ақпаратты сіңіреді, әртүрлі оқу пәндерінде зерделенеді және ол туралы білімді тұжырымдауда зерттелетін құбылысты түсінудің жаңа деңгейіне шығады. Осылайша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қоғамдық сананың өзге де нысандарымен тікелей өзара байланыста болады және қоғамдық санаға тән барлық қасиеттер және сипаттамаларды меңгереді, бұл адамдардың сыбайлас жемқорлыққа әлеуметтік зұлымдық ретіндегі қатынасын білдіретін ұғымдар, теориялар, түсініктер мен сезімдердің, көзқарастар мен эмоциялардың жиынтығы деп түсінгеніміз абзал.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана адамгершілік және адамгершілікке жат қылықты, құқықтық және құқықтық емес, заңды және заңсыздықтың шегін көрсетіп береді. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез- құлықты қамтамасыз ету үшін моральдық-адамгершілік, идеологиялық, құқықтық шараларды талап етеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда өскелең ұрпақпен жұмыс қағидаты маңызды рөл атқарады. Тек жас кезінен мінез-құлықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарын енгізу бұл әлеуметтік зұлымдықты жоюға мүмкіндік береді. Бала кезінен тұлғаны қазақстандық париотизм және сыбайлас жемқорлықты қабылдамау рухында тәрбиелеу маңызды болмақ. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы орган жұмысының негізгі бағыты мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру болып табылады, өйткені бүгінде азаматтардың мемлекеттік органдармен жасайтын кез келген қарым-қатынасы, бір жағынан, сыбайластықтан құрылған қызмет түрін қабылдаумен байланысты.
Сондықтан Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі – осы індетпен халық болып күресу. Жемқорлық сынды жымысқы әрекетке бару ең алдымен адами фактор, яғни әр азаматтың таным-түсінігіне, рухани кемелділігі мен ой-өрісі, сана-сезіміне тікелей байланысты болғандықтан жемқорлықпен күресте негізгі тетік – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру екені анық. Бұл – дамыған елдердің тәжірибесінде оң бағаланған, нәтижелі әдістің бірі. Сонымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыра отырып, қоғамдық сананың өзгеруіне түрткі болатынымыз айдан анық екені көрініп-ақ тұр.
Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дерті екенін жоғарыда айтып өттік. Ал қоғамды құрушы – адамдар, яғни біздің әрқайсымыз. Демек, бұл дертпен күресуде әрқайсымыздың рөліміз, әрқайсымыздың әрекетіміз маңызды. Моральдық-адамгершілік, этикалық мәдениетті тәрбиелеп, құқықтық сауаттылық негіздерін, мүдделер қақтығысының барлық көріністеріне төзбеушілікті, өскелең ұрпақтың жастайынан құқықтық санасы мен мәдениетін қалыптастыру, отансүйгіштік бағыттағы құндылықтар негізінде тәрбиелеу абзал. Сондықтан жемқорлыққа қарсы белсенді азаматтық позиция әрбірімізде болуы керек. Мұның бәрі елімізде құқықтық мемлекеттің іс жүзінде орнауына, заңның үстемдігіне, әр адамның қауіпсіз өмір сүруіне, қоғамдық тәртіптің нығаюына, әлеуметтік ахуалдың жақсаруына, ең бастысы ұлттың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тұрақты дамуға жол ашады. Әрине, бұл жерде ашықтық пен жариялықтың да орны маңызды екенін ұмытпағанымыз абзал.
Түркістан облысының кәмелетке
толмағандардың істері жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық
соты әкімшісінің басшысы
Ахшаев Данияр Сарсенбекұлы