12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Әсем РАХМЕТОВА, Парламент Сенатының депутаты: «ӘЙЕЛДЕР ҮШІН ЕҢ БАСТЫСЫ – ОТБАСЫНЫҢ БЕРЕКЕСІ, ЖАРЫНЫҢ АМАНДЫҒЫ, БАЛАЛАРЫНЫҢ БАҚЫТЫ»

– Әсем Қалашбайқызы, мереке құтты болсын! Әйелдер мейрамында құттықтауын жолдайтындар көп болар?

– Иә, көктеммен бірге келетін осы мереке әйелдің бір ерекше құрметке бөленіп, қоғамдағы, отбасындағы орны сезіліп, мерейі тасып, қуанышқа бөленетін сәті ғой. Жалпы әйелдердің махаббаты, сезімі, түйсігі адамзатты алға жетелеп, өміріне шуақ, береке дарытатын құдіретті күш. Халқымыз, «Руыңды түзегің келсе – ұлыңды, ұлтыңды түзегің келсе – қызыңды түзе?» дейді. Бұл қоғамдағы әйелдің ақыл-парасатының маңызын көрсетсе керек. Осыны түсініп, әр ісімен айналаға өнеге дарытқан әйелдерге қандай құрмет көрсетсе де артық емес. Бірақ нәзік жандылар үшін ең бастысы – отбасының берекесі, жарының амандығы, балаларының бақыты. Ең үлкен сыйлық та осы. Еліміз аман, жеріміз тыныш болып, аналар бала тағдыры үшін алаңдамаса екен. Әрине, бұл күні сыйлық та аламын, өзім де сыйлық беремін. Алдымен анама сыйлық жасаймын.

– Әйелдер көп, олар еркектерден көп жасайды деген мәлімет бар. Себебі неде деп ойлайсыз?

– Өткенде демографияға байланысты Үкімет сағатын өткіздік. Сол кезде берілген мәліметтерге жүгінсек, ер балалар қыз балаларға қарағанда көбірек туылады екен. Бірақ олардың жиырма мен қырық жас арасында қайтыс болуы көп. Еркектер жол-көлік апаттарынан көп көз жұмады. Одан соң елу мен алпыс жас арасында инсульт, жүрек-қан тамырлары ауруларына жиі шалдығып, дүниеден өтіп кетеді. Осының салдарынан әйелдер мен еркектер саны арасында тепе-теңдік бұзылып отыр. Әйел адамдарды көп деп айта алмаймын. Бірақ олар ер адамдарға қарағанда денсаулықтарын күткенінің арқасында созылмалы ауруларға азырақ ұшырайды. Бала кезімізде шақырылған қонақтар арасында жаулығы жарқыраған әжелеріміз көбірек отыратын еді. Бұл бір өмірдің заңдылығы да шығар. Ерлердің темекіге, ішімдікке құмарлығының, көбіне ауыр жұмыс істейтінінің де әсері бар. Сосын ер адам денсаулыққа уақытында көңіл бөлмей ауруды үдетіп алады. Одан кейінгі тенденция – коронавирус әсері. Өйткені, ол ауру толық кетіп қалған жоқ. Жасырын симптомдар ағзада қалды. Сондықтан ер адамдардың денсаулығына мемлекеттік деңгейде көңіл бөлу қажет деп ойлаймын. Сонымен қатар, соңғы кезде өте жас жігіттердің энергетикалық сусындарға құмарлығы байқалады. Соның салдарынан жігіттердің аяқ астынан өмірден өтуі жиілеп кетті. Өткен екі аптаның ішінде өз басым осындай қайғылы жағдайға куә болдым. Бұған да бір шара қабылдануы керек.

– Әйелдер белсенді болып тұр. Бүгінде отбасында ұлдар емес, қызға көбірек үміт артылатын болды. Неге?

– Бұл жағдай мені де қатты алаңдатады. Біздің әйелдеріміз тез дамып кетіп, ер адамдар заманның ағысына үлгере алмай жатқандай. Бүгінгі таңда не көп, психологтар мен коучтар көп. Олардың негізгі клиенттері әйелдер болып тұрғаны шындық. Бұл сол тоқсаныншы жылдары шешелердің күнкөрістің қамымен базарға шығып кетіп, балаларына ештеңе айта алмай қалуының салдары деп білемін. Ал, ол психологтардың айтатыны «сен кереметсің, күйеуіңмен ұнаса тұр, ұнамаса кет?» дегенге саяды. Бұл шығыс әйелінің менталитетіне сай түсінік емес. Ерлер отбасын асыраудың қамымен жүріп, бұл жағдайға аса мән бермеді және ілесе алмады. Дегенмен, жақында тағы бір мәселеге көңіл бөле бастадым. Ер адамның болмысы жыртқыш аң сияқты ғой. Ол тек көрген аңын ұстап алуды ойлайды. Оны ертеңге не керек екені, балаларын қалай жеткізу үшін не істеу қажеттігі онша алаңдатпайды. Тек аңды ұстап алу, жеу, рахаттану. Яғни, оған бүгін қандай талап қойдың, соны ғана орындап, сенен мақтау естігісі келіп тұрады. Мен сіңлілеріме осыны айтамын. «Еркекке ұзақ мерзімді міндеттер қойма, бүгінгі жоспарларды айтыңдар. Оған он жылдан кейін қызың тұрмыс құрады» деудің қажеті жоқ. Мотивацияны қоя біліңдер. Ал әйел адамның міндеті он жылға жоспарлап, еркек әкелген табысты ұқсатып, жеткізу» деймін. Меніңше, тек осыны бір үйлесімге келтірсек, түсіністік те, береке де, бақыт та болады. Әйел адам еркек асыраса дейді ғой. Бір де бір әйел сені үлде мен бүлдеге орап қоямын десе қарсы болмайды. Олар балаларға жақсы білім бергісі келеді. Өздері де жақсы киініп, жақсы ортада жүруді қалайды. Сол үшін де тырмысып, ізденіп, әрекет жасап жатады. Олардың белсенділігінің бір сыры осында деп білемін. Десе де, тәрбиені үйден көру керек. Отбасы психологиясы, қазақтың тәрбиесі, мәдениеті киіз үйдің құрылысында, ырым-тыйымдарымызда, аңыз-әпсаналарымызда. Бізге қытайдың философиясы, үндінің буддасы керек емес. Біз өз дәстүрімізге оралып, құндылықтарымызды жаңғырту арқылы ұрпақ тәрбиесіндегі олқылықтардан арыламыз. Онда ата-ананың рөлі, әженің ақылы, жеңгенің өнегесі, ұлдың ұлағаты, қыздың ғибраты, яғни тәрбиеге керектінің бәрі бар. Түптің түбінде осыған келеміз деп ойлаймын.

– Жалпы қоғамда әйелдерге деген жауапкершілік жүгі тым ауыр емес пе? Жаңа түскен жас келіндерге «түскен жеріңді бақытты етем деп бар» деп тілек айтылып жатады. «Жақсы әйел жаман еркекті адам етеді» деген мақал да көпке белгілі. Осының бәрі еразаматтардың отбасы алдындағы жауапкершілігін жеңілдетіп, кейбір ақылы аздарын есіртіп жібергендей. Бүгінде жиілеп кеткен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түп негізінде әйелге деген осындай көзқарас жатқан сияқты. Әйел ажырасса тастанды болады…

– Иә, расында осындай көзқарас бар. Әйел тұрмысқа болашақта ажырасамын деп шықпайды. Барған жерімде бақытты боламын деген үмітпен қадам жасайды. Өкінішке қарай, бүгінде осы аңсаған арманы орындалмай, өмірі тозаққа айналатын әйелдер көбейіп барады. Бұл жағдай ер адамдардың жауапкершілігін көтеру қажеттігін көрсетеді. Мәжілісте мақұлданған әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң жобасын дайындаудағы мақсат осы мәселеден туындаған еді. Құжат көп ұзамай Сенаттың қарауына келеді. Онда әйелдерге, балаларға зорлық көрсеткен, соққыға жыққан әрекеттерге қатысты қатаң нормалар бар. Нақты қай тұрғыда екенін әлі заң жобасын толық оқымағаннан соң айта алмаймын. Біз оны жан-жақты қарайтын боламыз. Бұл құжатты дайындап, талқылауға енгізу оңай болып жатпағанын естіп отырмыз. Қазірдің өзінде заң келмей жатып, біздің құқығымыз шектеулі, енді сендер жаққа қарауға да болмайды деп қалжыңдап жатқан әріптестеріміз бар. «Әр әзілде бір мысқал шындық бар» деген. Демек, бұл да ашып айтылмаса да қарсылық. Тіпті, осы құжат талқылана бастағаннан бері кейбір әйелдер де наразылық танытып жатыр. Олардың тарапынан «әйелді бастан» деген, бұл заң жалақор әйелдерді көбейтеді, ер-азаматтар жазықсыз сотталатын болды деген әңгіме айтылуда. Мұны жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан заңда екі жақтың да жауапкершілігі бірдей дәйектелуі керек. Ең бастысы, онда балаға, әйелге қол көтерудің алдын алатын норма болуы керек. Әйелге өктемдік көрсету ер-азаматтың психологиялық тұрғыда әлсіздігін көрсетеді. Бұл тәрбиенің осалдығынан болады. Білімсіздік, дұрыс маман болып қалыптаса алмау, жалақының төмендігі салдарынан өзін толыққанды сезіне алмау қазір ер адамдар үшін үлкен мәселе болып тұр. Өзіне сенімді адам ешқашан әйелге, балаға зорлық-зомбылық көрсетпейді. Өкінішке орай, білімді, қоғамда орны болған азамат тарапынан да осындай әрекет орын алды. Бұл белгілі болғаны. Ал, отбасында «Бас жарылса бөрік ішінде, жең сынса қол ішінде» дегендей, көрген қорлығын ешкімге айта алмай жүрген қаншама әйел бар? Сондықтан заңды барынша қатайту керек. Иә, заң қабылданғаннан кейін ажырасу көп болуы мүмкін. Жоғарыда айтылғандай жалған жала жабудың да орын алуы ғажап емес. Біраз қателіктер жасалса да таңғалмаймыз. Бірақ солай болады екен деп, қолды қусырып қарап отыра беруге болмайды. Өйткені, отбасында бала қорықпай, ана зорлық көрмей өмір сүруі керек. Сондықтан батыл қадам жасап, осы заңды қабылдап, ер-азаматтардың әйел тағдыры үшін жауапкершілігін көтерген дұрыс. Бұл түріне қарап бәрін түрмеге тығу керек деген сөз емес. Өзінің жұбайын, балаларының әкесін жалған айыппен көпе-көрінеу соттатуды екінің бірі қаламайды. Мұндай істерді алқабилер сотының қарауына беру ойластырылғаны жөн болар еді. Осындай шаралар белгілі деңгейде әйелге қатысты жеңіл көзқарас, ұстанымдарды азайтары сөзсіз. Әрине, бұл жағдайды осындай заң арқылы жөндеуге ұмтылып жатқанымыз өкінішті. Негізінде отбасындағы тәрбиеге көңіл бөлінуі керек.

– Әйелдер тек отбасында ғана емес, қызмет бабында да қысымға ұшырап жатады. Мұны жуырда жастар форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та атап өтті. Мемлекеттік қызметтегі әйелдер саны артқанымен, басшылық қызметтегі әйелдер саны өте аз екен. Сіздіңше мұның себебі неде?

– Президент соңғы кезде әйелдердің кез келген қызметке тиянақты, адал екенін, сондықтан оларға әрдайым сенім білдіруге болатынын айтты. Бұл шындық. Әйелдер қай салада болмасын өздеріне жүктелген міндетті тыңғылықты атқарады. Сыбайлас жемқорлық сынды әрекеттерге бармайды. Бұған қызмет барысында талай көзім жетті. Бұл енді әйелдердің қай істе де аналық түйсігінің алда жүріп, ел тағдыры – бала тағдыры екендігін ұға білуінің арқасы деп білемін. Десе де, Қазақстанда қызмет етемін деген әйелге еш кедергі жоқ, керісінше қолдау бар, жалпы елімізде гендерлік теңдік мәселесі толыққанды қарастырылған. Мәселен, Парламент пен мәслихат сайлауында депутаттыққа өтетін әйелдер үлесінің 20 пайыз болуына көңіл бөлінді. Бұл ретте білікті, белсенді әйелдерге еш тосқауыл болған жоқ. Парламент Сенаты, Мәжілісіне, басшылық қызметке келген әйелдер баршылық. Үлкен лауазымға тағайындалатын әйелдер санын 50 пайызға дейін көтеру керек деген талаппен өз басым келісе қоймаймын. Менің ойымша, бұл жерде жыныс емес, әр азаматтың біліктілік қабілеті басты өлшем болуы тиіс. Әйелдердің басшылық қызметте аз болуының басты себебі, олардың нағыз қызмет істейтін уақытта үй тірлігінен шыға алмай қалатынында. Шыны керек, қандай қызметте жүрсе де, әйелді ас үй ешқашан босатпайды. Мұның сыртында шығыстық менталитет бойынша ер адамның алдына шығып кеткенді қалай қоймайтын әйелдер де баршылық. Әйтпесе, қабілеті бар, ынтасы бар әйелдердің өсуіне ешқандай кедергі жоқ. Өзім мәселен, осы жерге келгенше «сен әйелсің, билікке бармауың керек» дегенді естіген емеспін. Керісінше бәрі қолдау білдірді. Сондай шектеуді тек мектепте жүргенде бір рет көрдім. Онда өткен командалық ойынға мен өте жақсы оқысам да, ұстазымыз ұл баланың капитан болғанын дұрыс көрді. «Ер адам тез шешім қабылдайды» деді. Осылай ер ардамға жол берген кезім болды. Бұл менің кейінгі қызмет жолыма өз әсерін берді. Мен әрдайым орынбасарлық қызметті атқарғанды дұрыс көрдім. Жалпы өз басым шешім қабылдаған кезде ер адамның артықшылығын мойындаймын. Расында олар батыл, тиімді шешім қабылдауға қабілетті. Сондықтан шамам келгенше басшылық қызметтерде ер адамның жүруі үшін бәрін жасаймын. Шыны керек, әйел үшін лауазымды қызметті атқару өте қиын. Өйткені, елден бұрын жұмысқа ерте келіп, кеш қайту керек. Мұның сыртында қаншама шараларға қатысуы тағы қажет болады. Осының бәрін отбасы тірлігімен қатар атқару оңай емес. Егер үйде қолдап, көмек көрсететін адам болмаса, екеуінің бірін ақсатады. Таңдау жасалған кезде көптеген әйелдер отбасын бірінші кезекке қояды.

– Сенатқа келгелі не атқардыңыз? Заң бойынша құрылған жұмыс топтарына кіріп, депутаттық сауалдар жасап, белгілі бір мәселені шешуге кірісіп кеткен боларсыз?

– Біз өңірден келген депутатпыз. Қазір елімізде өңірлерді дамытуға айрықша көңіл бөлініп жатқаны қуантады. Бұл дұрыс саясат. Аймақтың мәселесі шешілмей, ел дамымайды. Халқымыздың дені өңірлерде өмір сүріп жатыр. Өкінішке қарай, бүгінде бірқатар өңірлерге қалдықтық көзқарас бар. Соның бірі мен сайланған Солтүстік Қазақстан аймағы. Бюджетті тоықтырмайтындықтан облыстың көп мәселесі ескеріле бермейді. Сондай шешімін таппаған мәселенің бірі – тұрмыста тұтынатын газ. Ұзақ жылдан бері өңірде жақсы аурухана салынбаған. Өңірдегі жалғыз университеттің ғимараты да ескіріп тұр. Бүгінгі таңда аймақ тұрғындарының Ресейге қоныс аударуы үрдіске айналды. Өйткені, онда жайлы өмірге қажеттінің бәрі бар. Дүниеге келген әрбір бала үшін Ана капиталы жолға қойылған. Осы мәселені көтеріп, депутаттық сауал жасадым. Қолдаушылар да, сынап, қарсы шығушылар да болып жатыр. Өйткені, мен тым болмаса Ресейдің газын әкелу керек деген мәселе қойдым. Ондағы қазіргі ахуалды алға тартып, мұны орынсыз деді қарсыластар. Мен үшін маңыздысы өз өңірімнің жағдайы. Жалпы, халықтың жағдайын жақсарту үшін неге де болса бару керек деп ойлаймын. Одан кейінгісі жол құрылысына қатысты депутаттық сауал болды. Бүгінгі таңда тиісті құзырлы орынмен қосымша қаржы көздерін тарту бойынша келісімдер жасалып, бұл мәселені шешудің жолдары қарастырылуда. Ұлттық қордан балаларға төлем жасауға қатысты заң қабылданды. Балалар үшін арнайы жинақтың болатындығы өте тиімді шешім болды. Оны бүгінде аз деп жатқандар бар ғой. Меніңше ата-аналар бұл жүйені сынағаннан гөрі, ондағы қаржыны көбейтуге атсалысқаны дұрыс. Өйткені, бұл қаржы бала үшін бір мүмкіндік болады. Әсіресе, сынақтан өте алмай, ақылы оқуға түсуге тура келген жағдайда бала еш алаңдамас еді. Шыны керек, оқуға түсе алмай қалса, балалар не істерін білмей абдырап қалады ғой. Отбасы банкі арқылы біз баспанаға қаржы жинауды үйрендік. Енді осы жинақ жүйесі арқылы бала болашағын қамдауға талпынсақ несі зиян. Сол ақша тойға да кетіп жатыр емес пе?!

– Қазіргі таңда қандай заңдар қажет деп ойлайсыз?

– Үкіметтік емес ұйымдар және креативті индустрия саласы бойынша заңдар қажет деген ойдамын. Үкіметтік емес ұйымдар мереке кезінде ғана жұмыс істеп, кез келген жолмен гранттар ұтып алуды ғана ойлайтын уақытша құрылымдар емес, елге қызмет көрсетуде мемлекеттің бір жағына шығып, қолдау көрсететін ықпалды әрі сенімді күшке айналуы керек. Арнайы заң аясында оларға қойылатын талаптар, міндеттер, берілетін құқықтар дәйектелсе, бұл ұйымдар қоғам үшін көп жұмыс атқара алады. Мұны әлемдік тәжірибеден көріп жүрміз. Сол секілді креативті индустрияға да нақты талаптар белгілену керек. Бұл орайда саланы дамытып қана қоймай, одан туындауы мүмкін тәуекелді жағдайлардың алдын алуды ойластыру қажет. Жалпы өздеріңіз де байқап жүрген боларсыздар, Парламент қоғам көтерген мәселенің қай-қайсысына да дер кезінде үн қосып, қажет заңдардың жасалуына белсенді түрде атсалысуда. Соның арқасында мұғалімдер мәртебесі көтеріліп, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар мәселесі шешілді. Мәдениет қызметкерлерінің де жалақысы көтеріліп жатыр. Әрине, көп мәселе қаржыға тіреледі. Дегенмен де, ел аманатын орындауда депутаттар өз міндетінен жаңылып жатқан жоқ.

– Сенаттағы әйелдердің бірлігі қандай? Бірігіп заңға бастамашылық жасау ойларыңызда жоқ па?

– Өте ұйымшылмыз. Бірге заң жазбасақ та, қоғамда туындаған кез келген мәселеге орай тез арада ортақ чат ашып, көмек ұйымдастыруға тырысамыз. Барлығы да өз саласы бойынша үлкен мектептен өткен іскер, білікті мамандар ғой. Сондықтан бәрі де белсенді, іс тетігін біледі, ең бастысы өз халқының шынайы жанашырлары. Уақытпен санаспай, әрдайым адамдарға материалдық қолдау қажет болса, бірігіп кетеміз. Осыған қуанамын.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»

Орталық Азия – Жапония: жаңа стратегиялық диалог

2025 жылғы 20 желтоқсанда Токио қаласында өткен «Орталық Азия...

Құқықтық мәдениет: ұғымы, құрылымы және қоғамдағы рөлі

Құқықтық мәдениет – құқықтық мемлекеттің негізін құрайтын маңызды қоғамдық...

Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік құбылыс ретінде қоғам үшін қауіптілігі

Сыбайлас жемқорлық – қазіргі қоғамның дамуына елеулі қауіп төндіретін...

Право на свободу ведения предпринимательской деятельности не освобождает от ответственности за коррупцию

Парламент принял Закон, снимающий с руководителей подведомственных организаций –...